Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 379.36
EUR | KZT 424.47
RUB | KZT 5.88
Көкшетау қ.
9 °C
2019 ж. мамырдың 27
Мемлекеттік рәміздер

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы

Ту — мемлекеттiң егемендiк пен бiртұтастықты бiлдiретiн басты рәмiздерiнiң бiрi. «Флаг» терминi «vlag» деген нидерланд сөзiнен шыққан және белгiленген көлем мен түстегi, әдетте елтаңба немесе эмблема түрiнде бейнеленген, дiңгекке немесе бауға бекiтiлген мата ұғымын бiлдiредi. Ту ежелден елдiң халқын бiрiктiру және оны белгiлi бiр мемлекеттiк құрылымға сәйкестендiру мiндетiн атқарып келедi.

Тәуелсiз Қазақстанның Мемлекеттiк туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы — белгiлi суретшi Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тiк бұрышты көгiлдiр түстi мата. Тудың сабының тұсында тiк жолақ түрiнде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесi алтын түстес. Тудың енi мен ұзындығының арақатынасы — 1:2

Геральдика дәстүрiнде әрбiр түс белгiлi бiр ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенiмдiлiк, мiнсiздiк сияқты қасиеттердi бiлдiредi. Сонымен қатар, көк түс түркi мәдениетiнде терең символдық мәнге ие. Ежелгi түркiлер аспанды тәңiр-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледi. Қазақстанның Мемлекеттiк туында ол ашық аспанды, бейбiтшiлiктi, игiлiктi бiлдiрсе, түстiң бiркелкiлiгi елiмiздiң тұтастығын меңзейдi.

Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмiрдi және күш-қуатты бейнелейдi. Сондықтан елiмiздiң туындағы күн шапағы дәулеттiлiк пен бақуаттылықтың символы — алтын масақ пiшiнiнде берiлген. Қазақстанның мемлекеттiк атрибутикасында күннiң бейнеленуi елiмiздiң жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтiнiн дәлелдейдi және жас мемлекеттiң жасампаздық күш-қуатын, серiктестiк пен ынтымақтастық үшiн әлемнiң барлық елiне ашық екенiн айғақтайды..

Қыран (бүркiт) бейнесi — көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден берi қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бiрi. Бұл бейне әдетте билiктiң, қырағылық пен мәрттiктiң символы ретiнде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркiт мемлекеттiң қуат-күшiн, оның егемендiгi мен тәуелсiздiгiн, биiк мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркiт бейнесi еуразиялық көшпендiлердiң дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсiнiгiнде бостандық пен адалдық, өрлiк пен ерлiк, қуат пен ниет тазалығы тәрiздi ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркiт кескiнi жас егемен мемлекеттiң әлемдiк өркениет биiгiне деген ұмылысын көрсетедi.

Мемлекеттiк тудың сабының тұсына тiгiнен ұзына бойына кескiнделген ұлттық өрнектер — оның маңызды элементi. Қазақ ою-өрнектерi — дүниенi көркемдiк тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетiн ерекше бiр түрi. Түрлi формалар мен желiлер үйлесiмiн танытатын өрнектер халықтың iшкi әлемiн ашып көрсететiн мәнерлi көркемдiк құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениетi мен дәстүрiн символдық тұрғыда бейнелейдi.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ЕЛТАҢБАСЫ

Елтаңба — мемлекеттiң басты рәмiздерiнiң бiрi. Елтаңба («герб») терминi немiстiң «erbe» (мұра) деген сөзiнен шыққан. Мемлекеттiң мәдени және тарихи дәстүрiн бейнелейтiн символдық мәнi бар үйлесiмдi пiшiндер мен заттардың мирастық ерекшелiк белгiсiн бiлдiредi.

Қазiргi Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуiрiнiң көшпендiлерi кейiн графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерiн танытқанына тарих куәлiк етiп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрiк қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

Егемендi Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары — белгiлi сәулетшiлер Жандарбек Мәлiбеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл — Ұлы дала көшпендiлерi айрықша қастер тұтқан өмiр мен мәңгiлiктiң символы.

Мемлекеттiк елтаңбаның орталық геральдикалық элементi — көгiлдiр түс аясындағы шаңырақ (киiз үйдiң жоғарғы күмбез тәрiздi бөлiгi) бейнесi. Шаңырақты айнала күн сәулесi секiлдi тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесi орналастырылған. Жоғарғы бөлiