Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы

Казахстан в новой глобальной реальности: рост, реформы, развитие Послание Президента Республики Казахстан от 30 ноября 2015 года (PDF 77 Kb)

«Қазақстанның үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк»
Құрметтi қазақстандықтар!

Мен Қазақстан халқына жаңа дәуiр қарсаңында сөз арнап отырмын.

Елiмiз өзiнiң 25 жылдық даму кезеңiнен абыроймен өттi. Бiз елiмiздi мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетiстiктерiмiз туралы Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдық мерейтойында атап өттiк. Оларды бүкiл әлем бiледi және жоғары бағалайды.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшесi болды.

Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесi өтедi. Мұндай өте маңызды әлемдiк деңгейдегi iс-шараны бiз ТМД және Орталық Азия елдерiнiң арасында бiрiншi болып өткiземiз.

Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтiп жатыр. Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелерi қатысуда.

Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетедi.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегi ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттiң қатарына қосылуға тиiс. Бiз осы мақсатқа қарай табандылықпен iлгерiлей беремiз.

Жаһандық бәсекелестiктiң өсуi және әлемдегi тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектiлiгi арта түседi. Бiз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.

«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесiнде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңiнен лайықты өтiп келемiз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында бiз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсiмдi және бизнестi қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкiндiк бердi.

Нәтижесiнде, 2016 жылы бiз iшкi жалпы өнiмнiң 1% өсiмiн қамтамасыз еттiк. Бұл қазiргi күрделi жағдайда айтарлықтай маңызды.

Әлем қарқынды түрде өзгерiп келедi.

Бұл — жаңа жаһандық болмыс, оны бiз қабылдауға тиiспiз.

Қымбатты отандастар!

Болашағын айқындап, сын-қатерлердi күтiп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңiске жетедi.

Әлемде кезектi, Төртiншi өнеркәсiптiк революция басталды.

Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келедi. Бiздiң көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерiстер — әрi тарихи сын-қатер, әрi Ұлтқа берiлген мүмкiндiк.

Бүгiн мен Қазақстанды Үшiншi жаңғырту жөнiнде мiндет қойып отырмын. Елдiң жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ететiн экономикалық өсiмнiң жаңа моделiн құру қажет.

Қазiргi кезде көптеген елдер осындай мiндеттi орындауға ұмтылуда. Өсiмнiң жаңа моделiне көшу тәсiлi әр жерде әр түрлi екенiне сенiмдiмiн. Бiз өзiмiздiң мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылында бiрге қалыптастырған әлеуетiмiздi жоғалтып алмауымыз керек қой.

Қазақстанның Бiрiншi жаңғыруы бәрiмiздiң есiмiзде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде бiздiң буын iргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды.

Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Бiздiң бәрiмiз бiрлесiп, сол кезде елiмiздi күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзелiске ұшыратпағанымыз мен үшiн өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетiстiктерге қол жеткiздi.

Екiншi жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда — Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелi болғаны дау тудырмайды. Елiмiз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегi экономикасы бәсекеге қабiлеттi 50 мемлекеттiң қатарына кiрдi.

Табысты өткен екi жаңғыру арқылы баға жетпес тәжiрибе жинақтадық. Бiз ендi алға батыл қадам басып, Үшiншi жаңғыруды бастауға тиiспiз.

Бұл жаңғыру — қазiргi жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенiмдi көпiр болмақ. Ол Ұлт жоспары — «100 нақты қадам» базасында өткiзiледi.

Мен оның бес негiзгi басымдығын көрiп отырмын. Олар экономиканың әлемдiк өсiмiнiң орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдiң қатарына қарай тұрақты түрде iлгерiлеуге лайықталған.

Бiрiншi басымдық — экономиканың жеделдетiлген технологиялық жаңғыртылуы.

Бiз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиiспiз. Бұл — маңызды кешендi мiндет.

Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильдi банкинг, цифрлық қызмет көрсету секiлдi денсаулық сақтау, бiлiм беру iсiнде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазiрдiң өзiнде дамыған елдердiң экономикаларының құрылымын өзгертiп, дәстүрлi салаларға жаңа сапа дарытты.

Осыған орай, Үкiметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзiрлеудi және қабылдауды тапсырамын.

Бiздiң заңнамамызды жаңа жағдайға бейiмдеу керек.

Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетiмдiлiктi де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпiн бередi. Сондықтан Үкiмет IТ саласын дамыту мәселесiн ерекше бақылауда ұстауға тиiс.

Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндiрiске тезiрек енгiзу болып саналады.

Үкiметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бiрiнiң базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркiн құруды тапсырамын. Ол әлемнiң барлық елiнен кәсiпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиiс. Бұл үшiн тиiстi инфрақұрылым және салық жеңiлдiктерiн, оңайлатылған виза мен еңбек режiмiн қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.

Бiз жоғары оқу орындары, Назарбаев Университетi және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркi базасында өзiмiздiң ғылыми және инновациялық әлеуетiмiздi дамытуымыз керек.

Екiншi кешендi мiндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлi базалық салаларды дамытуға серпiн беруiмiз керек.

Бұл — өнеркәсiп, агроөнеркәсiптiк кешен, көлiк пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар.

Бiрiншi. Еңбек өнiмдiлiгiн айтарлықтай арттыру керек.

Бұл жердегi негiзгi фактор Төртiншi өнеркәсiптiк революция элементтерiн жаппай енгiзу болуға тиiс.

Бұл — автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәлiметтер» алмасу, тағы басқа мiндеттер.

Үкiметке бизнес өкiлдерiмен бiрге 2025 жылға дейiн базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешендi шараларын әзiрлеудi тапсырамын.

Екiншi. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабiлеттi экспорттық өндiрiстi дамытуды көздейтiн индустрияландыруды жалғастыру керек.

Үкiмет алдында қазiрдiң өзiнде 2025 жылға қарай шикiзаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту мiндетi тұр.

Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшiн экспортты дамыту мен iлгерiлету тетiктерiн бiр ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бiр терезе» қағидаты бойынша өңiрлерде де қолдау көрсету керек.

Үкiмет жанынан Экспорт саясаты жөнiндегi кеңес құруды тапсырамын. Оған бизнес қоғамдастығының өкiлдерi кiруге тиiс.

Биылғы 1 қыркүйекке дейiн Үкiмет әкiмдермен және бизнес өкiлдерiмен бiрлесiп, Бiрыңғай экспорт стретегиясын әзiрлеуi керек.

Қазақстан шетел инвестицияларын тарту iсiндегi көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиiс.

Бiз тауар өндiру мен өткiзу, қызмет көрсету iсiн жаһандық желiге бейiмдеуiмiз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.

Қазақстанда өндiрiстер ашу жөнiндегi Қытаймен бiрлескен инвестициялық бағдарламаны тиiмдi жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткiзiлдi. Нысандар белгiлендi. Нақты жұмыс iстеу қажет.

Бұл қазақстандықтар үшiн 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндiрiс болмақ. Қазiр 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба iске қосылды. Соның бiрi — гибридтiк және толықтай электрлi JAC автомобильдерiн iрi құрылғылардан құрастыратын зауыт.

Қажеттi инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескерiп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндiрiсiн одан әрi дамыту мәселесiн пысықтауды тапсырамын.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиiс. Үкiмет оны биылғы 1 қыркүйекке дейiн әзiрлеуi керек.

Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделердi қорғап, iлгерiлету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ iшiнде Жiбек жолы Экономикалық белдеуiмен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшiн экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.

Үшiншi. Экономикалық өсiмнiң тұрақтылығы үшiн елдiң тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендерi өзiнiң стратегиялық маңызын сақтауға тиiс.

Әлемдiк сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнiм жеткiзу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикiзаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиiс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсендi жүргiзу керек.

Бұл салаларды одан әрi дамыту iсi шикiзатты кешендi түрде қайта өңдеудi тереңдете түсумен берiк ұштастырылуы тиiс.

Жыл соңына дейiн Жер қойнауы туралы жаңа кодекстi қабылдап, салық заңнамаларына қажеттi өзгерiстер енгiзудi тапсырамын.

*****

Төртiншi. Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверiне айналуы керек.

Қазақстанның агроөнеркәсiп кешенiнiң болашағы зор.

Көптеген позициялар бойынша бiз әлемде iрi аграрлық экспорттық өнiм өндiрушiлердiң бiрi бола аламыз. Бұл, әсiресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» брендi сондай өнiмдердiң эталоны болуға тиiс.

Сонымен қатар, астық өнiмдерi бойынша бiз Еуразияда «нан кәрзеңкесi» болуымыз керек. Шикiзат өндiрiсiнен сапалы өңделген өнiм шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана бiз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабiлеттi бола аламыз.

Осы мақсаттарға қол жеткiзу үшiн Үкiмет пен әкiмдерге мынадай тапсырмалар беремiн:

бiрiншiден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, бiртiндеп өнiмдi сақтандыруға көшу қажет;

екiншiден, бес жыл iшiнде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлердi кооперативтерге тартуға мүмкiндiк беретiн жағдай жасау керек;

үшiншiден, өнiмнiң өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткiзудiң тиiмдi жүйесiн құру қажет;

төртiншiден, еңбек өнiмдiлiгiн белсендi түрде арттырып, өндiрiс шығындарын төмендету керек;

бесiншiден, жердi пайдалану тиiмдiлiгiн арттыруға тиiспiз. Суармалы егiс алаңын 5 жыл iшiнде 40%-ға кеңейтiп, 2 миллион гектарға жеткiзу қажет;

алтыншыдан, өндiрiсте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемiн арттыру керек.

Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлiк тауары экспортын 40%-ға көбейтудi тапсырамын.

Бұл мiндеттер агроөнеркәсiп кешенiн дамытудың жаңа мемлекеттiк бағдарламасы аясында iске асырылуы қажет.

*****

Бесiншi. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту — маңызды басымдықтардың бiрi.

Оған қазiрдiң өзiнде қомақты инвестиция жұмсалды. Ендi одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет.

Үкiметке 2020 жылға қарай транзиттiк тасымалдың жылдық көлемiн:

- контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшiн 7 есе — 2 миллион контейнерге дейiн;

- жолаушыларды әуе көлiгiмен тасымалдауды 4 есе — 1,6 миллион транзиттiк жолаушыға дейiн арттыруды тапсырамын.

Транзиттiк тасымалдаудан түсетiн табысты 5,5 есе — жылына 4 миллиард долларға дейiн көбейту қажет.

2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл iшiнде бағдарлама өзiн толық ақтады.

Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргiзiледi. Жыл соңына дейiн соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға берiлiп, кезең-кезеңiмен ақылы жүйе енгiзiледi.

Елiмiздiң көлiк және транзит әлеуетiн толық ашу үшiн көршi елдермен үйлесiмдi iс-қимыл қажет. Жүктердiң еркiн транзитiн, көлiк дәлiздерiн құру мен оларды жаңғырту iсiн қамтамасыз ету керек. Көлiк инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейiн арттыруға және әкiмшiлiк кедергiлердi жоюға ерекше көңiл аудару қажет.

Транскаспий дәлiзi бойынша тасымалдау көлемiнiң ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екiншi кезеңi — автомобиль өткелi құрылысын iске асыруға кiрiсу қажет.

Алтыншы. Урбанизация үдерiсi құрылыс секторын дамыту қажеттiгiн алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверiне айналуға тиiс.

Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, бiз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейiн сыртқы және технологиялық келбетiн айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндiру саласына да жаңа технологияларды енгiзу керек. Ол үшiн бiзде қазiр жақсы мүмкiндiктер бар.

Менiң тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы iске асырыла бастайды. Ол аса маңызды мiндеттi орындауға — алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешендi шаралары көрiнiс тапқан. Соның бiрi — «Даму» акционерлiк қоғамы арқылы мемлекеттiң субсидия беруi есебiнен құрылыс салушылар үшiн банк несиесiн арзандату. Тұрғындар үшiн «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлiк қоғамы арқылы банктер беретiн ипотекалық несиенi субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» салымшылары үшiн әкiмдiктердiң несиелiк тұрғын үй салуы жалғасады. Оған iлгерiде бөлiнген қаржы «револьвер» қағидаты бойынша қайта пайдаланылады.

Әкiмдiктер халықтың әлеуметтiк әлсiз топтары үшiн сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй бөлу iсiн дамыта беретiн болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшiн әкiмдер тиiстi жер телiмдерiн бөлуге тиiс.

Бiз қалаларда жеке тұрғын үйлердiң бiрыңғай сәулет стилiнде салынуына мән беретiн боламыз. Бұл үшiн мемлекет қажеттi инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетедi.

Үкiмет әкiмдермен бiрлесiп, үлкен қалалардың iргелес орналасқан елдi мекендермен көлiк байланысын дамыту жөнiнде шаралар қабылдауы қажет.

Үшiншi кешендi мiндет — еңбек нарығын жаңғырту.

Жаңа технологиялардың енгiзiлуiне байланысты дәстүрлi салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бiрге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсiрудiң қосымша мүмкiндiгi болуға тиiс.

Үкiмет пен әкiмдерге еңбеккерлердiң басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшiн жағдай жасауды тапсырамын.

Бiздiң iрi кәсiпорындар әкiмдiктермен бiрлесе отырып, тиiстi жол карталарын әзiрлеуi керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрi қарай жұмыспен қамту үшiн бiрлесiп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күшi бар өңiрлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшiн ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.

Үкiмет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкiл елдi мекендерде бiрыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет.

Екiншi басымдық — бизнес-ортаны түбегейлi жақсарту және кеңейту.

Бiздiң стратегиялық мақсатымыздың бiрi — елдiң iшкi жалпы өнiмiндегi шағын және орта бизнестiң үлесi 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.

Бұл — өте өршiл мақсат, бiрақ оған қол жеткiзуге болады. Оны орындау үшiн қазiргi кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.

Бiрiншi. Менiң тапсырмам бойынша Үкiмет биылдан бастап Нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасын iске асыруға кiрiсiп кеттi.

Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесiн жүргiзу үшiн ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейiн шағын несие ала алады.

Шағын несие беру аясын кеңейтiп, кәсiпкерлерге кепiлдiк жасау және қызмет көрсету тетiктерiн белсендi пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргiзу және қаржылық сауаттылыққа үйрету iсiн ұйымдастырумен қатар атқару керек.

Жаппай кәсiпкерлiктi қолдау тетiктерiн одан әрi жетiлдiру керек. Қазақстанның әр өңiрi жаппай кәсiпкерлiктi, соның iшiнде отбасылық кәсiпкерлiктi дамыту бағытында кешендi шаралар ұсынуға тиiс.

Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны — бұрынғыша Үкiмет пен әкiмдер қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың негiзгi критерийiнiң бiрi болмақ.

Екiншi. Үкiмет «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасымен (ҰКП) бiрлесiп, бизнестiң барлық шығынын жаппай азайту жөнiнде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсiресе энергетика, көлiк және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты.

Мемлекеттiк қызметтер көрсету үдерiсi мейлiнше оңтайландырылуға тиiс. Құжаттардың мерзiмi мен тiзбесiн қысқартып, қайталанатын рәсiмдердi жою керек. Бұл орайда адамның өзiнiң баруын қажетсiнбейтiн толық электрондық форматқа көшiру керек.

Сондай-ақ, бизнестiң қазiргi қолданыстағы реттеушiлiк жүктемесi өсiмнiң жаңа моделiн жасау мiндетiмен үйлеспейдi.

Үкiмет пен әкiмдерге биылғы 1 шiлдеге дейiн бизнестi қайта реттеу жөнiндегi жүйелi шаралар әзiрлеу мiндетiн жүктеймiн.

Дамыған елдердiң озық стандарттары мен тәжiрибесiн енгiзу керек.

Бұл жұмысты әсiресе өңiрлiк деңгейде атқару маңызды.

Әкiмдер Үкiметпен бiрлесiп, Дүниежүзiлiк банк рейтингi негiзiнде өңiрлерде бизнес жүргiзу үшiн жағдайды жақсарту жөнiнде нақты жоспарлар әзiрлеу керек.

Елiмiзде бизнес жүргiзудi жеңiлдету жөнiнен өңiрлер мен қалалар рейтингiн енгiзу қажет. Бiз үздiктер үшiн арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бiр рет, Индустрияландыру күнiнде табыс етемiз.

Үшiншi. Мемлекеттiң экономикадағы үлесiн iшкi жалпы өнiмнiң 15%-ына дейiн, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерi деңгейiне дейiн төмендету экономикалық өсiмге тың серпiн беруге тиiс.

Бұдан бұрын 2020 жылға дейiн жекешелендiрiлетiн 800-ге жуық кәсiпорынды қамтитын тiзбе жасалған болатын. Тиiстi жұмыстар атқарылуда.

Үкiметке сол тiзбедегi кәсiпорындарды жекешелендiрудi тездетiп, оны 2018 жылдың соңына дейiн аяқтауды тапсырамын.

Iрi компанияларымызды IРО-ға дайындау және оған бейiмдеу iсiн де жеделдету керек. Yellow Pages қағидаттарын енгiзу мемлекет үшiн экономикадағы қызмет түрлерiн 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкiндiк бердi.

Келесi кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтiн мемлекет меншiгiндегi барлық кәсiпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейiн жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсiпорындар саны бiрнеше мың болады.

Әрбiр бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжiрибесi бұдан былай тоқтатылуға тиiс.

Жекешелендiрудiң жариялылығы мен тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мемлекеттiк холдингтер рөлiн қайта қарастыру керек.

Үкiметке «Самұрық-Қазына» холдингiн сапалы түрде трансформациялау iсiн жүзеге асыруды тапсырамын.

Басқарушылық және өндiрiстiк бизнес үдерiстерiн толық ревизия мен оңтайландырудан өткiзу қажет. Нәтижесiнде ол тиiмдiлiгi жоғары, жинақы және кәсiби холдингке айналуға тиiс. Менеджмент пен корпоративтi басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткiзу керек.

Мемлекетке қандай маңызды секторларда, қатысу үлесiнiң қандай мөлшерiмен және не қалдыратынымызды нақты анықтап алуымыз керек.

Табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар, соның iшiнде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды iске асыру мiндетiн мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативтi нәтиже беруге тиiс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерiн де қайта құру қажет. Олар мемлекеттiк даму бағдарламаларын iске асыру жөнiндегi операторлар болуға тиiс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенiң барлығы бизнеске берiлуi қажет.

Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк емес қаржы көздерi арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек.

Төртiншi. Кәсiпкерлiктi дамытуға мемлекет-жекеменшiк серiктестiгi аясын кеңейту зор мүмкiндiк бередi. Бұл жерде әңгiме бiрқатар мемлекеттiк қызметтер көрсету мiндетiн бизнеске беру iсiне қатысты болып отыр.

Бiзде қазiрдiң өзiнде оларды мектепке дейiнгi бiлiм беру iсiне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшiк сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшiк балабақшалардың ең көбi Оңтүстiк Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.

Мен үшiн осы сектордағы мемлекет-жекеменшiк серiктестiгiнiң үлгiсi өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық мiндеттердiң бiрi — 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейiнгi бiлiм берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесiн мемлекет пен бизнес бiрлесе шешiп отырғанын көрсетедi.

Мемлекет-жекеменшiк серiктестiгiн дамыту әкiмдердiң нақты және кәсiби жұмысына байланысты.

Жекеменшiк капитал тарту үшiн мемлекет-жекеменшiк серiктестiгiнiң ықтимал барлық түрi мен нысанын пайдалану қажет. Олар — мемлекеттiк мүлiктi сенiмдi басқару, қызмет көрсету келiсiмшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келiсiмнiң барлық рәсiмдерiн, әсiресе шағын жобаларға қатысты рәсiмдердi мейлiнше жеңiлдету және жеделдету қажет.

Мемлекет-жекеменшiк серiктестiгi инфрақұрылымды, соның iшiнде әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытудың негiзгi тетiгiне айналуға тиiс.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшiн бұдан әрi жекешелендiру мүмкiндiгiн қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қажет. Үкiмет бiр орынды шиырлай берудi доғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу керек.

Бесiншi. Баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет.

Үкiметке «Атамекен» ҰКП-мен бiрлесiп, бәсекелестiкке кедергi келтiретiн нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырамын.

Үшiншi басымдық — макроэкономикалық тұрақтылық.

Мұндағы басты мiндет — ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлiн қалыпқа келтiру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшiк капитал тарту.

Бiрiншi. Бүгiнде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режiмiн дамыту жөнiндегi маңызды мiндет тұр. Орта мерзiм iшiнде инфляция деңгейiн кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейiн төмендетуге қол жеткiзуiмiз керек.

Екiншi. Елiмiздiң қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.

Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтiру жөнiнде шаралар кешенiн әзiрлеудi тапсырамын. Банктердiң балансын тиiмсiз несиелерден арылту жұмысын жеделдетiп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердiң ахуалына жедел бақылау орнату үшiн Ұлттық банкке көбiрек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердiң қателiк жiберуiн күтпей, оларға ықпал ететiн шаралар қабылдау үшiн формальдi көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтiн қадамдарға көшуге тиiс.

Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершiлiгiн арттырып, акционерлердiң ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрiн заңнамалық деңгейде бекiту керек.

Экономикадағы қаражат жетiспеушiлiгi және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткiлдерiн шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкiметке теңге түрiнде қолжетiмдi орта және ұзақ мерзiмге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнiнде кешендi шаралар қабылдауды тапсырамын.

Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкiметпен бiрге экономиканың өсуi үшiн де жауапты болуға тиiс.

Үшiншi. Қор нарығын одан әрi дамыту.

Жекешелендiру оның дамуына серпiн беруге тиiс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлi бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкiндiгiн одан әрi арттыру қажет.

Бiз 2016 жылдың соңында заңдастыру науқанын аяқтадық. Оған елiмiздiң 140 мыңнан астам азаматы қатысты. Нәтижесiнде 5,7 триллион теңге, оның iшiнде қаражат түрiнде 4,1 триллион теңге заңдастырылды.

Үкiметтiң мiндетi — бұл қаражаттың экономикаға, соның iшiнде жекешелендiруге қатысу арқылы пайда беруiн қамтамасыз ету. Сонымен бiрге, Қазақстанның жекеменшiк кәсiпорындарының облигация шығарылымдарын субсидиялау мәселесiн пысықтау қажет.

Үкiметке Ұлттық банкпен бiрлесiп, отандық қор нарығын жандандыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырамын.

Келесi шешушi мiндет — салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейiмдеу.

Бiрiншi. Бюджет шығыстарының тиiмдiлiгiн түбегейлi арттыру қажет.

Бiз 2017 жылы мемлекеттiк даму бағдарламаларын қажеттi ресурстармен толықтай қамтамасыз еттiк. Министрлiктер мен ведомстволардың қаражатты игеруiнiң тиiмдiлiгiн тексеру қажет.

Республикалық бюджеттiң 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Бiлiм және ғылым министрлiктерiнен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын.

Тиiмсiз бағдарламалардың қаражатын Үшiншi жаңғырту мiндеттерiн iске асыруды қамтамасыз ететiн бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезiрек әрi тиiмдiрек жеткiзу үшiн бюджеттiк рәсiмдердi жеңiлдеткен жөн.

Бiз фискалдық орталықсыздандыру саясатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергiлiктi жерлерге көптеген функциялар мен өкiлеттiктер берiлдi. Ендi олардың жеткiлiктi қаржылық дербестiгiн бекемдей түсу қажет. Сонымен бiрге, қаржы шығысы жөнiндегi өкiлеттiктердiң облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрi қарай аудандық және ауылдық жерлерге беру керек. Әкiмдер өңiрлiк және жергiлiктi маңызы бар мәселердi шешуге тиiс, ал Үкiмет жалпымемлекеттiк мәселелерге ден қоюы қажет.

Екiншi. Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн.

Ұлттық қордан алынған кепiлдендiрiлген трансферт көлемi 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиiс.

Салық саясатын бизнестiң «көлеңкеден» шығуына бейiмдеп, шикiзаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазiргi салық жеңiлдiктерiн оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режiмiн жаңаша қарастыру керек.

Салықтық әкiмшiлендiру тетiктерi жетiлдiрудi талап етедi. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар.

Үшiншi. Үкiмет квазимемлекеттiк сектордың сыртқы және iшкi қарыздарына мониторинг жүргiзу мен бақылау жасау жүйесiн қалыптастырып, онда тәртiп орнату керек.

*****

Төртiншi басымдық — адами капитал сапасын жақсарту.

Бiрiншi. Ең алдымен, бiлiм беру жүйесiнiң рөлi өзгеруге тиiс. Бiздiң мiндетiмiз — бiлiм берудi экономикалық өсудiң жаңа моделiнiң орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабiлетiн және өз бетiмен iздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.

Сонымен бiрге, IT-бiлiмдi, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңiл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептерi арасындағы бiлiм беру сапасының алшақтығын азайту қажет.

Үкiметке тиiстi ұсыныстар берудi тапсырамын.

Атап айтқанда, үш тiлдi оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесi бойынша ұсыныстар әзiрленсiн.

Қазақ тiлiнiң басымдығы сақталады. Оның әрi қарай дамуына зор көңiл бөлiнедi. Сонымен қатар, бүгiнде ағылшын тiлi — жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тiлi. Қазiргi кезде 90% ақпарат ағылшын тiлiнде жарияланады. Әрбiр екi жыл сайын олардың көлемi 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тiлiн меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.

2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбiр пәндердi ағылшын тiлiнде оқытатын боламыз. Бұл мәселенi тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.

Мектептердiң және мұғалiмдердiң деңгейi, әсiресе ауыл мен қалада әртүрлi. Бiлiктi педагогтардың жетiспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескерiп, ағылшын тiлiн кезең-кезеңмен енгiзуiмiз керек.

Тиiстi ұсыныстар берудi тапсырамын.

Менiң бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегiн кәсiптiк-техникалық бiлiм беру» жобасы iске асырыла бастады.

Тегiн оқытумен ең әуелi жұмыссыз және өзiн өзi тиiмсiз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсiптiк бiлiмi жоқ ересек адамдар қамтылуы тиiс. Кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндiрiстер үшiн мамандар дайындауға ден қою керек.

Ол үшiн кәсiптiк стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздiк әлемдiк оқу-өндiрiстiк тәжiрибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.

Сонымен қатар, жоғары бiлiм беру жүйесi сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейiне, бiлiм беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтiлуi қажет.

*****

Екiншi. Бiлiм беру жүйесiмен қатар денсаулық сақтау жүйесi де өзгеруге тиiс.

Биылғы 1 шiлдеден мемлекеттiң, жұмыс берушiлердiң, азаматтардың ортақ жауапкершiлiгiне негiзделген мiндеттi медициналық сақтандыру жүйесi (ММСЖ) енгiзiле бастайды. Бұл жүйенiң тиiмдiлiгi әлемдiк тәжiрибе арқылы дәлелденген.

Медициналық сақтандыру жүйесiне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтiк әлсiз топтарының қатысуына мемлекеттiк қолдау көрсетiледi.

Үкiмет қажеттi деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестiктi дамыту үшiн жеке меншiктегi медицина мекемелерiне ММСЖ жүйесi аясында тең жағдай туғызу керек.

Үкiметке және әкiмдерге кең ауқымды ақпараттық-түсiндiру жұмысын жүргiзудi тапсырамын.

Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрi-дәрмектiң бағасын реттеудi енгiзу қажет.

Үшiншi. Әлеуметтiк қамтамасыз ету саласына қатысты.

Менiң тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шiлдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшiн зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейiн арттырылады.

Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шiлдеден бастап жаңа әдiстеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемi зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлiне байланысты белгiленедi.

Осы өсiмнiң барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерiн 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкiндiк бередi.

Елiмiзде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл — 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлiк жоғары. Мұндай жақсы үрдiстi алдағы уақытта да сақтау керек.

Менiң тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шiлдеден бастап бала туғанда берiлетiн бiр реттiк жәрдемақы көлемi 20%-ға өсiрiледi.

Ең төменгi күнкөрiс шегiн де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиiс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берiлетiн атаулы көмек пен жәрдемақы көлемiн 3 миллион адам үшiн өсiруге мүмкiндiк бередi.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтiк көмек көрсету шегiн ең төменгi күнкөрiс шегiнiң 40%-ынан 50%-ға дейiн өсiрiп, оның жаңа форматын енгiзу керек. Бұл ретте жұмыс iстеуге қабiлеттi адамның бәрi тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиiс.

Бесiншi басымдық — институционалдық өзгерiстерге, қауiпсiздiкке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.

Бiрiншi. Үкiмет үшiншi жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжiрибелерi мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиiс.

Екiншi. Бiз жеке меншiктi қорғауға, құқық үстемдiгiне және баршаның заң алдында теңдiгiн қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргiзудемiз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Үкiметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бiрлесiп, жеке меншiк құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкiл заңнама ревизиясын жүргiзудi тапсырамын.

Сонымен қатар, әкiмшiлiк және қылмыстық заңнаманы iзгiлендiрген жөн. Әкiмшiлiк айыппұлдар әдiлеттi және құқық бұзу деңгейiне сәйкес болуға тиiс.

Кәсiпкерлiк саласында құқық бұзғаны үшiн салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрi жүргiзе беру керек. Қоғамға қауiптiлiгi жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек.

Сот жүйесiне деген сенiмнiң артуына қол жеткiзу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды.

Үшiншi. Қауiпсiздiк ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттiң өлшемiне айналып келедi.

Қазiргi заманда адамзат терроризмнiң белең алуымен бетпе-бет келiп отыр. Бұл ретте деструктивтi күштердi қаржыландыратындарға, шетелдiк террористiк ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргiзу iсi негiзгi мәселе болып саналады.

Дiни экстремизмдi насихаттаудың алдын алу, әсiресе интернет пен әлеуметтiк желiде оның жолын кесу жұмысын жүргiзу керек. Қоғамда, әсiресе, дiни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушiлiктi» қалыптастыру керек.

Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерiнiң мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиiс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершiлiк рухында тәрбиелеу үшiн қосымша қадамдар жасау керек.

Бұл iске мемлекеттiк емес секторды және дiни бiрлестiктердi белсендi түрде тарту қажет.

Осы шараның бәрi менiң тапсырмам бойынша әзiрленiп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Дiни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламада ескерiлуге тиiс.

Киберқылмыспен күрестiң өзектiлiгi барған сайын арта түсуде.

Үкiмет пен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесiн қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.

Төртiншi. Бiз елдегi сыбайлас жемқорлық деңгейiн төмендету бағытында елеулi қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбiне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.

Сыбайлас жемқорлықтың себептерi мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет.

Маңызды мәселенiң бiрi — сатып алу саласын жетiлдiру.

Үкiметке мемлекеттiк сатып алу жүйесiн орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгiзудi тапсырамын.

Квазимемлекеттiк секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткiзу әдiстерiн түбегейлi қайта қарастыру керек.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкiл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтiк желiнiң, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруi күрестiң қуатты құралына айналуға тиiс.

Құрметтi қазақстандықтар!

Осы Жолдау арқылы елiмiздiң әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөнiндегi өз көзқарасымды жеткiзгiм келдi.

Үкiметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елдi үшiншi жаңғырту жөнiндегi 2025 жылға дейiнгi дамудың стратегиялық жоспарын әзiрлеудi тапсырамын.

Бiзде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елiмiздi одан әрi жаңғырту жөнiндегi мiндеттердi орындаудан басқа жол жоқ.

Бiздiң ұлы халқымыз бiрегей тарихи мүмкiндiктi толықтай пайдалана алатынына сенемiн.

Қымбатты достар!

Қазақстан — жас, көп ұлтты, болашағына сенiмдi және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Бiз тәуелсiз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттiк. Алдағы 25 жылда бұдан да биiк белестер күтiп тұр.

Мемлекет құру жолында теңдессiз, мол тәжiрибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенiмдiмiн. Бiздiң басты күшiмiз — бiрлiкте.

Қазақстанды кейiнгi ұрпақ үшiн бұдан да өсiп-өркендеген елге айналдырамыз!

30 қараша 2015
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2015 жылғы 30 қараша

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА:

ӨСIМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ

Қазақстан Республикасының Президентi — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметтi Парламент депутаттары мен

Үкiмет мүшелерi!

Ханымдар мен мырзалар!

Санаулы күндерден кейiн бiз азаттық туын желбiретiп, Тәуелсiз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл — тәуелсiздiктi нығайту жолындағы өлшеусiз еңбегiмiздiң ширек ғасырлық белесiн қорытындылайтын мерейлi сәт. Тәуелсiздiктi баянды ету оған қол жеткiзуден де қиын. Мемлекеттiгiмiздiң тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшiн бiзге әлi талай өткелi күрделi, өкпегi көп бұралаң жолдардан өтуге тура келедi.

Заманның беталысын өздерiңiз көрiп отырсыздар. Аса күрделi, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлерi мен тың мүмкiндiктерi қатар өрбiген жаһандық ахуал бiздiң көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердiң текетiресi мен өзара санкциялар алмасу дүниенi тұйыққа қарай бастауда. Бiздiң басты экспорттық өнiмдерiмiздiң дүниежүзiлiк нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгiнгi ахуал — бiздiң жетiстiктерiмiздi сынға салып, елдiгiмiздi шыңдай түсетiн уақыт тезi. Жауапты сәтте бiрлiгiмiздi сақтап, елiмiздiң игiлiгi үшiн аянбай тер төгуiмiз керек. Бiрiмiз — бәрiмiз үшiн, бәрiмiз — бiрiмiз үшiн деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиiспiз.

Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар — уақыт талабына бейiмделе алатын жоспар. Бiз де заманның беталысына қарай межелерiмiздi белгiлеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Бiздiң мақсатымыз — елi бақытты, жерi гүлденген қасиеттi Отанымыз Қазақстанды «Мәңгiлiк Ел» ету! Әлемдегi ең дамыған 30 мемлекеттiң қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйiстiру. Бiз бұл мақсатымызға мiндеттi түрде жетемiз. Мен бүгiн жаңа қатерлерi мен тың мүмкiндiктерi қатар өрбiген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына Жолдауымды жария етпекпiн.

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметтi Парламент депутаттары, Үкiмет мүшелерi!

Ханымдар мен мырзалар!

Бiрнеше күннен кейiн тарих ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығының есебiн бастайды. Небәрi ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдiк отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретiнде қалыптасты. Бiз бәрiмiз бiрге көптеген сынақтарға төтеп бердiк, шынықтық және нығайдық. Бiз өзiмiздiң бүкiл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткiздiк. Бiздiң халқымыз бұған дейiн ешқашан бүгiнгiдей жақсы өмiр сүрген емес. Бiз көп нәрселерге қол жеткiздiк.

Қазiр әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуiр туып келедi. Бiздiң көз алдымызда өзгеше мүмкiндiктерi мен тәуекелдерi бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгiнде Қазақстан экономикасына әлемдiк рыноктардағы құлдырау туындатқан бiрқатар сыртқы факторлар терiс әсерiн тигiзуде. Жаһандық дағдарыстардың шығу төркiнi бiздерге байланысты емес. Жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкiм де сақтанып қала алмайды.

I. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлерi

Бүгiнде бiзге де әлем дамуының бүкiл сын-қатерлерiн көре бiлудiң маңызы зор.

Бiрiншiден, қазiргi жаһандық дағдарыс жаппай қамту сипатына ие. Iс жүзiнде барлық әлемдiк рыноктар — қаржы, көмiрсутегi, металдар, азық-түлiк және басқа да рыноктар тұрақсыз. Бiздiң экспорттық өнiмдерiмiзге сұраныстың төмендеуiнiң негiзгi себебi де осында.

Екiншiден, әлемнiң барлық экономикаларында да экономикалық өсiмнiң баяулауы байқалуда. Бүгiнде жаһандық IЖӨ өсiмiнiң үнемi төмендеуi жөнiндегi болжамдар ешкiмдi де таңқалдырмайды. 2011 жылдың күзiнен бастап Халықаралық валюта қоры оларды 5-тен 3 пайызға дейiн төмендете отырып, болжамдық көрсеткiштердi 6 рет қайта қарады. Және, шамасы, бұл да шек емес сияқты.

Үшiншiден, бүгiнде мұнайдан түсетiн супертабыстар жоқ.

Төртiншiден, жаһандық экономика саяси факторлардың қысымын сезiнуде. Әлем тұрақсыз бола түстi. Жетекшi державалар бiр-бiрiне қарсы санкциялар енгiздi. Олардың арасындағы сенiм күрт төмендеп кеттi. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстiк және Орталық Африка өңiрiндегi тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбiр күн террорлық актiлер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткiзуде. Бүгiнде халықаралық терроризм әлемге елеулi қатер төндiрiп тұр. Бұл тәуелсiз мемлекеттердiң iшкi iстерiне сыртқы күштердiң араласуы жолымен мемлекеттiлiктiң күйреуiнiң нәтижесi.

Әлемнiң дамуы күштердiң әлемдiк және өңiрлiк орталықтарының арасындағы қатаң бәсекелестiк аясында жүретiн болады. Жаңа жаһандық өмiр шындығының сын-қатерлерiне бiз өзiмiздiң нақты мүмкiндiктерiмiз негiзiндегi бiртұтас iс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек.

II. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкiндiктерi

Жаһандық дағдарыс — ол тек қауiп қана емес, сонымен бiрге жаңа мүмкiндiктер. Әлемдiк ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңiнде сәттi компанияларға айналды. Iс жүзiнде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткiзген елдердiң бәрi тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Бiздiң Қазақстанның өзi де дағдарыс дәуiрiнде өмiрге келдi. Алғашқы онжылдықта — Тәуелсiздiктiң қалыптасуының ең қиын кезеңiнде — бiз негiзiнен «мұнайсыз» өмiр сүрдiк. Тәуелсiз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. Бiз Тәуелсiздiгiмiздi жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бiрiншi жартысы бiз үшiн қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндiрiс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмiр сүруге қажеттi қаржысыз қалды. Бiз лайықты түрде, әрбiр қадам сайын ол дағдарысты еңсере бiлдiк. Бiздiң елiмiз өзгерiстердiң алғашқы нәтижелерiн ендi ғана сезiне бастаған сәтте 1997-1998 жылдардағы Оңтүстiк-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысы келiп жеттi.

Сол уақыттары қабылданған стратегиялық шешiмдер мен iс-қимылдар маңызды оң сипатты мәнге ие болды. Ол кең ауқымды жекешелендiру мен бiздiң экономикамызға көптеген трансұлттық компаниялардың келуi. Сол кезеңде бiз жаңа елордамыз — Астананың құрылысын қолға алдық, Каспий құбырлы өткiзгiш консорциумы жұмыс iстей бастады, «Қазақстан-2030» Стратегиясы бастау алды. 2007-2009 жылдардағы дүниежүзiлiк қаржы дағдарысы туындаған кезде Ұлттық қор құру туралы шешiмнiң маңыздылығы мейлiнше айқын бола түстi. 20 миллиард доллардай — Қазақстан IЖӨ-сiнiң 14 пайызы — жұмыспен қамтуды қолдауға, жолдарды жөндеуге және салуға, қалалар мен ауылдарды көрiктендiруге бөлiндi. Банк секторы, шаруа қожалықтары, шағын және орта бизнес көмекке қол жеткiздi. Арам ниеттi құрылыс салушыларға алданған мыңдаған үлестiк құрылысқа қатысушылар мемлекеттiң iзгiлiктi ерiк-жiгерiнiң арқасында жаңа тұрғын үйлер алып шықты.

Бiз дағдарысқа қарсы екi жоспарды әзiрлеп, дәйектiлiкпен жүзеге асырдық. Бұл бiздiң экономикалық қиындықтарды еңсерудегi зор да табысты тәжiрибемiз. Қазiргi жаһандық дағдарыс бiздiң басымызға күтпеген жерден келiп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келiп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр.

Бiрiншiден, бiз қазiрдiң өзiнде индустриялық-инновациялық дамудың екiншi бесжылдығын бастадық, яғни шикiзат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз.

Екiншiден, бiз «Нұрлы Жол» Мемлекеттiк инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қабылдадық. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды аспектiсi ұлттық валютамыз теңгенiң еркiн бағамға көшуiне байланысты болды.

Үшiншiден, бiз «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Парламент Ұлт жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету үшiн жұмыс iстеуде. Олар 80-нен астам заң. Олар бiз жоспарлағандай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс iстей бастайды. Шағын және орта кәсiпкерлiк үшiн әкiмшiлiк кедергiлер жойылуда, мемлекеттiк басқару, бiлiм беру мен денсаулық сақтау жетiлдiрiлуде. Осы шаралардың бәрi де мемлекетке, қоғамға бiздiң экономикамызға қосымша төзiмдiлiк бередi.

Төртiншiден, бiз қажеттi мемлекеттiк қор мен алтын-валюта резервiн жинақтадық.

Бесiншiден, менiң тапсырмам бойынша, бұған дейiн мен айтқандай, мұнай бағасы баррельiне 30-ға дейiн және 20 долларға дейiн төмендеген жағдайларға ойластырылған iс-қимылдар нұсқасы әзiрлендi.

Алтыншыдан, Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңберiнде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсiмнiң драйверлерiне айналуда. Көптеген өңдеушi салалар өсiм көрсетiп отыр. Бес жылда өңдеу өнеркәсiбi 1,3 есе, химия өнеркәсiбi мен құрылыс материалдары өндiрiсi 1,7 есе өстi. Машина жасау өнiмдерiн шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. 800-ден астам индустриялық жобалар жүзеге асырылды. Биылғы жылы металлургия өнеркәсiбi бiрден 15 пайызға, химия өнеркәсiбi 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнiмдер өндiрiсi 3,2 пайызға, киiм-кешек 4 пайызға өстi. Дүниежүзiлiк банк пен Азия даму банкi Қазақстан үшiн 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр.

Жетiншiден, қазақстандықтардың экономикалық мiнез-құлықтары өзгеруде. Еңбек өнiмдiлiгiнiң 60 пайыздан астамға артқаны байқалып отыр.

* * *

Бiздiң халқымыз ешқашан бүгiнгiдей бақуатты тұрмыс кешiп көрген жоқ. Тәуелсiздiк алғаннан берi 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам бiлiм беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгiдегi құралдармен жабдықтадық. Аса күрделi операцияларды өз елiмiзде, өз дәрiгерлерiмiз жасайтын жағдайға жеттiк. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуi, санының өсуiнiң нәтижесiнде қазақстандықтардың орташа өмiр ұзақтығы 72 жасқа жуықтады.

Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтiк мiндеттемелерiн шашау шығармай орындап келедi. Тарихымызды түгендеп, мәдениетiмiздi өркендетуге қол жеткiздiк. Жаңа жылдан бюджет қызметкерлерiнiң жалақысы, әлеуметтiк жәрдемақылар мен шәкiртақы орташа алғанда 30 пайызға дейiн көбейедi. Осының барлығы халықтың болашаққа сенiммен қарап, алаңсыз өмiр сүруiне толық негiз болады.

Құрметтi қазақстандықтар!

Осыдан екi жыл бұрын мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жарияладым. Осы уақыттың өзiнде-ақ бiз оны жүзеге асыруда, тiптi, жаһандық дағдарыстың терiс ықпалына қарамастан, орасан зор нәтижелерге қол жеткiздiк.

Бiрiншiден, Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк индексi көрсеткiшi бойынша Қазақстан әлемде 42-шi орынға ие болды.

Екiншiден, бизнес үшiн барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердiң әлемдiк рейтингiнде Қазақстан 41-шi позицияны иелендi.

Үшiншiден, бүгiн, 30 қарашада Қазақстан Дүниежүзiлiк сауда ұйымының заңды түрдегi толыққанды мүшесi болды. Ол туралы ДСҰ-ның Бас кеңесiнiң отырысында ресми түрде хабарланатын болады. Бұл оқиға тәуелсiз Қазақстанның тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Ол бiздiң елiмiздiң толыққанды сауда-экономикалық әрiптес ретiнде мойындалуын айғақтайды. Қазақстанның ДСҰ-ға өтуi бiздiң экспорттаушыларымыз үшiн де, экономикамыздың шешушi секторларына келетiн шетелдiк инвесторлар үшiн де жаңа мүмкiндiктер ашады.

III. Бiздiң дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз

Бүгiнде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгiлiк Ел идеясын бастап отырған өзiмiзге байланысты. Бiздiң ұзақ мерзiмдi, орта мерзiмдi және таяу болашаққа арналған iс-қимыл стратегияларымыз бар.

Қазiр және кез келген басқа уақытта бiздiң дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қарапайым, бiрақ маңызды — өсiм, реформалар, даму ұғымдарымен үндес.

Бiрiншiсi — өсiм. Әңгiме ең алдымен, экономикалық өсiм туралы болып отыр. Ағымдағы мiндеттерге қатысты алғанда бiзге Қазақстанның әлемнiң неғұрлым дамыған отыздығына енуiн қамтамасыз ететiн экономикалық өсiм қарқынын қалпына келтiру қажет. Бiз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсiмнiң жаңа iшкi көздерiн ашуға тиiспiз.

Екiншi — реформалар. Олар экономиканың, қоғам мен мемлекеттiң тұрақтылығын қамтамасыз етедi. Қазiр бiз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Олар өз ауқымы жағынан бiз 90-шы жылдары жүргiзген реформалар ауқымына сәйкес. Бiзге мемлекеттiк және корпоративтiк менеджменттi, қаржы және фискалдық секторларды неғұрлым тереңiрек реформалау мейлiнше қажет.

Үшiншi — даму. ХХI ғасырда қоғамның барлық салаларын үздiксiз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Бiз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтiк жауапкершiлiк, халықтың неғұрлым әлсiз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкiл мемлекеттiк, қоғамдық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргiзудемiз.

IV. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты

Таяу уақыттарда бiзге келесi бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешендi жаңаруларды жүзеге асыру қажет.

БIРIНШI. Қаржы секторын тұрақтандыру

Бiздiң маңызды мiндетiмiз — қаржы жүйесiн жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендiру.

Бiрiншiден, қаржы секторының теңгенiң еркiн бағамы жағдайында тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету. Мұндағы қағидатты сәт сол, Ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қаржылары есебiнен шексiз қолдау көрсету тәжiрибесiне қайта оралу болмайды. Ұлттық банк банк секторының барлық субъектiлерiне жұмыс iстемейтiн несиелер бойынша стресс-тестiлеу жүргiзуi қажет. Оның нәтижелерi бойынша оларды мойындау және есептен шығару жөнiнде шаралар қабылдау керек. Капиталдандыру проблемаларын шеше алмаған банктер қаржы жүйесiнен «кетуi» тиiс. Қазақстандық банктер барлық халықаралық стандарттарға, соның iшiнде, Базель комитетi мен Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкес келуi қажет. «Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенiмдi нығайтуға қол жеткiзудiң маңызы зор.

Екiншiден, инфляциялық таргеттеу шеңберiнде Ұлттық банк орта мерзiмдi болашақта инфляция деңгейiн 4 пайызға дейiн төмендетуi керек. Ол үшiн пайыздық мөлшерлемелердi икемдi өзгерту тетiгi толыққанды пайдаланылуы тиiс.

Үшiншiден, Ұлттық банктегi институттық кемшiлiктердi жою қажет. Бiртұтас Зейнетақы қорын, Проблемалы несиелер қорын және басқа да қаржы институттарын оның бақылауынан шығару керек.

Төртiншiден, 2016 жылы зейнетақы активтерi жеке қазақстандық немесе шетелдiк компаниялардың басқаруына берiлуi тиiс. Зейнетақы жиналымдарының табыстылығын арттыру мақсатында зейнетақы қаржыларын инвестициялауға көзқарастарды қайта қараған жөн. Зейнетақы қорына көзқарас пен басқару да Ұлттық қорға көзқарас пен басқару сияқты болуы керек.

Ұлттық банк қоғам мен қаржы мекемелерiне өз қызметiнiң мәселелерi бойынша үнемi тиянақты ақпарат берiп тұруы тиiс. Қаржы секторына қатысушылардың бәрiмен қалыпты жұмыс бабындағы үнқатысуды жолға қоюдың маңызы зор. Осы аталған барлық кезек күттiрмес шараларды қабылдағаннан кейiн ғана экономиканы ынталандыруға, соның iшiнде монетарлық тәсiлдермен ынталандыруға кiрiсуге болады. Мен жаңа басшылықтың Ұлттық банктi сауатты басқаратынына сенемiн. Бiздiң бәрiмiздiң де ұлттық валютамыз — теңгеге сенуiмiз қажет. Теңге салымдары — бүгiнде азаматтардың жиналымдарын сақтаудың ең үздiк құралы.

ЕКIНШI. Бюджет саясатын оңтайландыру

«Көрпеге қарап көсiлу» — бұл, әсiресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында бiз үшiн тексерiлген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделi.

Бүгiнде бiз бюджетке салықтық түсiмдердiң 20 пайызға дерлiк төмендегенiн айтып отырмыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемi төрттен бiрге, ал табысқа корпоративтiк салық бойынша 13 пайызға төмендедi. Бұл бар болғаны бизнеске қосымша қысымды бiлдiретiн болады. Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебiнен жабу — көрегендiк емес. Бiз алдағы жылдардың қандай боларын бiлмеймiз. Сондықтан менiң ұстанымым қағидатты — Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиiс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепiлдендiрiлген, шектеулi трансферт бiрден-бiр тетiк болуы керек. Үкiметке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмiр шындығы жағдайында қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзiрлеудi тапсырамын.

Бiзге мемлекеттiк кiрiстер мен шығыстардың бүкiл жүйесiн қайта қарау қажет. Ең алдымен, бюджеттiң кiрiс базасын ұлғайту керек. 2017 жылы қазiргi ҚҚС-тiң орнына сатудан түсетiн салықты енгiзу қажет. Барлық тиiмсiз салықтық жеңiлдiктердi жойған жөн. Салықтық режiмдердi оңтайландыру қажет — тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар — жалпы, жеке кәсiпкерлер үшiн патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшiн арнайы салық режiмi. Мұндай механизм «көлеңкелi экономиканы» жарыққа алып шығатын болады.

Салық саласының мөлдiрлiгiн арттыру Үкiметтiң басты мiндетi болуы тиiс. Тек осылай еткенде ғана экономиканың әрбiр субъектiсi салықтарды толық көлемде төлеуге мүдделi болмақ.

Үкiмет салықтық әкiмшiлендiрудiң тиiмдiлiгiн қамтамасыз етуi керек. Бүгiнде мүлiктi жария ету мерзiмдерi 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейiн ұзартылды. Мүлiк пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшiн қосымша ынталандырулар қабылданды. Құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға кепiлдiк берiледi. Үкiметке жария ету жағдайларына тағы бiр рет талдау жасауды және қажет болған жағдайда, оған қатысушыларға кепiлдiктi күшейтудi тапсырамын. Мен мүлiктi жария етуге қатысу жөнiнде әлi де ойланып жүргендердiң барлығын осы мүмкiндiктi пайдаланып қалуға шақырамын.

2017 жылдың 1 қаңтарынан кiрiстер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшiне енедi. Одан кейiн, олар қайда болса да, олардың шығу төркiнi мен салық салынуын анықтау үшiн, соның iшiнде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының көмегiмен, есепшоттар мен активтердi анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады.

Ендi бюджет шығындарын оңтайландыру жөнiндегi шаралар туралы. Үкiметке барлық бюджеттiк бағдарламаларға толық ревизия жүргiзудi тапсырамын. Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңызды. Тиiмсiз шығындар немесе жеке сектор есебiнен жабылуы мүмкiн шығындар бюджеттен шығарылуы тиiс. Өңiрлiк және индустриялық даму бағдарламаларының шығындарын қайта қарау қажет.

Мемлекеттiк шығындар мен субсидиялар жүйесiн де қайта қараған жөн. Бүгiнде бүтiндей бiр салалар мемлекет есебiнен өмiр сүруде. Сонымен бiрге, мәселен, «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көрсетiлетiн мемлекеттiк қолдау құралдары бүкiл ауылшаруашылық тауар өндiрушiлердiң тең жартысы үшiн қолжетiмдi емес. Бюджет шығындарын жеңiлдету үшiн мемлекет-жекеменшiк әрiптестiгi тетiгiн белсендiрек қолдану қажет. Экономиканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бiрге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор. Бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржыны бiрiншi кезекте халық үшiн нақты нәтижелер әкелетiн жобаларға бағыттау қажет.

ҮШIНШI. Жекешелендiру және экономикалық бәсекелестiктi ынталандыру

Бүгiнде тұрақты экономикалық өсiмдi қамтамасыз ету үшiн iшкi ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшiн бiз екi тиiмдi құралды — кең ауқымды жекешелендiрудi және бәсекелестiктi ұлғайтуды пайдалануға тиiспiз. Бүгiнде өсiм мен бәсекелестiктi не ұстап тұр?

Ең алдымен, үлкен мемлекеттiк сектор — 7 мыңнан астам кәсiпорындар. «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» холдингтерi өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтерiне тиiмдi бақылау жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының активтерi IЖӨ-нiң 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады. «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтерi бюджет пен банктер арасындағы тиiмсiз делдалдарға айналды. Осылардың бәрi далиған штаттармен және орасан бюджеттiк ресурстармен қоса жүредi, сонымен бiрге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады.

Қазiр мемлекеттiк сектор нысандарын жекешелендiруге шектеулердi алып тастау маңызды. «Мемлекеттiк мүлiк туралы» Заң мен Азаматтық кодекстiң бiрқатар ережелерiн қайта қарап, жекешелендiруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет. Үкiметке мемлекеттiк меншiктегi ұйымдардың бәрiн қоса отырып, Жекешелендiрудiң жаңа бағдарламасын жасауды тапсырамын. Олардың iшiнде, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгроға» кiретiндерi де бар. Жекешелендiруден кейiн осы үш басқарушы холдингтiң бәрi ықшам ұйымдарға қайта құрылымдалатын болуы тиiс.

Жекешелендiру әдiлеттi нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелi жүзеге асырылуы керек. Мұнда акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешушi тетiктерге айналуы тиiс. Оған қазақстандық және шетелдiк инвесторларды барынша мол қатыстыру үшiн жағдай жасау керек. Үкiметке барлық акционерлердiң мүлкiнен айырылғандардың активтерiн сатып алуға деген басым құқықтарын алып тастауды тапсырамын.

Әрi қарай, Үкiмет еркiн және саламатты бәсеке үшiн жағдайлар жасауы тиiс.

Бiрiншiден, Үкiметке антимонополиялық қызметтi күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасауды тапсырамын. Бiзге антимонополиялық ведомство туралы мәртебесi мен жұмыс тәртiбi нақты регламенттелген жеке заң керек.

Екiншiден, бағаны жасанды реттеу түрiнде нарықтық ынталандыруларға қатысты бұрмалауларды жою қажет. Үкiметке экономиканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрi қарай көшудi жалғастыруды тапсырамын.

Үшiншiден, бәсекелестiк саласындағы саясат банкроттық және тиiмсiз компанияларды оңалтуды тиiмдi реттеу үдерiстерiмен қоян-қолтық жүруi тиiс. Нарықтық экономика — күштiлердiң бәсекесi. Жеңiлгендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкiндiк алулары керек. Бiзде мұндай жоқ. Тиiмсiз компаниялар мемлекеттен түрлi түрдегi субсидиялар мен жеңiлдiктер алу үшiн кезекке тұрады. Бiрде-бiр дамыған елде компаниялардың банкроттығы саланың ыдырауына немесе жұмысшыларын босата отырып, кәсiпорынның тоқтауына алып келмейдi. Тиiмсiз менеджерлердiң орнына өзiмен бiрге инвестициялар әкелетiн жаңа меншiк иелерi келедi. Бiз бәсекеге қабiлетсiз компанияларды мемлекет есебiнен «сүйремеуге» тиiспiз. Үкiметке жеке және заңды тұлғалар үшiн банкроттықтың нақты және түсiнiктi ресiмдерiн жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңiлдетiлген болуы тиiс.

* * *

Кәсiпкерлер, iскер азаматтар!

Мемлекет сiздердiң бизнестерiңiздi дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгiнгiдей сын сағаттарда сiздерге үлкен жауапкершiлiк артылады. Жекешелендiрудiң жаңа легiне белсендi қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс iстеңiздер. Қуатты ел болу — бәсекеге қабiлеттi болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбiр бұйымда төрт қасиет — сапалы, ыңғайлы, әдемi және арзан болуы керек. Сонда ғана iсiмiз өнiмдi, затымыз өтiмдi болады. Өзiмiздi өзiмiз қамшылауымыз керек, бiздi сырттан келiп ешкiм жарылқамайды.

* * *

Мен кәсiпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстандықтарға, барлық бизнесмендер мен iскер адамдарға сөз арнағым келедi. Мемлекет жекешелендiру мен экономикалық ырықтандыру бойынша бiздiң тарихымызда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барып отыр. Елiмiз қазiрдiң өзiнде көпшiлiктерiңiзге ақша табуға және iскерлiк журналдардың бiрiншi беттерiнен көрiнуге мүмкiндiк бердi. Мен сiздердi капиталдарды заңдастыруға, жекешелендiру тендерлерiне белсендi қатысуға шақырамын. Осылайша сiздер өздерiңiзге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетiн боласыздар.

ТӨРТIНШI. Жаңа инвестициялық саясаттың негiздерi

Таяудағы онжылдықта Қазақстанның алдында тұрған мiндеттер:

- экономиканың жыл сайынғы өсiмiн 5 пайыз деңгейiнде қамтамасыз ету;

- өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыстырғанда кем дегенде екi есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейiн жеткiзу;

- экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемiн 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл iшiнде — кем дегенде 100 миллиард долларға жеткiзу;

- 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнiмдiлiгiн 2 еседен астамға арттыру.

Экономикалық өсiмнiң мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкiн ететiн жаңа драйверлер қалыптастыру есебiнен ғана қамтамасыз етiле алады.

Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәнi тек әртараптандырылған экономиканың ғана жаһандық дағдарыс салдарына тиiмдi қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да бiз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстiндемiз. Бiзге жаңа инвестициялық саясат керек.

Бiрiншiден, трансұлттық корпорацияларға екпiн түсiре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Бiз «күрделi инвестициялар» тарту үшiн оңтайлы орта қалыптастыруымыз керек. Осы жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешiм қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңiрлiк хаб болады. Қазақстан күштi институттары, бiлiктi, тиiмдi және болжамды үкiметi бар өңiрдегi көшбасшы-елге айналуы тиiс. Бiзде озық техникалық кадрлар, әлемдiк деңгейдегi инфрақұрылымдар болуы тиiс, қоғамдық тәртiп пен адамдардың жеке қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлуi керек.

Инвестициялық ахуалды жетiлдiруге бағытталған реформаларды әрi қарай жалғастыру ЭЫДҰ және басқа да халықаралық қаржы институттарымен бiрлесiп жүргiзiлуi тиiс. Үкiметке үш ай мерзiм iшiнде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлi жоспарын жасап ұсынуды тапсырамын. Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсендi ете түсу үшiн инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған Үкiмет кеңесiн құруды тапсырамын. Өңiрлерде жергiлiктi маңыздағы жобаларды жүзеге асыру үшiн инвестициялар тартуға қажеттi осындай кеңестер құру керек.

Екiншiден, экономикалық өсiмнiң өңiрлiк драйверлерiн қалыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тiкелей өңiрлерде жүзеге асырылады. Сондықтан, 6 макроөңiрлер — Оңтүстiк, Солтүстiк, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана үшiн жеке бағдарламалар жасау қажет. Iрi өңiрлiк жобалар айналасында шағын және орта бизнестi дамыту керек. Сондықтан, кәсiпкерлiктi қолдаудың «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңiрлердiң инвестициялық бағдарламаларының бiр бөлiгi болуы тиiс. Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын жоғарылату бойынша, бiрiншi кезекте, еңбек күшi артық өңiрлердiң еңбек күшi жетiспейтiн өңiрлерге миграцияларды ынталандыруға бағытталған шараларды алдын ала қарастыру қажет.

Макроөңiрлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберiнде құрылатын бiртұтас көлiктiк, логистикалық және коммуникациялық құрылым аясында бiрiгулерi тиiс. Қазiргi кезде «Орталық — Оңтүстiк», «Орталық — Шығыс», «Орталық –Батыс» шешушi бағыттары бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. «Боржақты — Ерсай», «Алматы — Шу» темiржол желiлерi мен Құрық портындағы паромдық өткел құрылыстары жүргiзiлуде. Бұл жобалар қазiрдiң өзiнде 72 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкiметке аталған бағдарламаларды жүзеге асыру iсiн белсендi ете түсудi тапсырамын.

Сонымен қатар, экономикалық конъюнктураны есепке ала отырып, қаржыландыру көздерiн әртараптандыру қажет. Менiң ҚХР-ға сапарым барысында ЭксимБанкпен 2,6 миллиард доллар сомасында займ тарту туралы уағдаластыққа қол жеткiзiлдi. Қазiр мемлекеттiк бюджет есебiнен көптеген жолдар салынып жатыр. Бiрақ, бұл жобаларға шетелдiк және жергiлiктi инвесторларды да тарту керек. Жақын болашақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобаларына жеке капиталды тарта отырып, қаржыландыру моделiне келтiру керек.

Үшiншiден, қазiр әлемдiк және өңiрлiк рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендiрек игерген жөн. Бiз жақын жатқан елдердiң экономикалық әлеуеттерiн тиiмдi пайдалануға тиiспiз. Бiрiншi кезекте, бұлар –Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндiстан, Пәкiстан, Орталық Азия және Кавказ елдерi. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерiн импорттайды. Еуразиялық экономикалық одаққа шешушi өңiрлiк рыноктармен еркiн сауда туралы келiсiм жасасу қажет. Үкiмет аталған мәселелердi бiздiң әрiптестерiмiзбен бiрлесiп жасап, бәрiмiз үшiн пайдалы етiп шешуi тиiс. СIМ-ге осы мiндеттердi орындау үшiн Қазақстанның шетелдердегi мекемелерiнiң барлық ресурстарын iске қосу қажет.

Төртiншiден, бiзге техникалық кадрлар дайындау жүйесiн барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсiби бiлiм беру инвестициялық саясаттың негiзгi бағыттарының бiрi болуы тиiс. Бұл үшiн Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бiрлесiп құру керек. Олар бүкiл елiмiз үшiн техникалық және кәсiби бiлiм беру жүйесiнiң моделi болады.

Бесiншiден, Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетiн арттырған жөн. Болашақтың экономикасын құру үшiн негiз қалау маңызды. Смарт-технологиялар, жасанды интеллект, киберфизикалық жүйелер интеграциялары, болашақтың энергетикасы, жобалау және инжиниринг салаларында бiлiктiлiктi дамыту қажет. Мұны тек тиiмдi ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болады. Назарбаев Университеттiң «Астана бизнес кампусы» хайтек-паркiнiң базасы мен Алматыдағы «Алатау» технопаркiнде қалыптастырылатын қуатты зерттеу университеттерi мен инновациялық кластерлерi оның негiзiне айналады. Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесiн өткiзу бiзге «жасыл технологияларға» негiзделген жаңа энергетиканы белсендi дамытуға жақсы мүмкiндiк бередi.

БЕСIНШI. Жаңа әлеуметтiк саясат

Серпiндi экономикалық өсiм көптеген жылдар бойы бiзге белсендi әлеуметтiк саясат жүргiзiп, адамдардың өмiр сапасын бiрнеше есе арттыруға мүмкiндiк бердi. Барлық жаһандық дағдарыстардың терiс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкiл қиындықтарға қарамастан, бiз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдiк. Он жылда әлеуметтiк салаға мемлекеттiк шығындар нақты көрсеткiш бойынша 3 есеге жуық өстi. Әлеуметтiк сала мен мемлекеттiк басқаруда жұмыс iстейтiндердiң саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердiң үлкен көлемiн қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам азамат алады.

Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, бiз халықты әлеуметтiк қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерiнiң еңбекақысы орташа алғанда — 28 пайызға дейiн, бiлiм беру саласы қызметкерлерiнiкi — 29 пайызға дейiн, әлеуметтiк қорғаудағы қызметкерлердiкi 40 пайызға дейiн артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерiнiң түрлi категорияларына қатысты сараланған тәсiл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектiгi мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтiк жәрдемақылардың 25 пайыздық өсiмi, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етiлетiн болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бiз инфляция деңгейiнiң алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстеймiз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны бiз бюджеттiк шығындарды оңтайландырғаннан кейiн үнемдеймiз. Осылайша бiз еңбекақыны өсiру үшiн қаржы тауып, өзiмiздiң халық алдындағы әлеуметтiк мiндеттемелерiмiздi орындаймыз!

Мен барлық әлеуметтiк жағынан әлсiз қорғалған жiктерге сөзiмдi арнамақпын. Бiз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдiк. Сонымен қатар, әлеуметтiк әдiлеттiлiк бұрмаланбауы тиiс. Өйткенi, әрбiр әлеуметтiк төлем — бұл жай бюджетке ғана емес, әрбiр жұмыс iстейтiн қазақстандыққа қосымша салмақ. Әлеуметтiк әдiлеттiлiк идеясы жұмыс iстейтiн қазақстандықтарға қатысты әлеуметтiк әдiлетсiздiкке айналмауы тиiстiгiн нақты түсiну керек. Бұл — солардың ақшасы!

Бүгiн де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сiлкiнiстерге орнықты, тиiмдi экономиканың нақты негiзi болуға қабiлеттi. Азаматтарға әлеуметтiк қолдауды кеңейту мақсатында Үкiметке 2016 жылдың бiрiншi тоқсанының соңына дейiн еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарламаларды қаржыландыру көлемi 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғайтылатын болуы тиiс. Бұл жергiлiктi инфрақұрылымдарды дамыту мен елдi мекендердi абаттандыру жобалары есебiнен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ететiн болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзiмдi қайта даярлау мен бiлiктiлiгiн арттыру ұйымдастырылады. Кәсiпкерлiктi дамыту үшiн микронесиелеу кеңеюде.

Бүгiн мен жаңа әлеуметтiк саясат жасау мiндетiн қоямын. Мемлекеттiң әлеуметтiк саладағы рөлi әлсiз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетiн болуы тиiс. Атаулы әлеуметтiк қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмiр сүру жағдайын бағамдау негiзiнде, көрсетiлетiн болады. Басқалар ақшаны өздерi, өздерiнiң еңбектерiмен табулары тиiс. Азаматтарымыздың жекелеген топтарының ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмiр сүрудiң ең төменгi деңгейiнiң құрылымдарын қайта қарау және оның түрлi деңгейлерiн белгiлеу қажет. Үкiметке үш ай iшiнде әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiн оңтайландыру бойынша ұсыныс енгiзудi тапсырамын.

Еңбек ете алатындарға мемлекеттiк қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негiзiнде ұсынылатын болуы тиiс. Үкiметке әлеуметтiк көмектiң мұндай түрлерiн 2017 жылдан бастап енгiзудi тапсырамын. Әлеуметтiк саясаттағы мемлекеттiң басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиiс. Бiз бұған дейiн қабылданған бағдарламаларға сәйкес, бiлiм беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба — «Баршаға арналған тегiн кәсiби-техникалық бiлiм» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкiметке оны жасауға кiрiсудi тапсырамын.

Қазақстанның жас азаматтары!

Бiлiмдi, еңбекқор, бастамашыл, белсендi болуға қазiрден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңiрге батыл барыңдар. Шеберлiктiң шыңына жете бiлсеңдер мамандықтың бәрi жақсы. Қазiр техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күнi туған заман. Ерiнбей еңбек еткен, талмай ғылым iздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Бiз жүзеге асырып жатқан түбегейлi реформалар мен атқарып жатқан қыруар iстердiң бәрi сендер үшiн, болашақ үшiн жасалуда.

* * *

Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсендi меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезiнде мен де жұмысшы киiмiн киюден бастадым, домна пешi от-жалынының жанында тұрдым. Үлгi алыңдар! Жылдар өтедi, бiрақ, осы өмiрлiк тәжiрибелерiң, сендер қандай өмiр жолын таңдап алсаңдар да, мiндеттi түрде кәделерiңе жарайды.

Тұтастай алғанда, Жолдауда iлгерiлетiп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және, әдеттегiсiнше, сенiмдi қаржыландырумен қамтамасыз етiлген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнестi дамытуға 1 триллион теңге бөлiнiп үлгерiлген болатын. «Нұрлы Жол» бағдарламалары жобаларына — 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қазақстанға халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан бөлiндi. Қытай Халық Республикасы 2,7 миллиард доллар көлемiнде несие берiлдi. Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге тартылмақ. Осы қаржыларды тиiмдi пайдалану — Үкiметтiң басты мiндетi және жауапкершiлiгi.

Қиындықтарды еңсеруде бiз жалғыз емеспiз. Өзiмiздiң салмақты сыртқы саяси қызметiмiзбен бiз бүкiл әлем бойынша көптеген достар таптық. Олар бiздi қолдап келедi. Сiздер менiң сапарларыммен әлемнiң жетекшi елдерiнiң көшбасшыларымен келiссөздерiмнiң куәгерлерi болдыңыздар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикiзаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткiзiлдi. Бұл — 40-тан астам жаңа кәсiпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге сапарларым да, экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, табысты болды. Жасалған келiсiмшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды. Елiмiзге Ресей Президентiнiң сапары бiздiң дәстүрлi iзгi көршiлестiк қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы мен берiктiгiн және экономикалық интеграцияның дамып келе жатқанын көрсеттi. Жапония премьер-министрiнiң сапары инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың көкжиегiн кеңейтетiн болады. Бiзге тұңғыш рет «Тойота» концернi келiп, Қазақстанда автомобильдер шығарады.

Басты нәтижелердiң бiрi бiзге халықаралық қаржы институттарының жоғары сенiмi болып табылады. Осындай күрделi кезеңде бiздiң реформаларымызды қолдай отырып, олар 9 миллиард доллар көлемiндегi қаржы ресурстарына қол жеткiзуiмiзге жол ашты. Бiз Еуропалық Одақпен тереңдетiлген әрiптестiк пен ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қойдық. Бiз әлемдiк қоғамдастықпен ядросыз әлем үшiн, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте бiргемiз. Бiз кез келген жанжалдардың бейбiт жолмен шешiлгенiн қалаймыз және осы үшiн қолымыздан келгеннiң бәрiн жасаймыз.

Дүниежүзiнде бiз бастаған реформалар туралы, Жүз қадам туралы жақсы бiледi және оларды қолдайды. Бiз достарымыздың көңiлiн қалдырмауға тиiспiз. Бұл реформалар, мен аталған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты мiндеттердi орындау оңай болмайды, мүмкiн, тiптi, ауыр соғуы ықтимал. Бiрақ, оларға балама жоқ. Егер бiз осының бәрiн жасамайтын болсақ, онда әлемдiк дамудан үмiтсiз кейiндеп қаламыз. Бiрақ бiз, әдеттегiдей, белгiлегендерiмiздiң бәрiн жасаймыз.

Құрметтi отандастар!

Жаңа 2016 жылдан Ұлт жоспары шеңберiнде қабылданған жаңа заңдар жұмыс iстей бастайды. Бүгiн мен экономикамызды, мемлекетiмiз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтiн жаңа шаралар туралы хабарладым. Барлығымыздың мойнымызда елiмiздiң болашағы үшiн орасан зор жауапкершiлiк жатыр. Алдымызда қиын жұмыстар күтiп тұр. Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық мiндеттердi жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремiн. Жолдау барлық партия мүшесi үшiн iс-қимыл негiзi және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиiс. Кең көлемдi түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық мiндеттердi орындауда бiрiктiру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулерi тиiс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бiрлестiктердi, барлық азаматтарды Отанымыздың игiлiгi жолындағы ортақ iске бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын.

Келе жатқан күрделi кезең бiз үшiн еңсеру кезеңi болады. Бiз жаңа жаһандық дағдарысты мiндеттi түрде жеңемiз. Бұл үшiн бiзде бiртұтас ерiк-жiгер, халық бiрлiгiнiң берiк дәстүрлерi бар. Бiз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептерiне шығаратын боламыз!

Қымбатты қазақстандықтар!

Дағдарыстардың бәрi өткiншi, өтедi де кетедi. Ел тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгi. Мен айтып өткеннiң барлығы жеңуге болатын, бiз жеңе алатын бөгеттер. Бiз көлденең шыққан кедергiлерге кiдiрмей, дамыған 30 елдiң қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.

Рухы биiк, еңбегi ерен, бiрлiгi мығым Мәңгiлiк Ел болу үшiн бiзде бәрi бар. Тәуелсiздiктiң туын желбiретiп, тұғырын нығайтқан бiздiң тарих алдында жүзiмiз жарқын! Бiздiң тiрегiмiз — тәуелсiздiк, тiлегiмiз — тұрақтылық, бiлегiмiз — бiрлiк!

Мен халқыма сенемiн. Көк байрағымыздағы алтын қырандай елiмiз қанатын кеңге жайып, асқар биiктерден көрiнсiн! Барды бағалап, жоқты жасай бiлген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биiкте желбiресiн!

Алға, Қазақстан!

Парақтағы соңғы өзгерістер:: 13.03.2017 12:27
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

 

 

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

 

akymat_kokshetay@mail.ru

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2017 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро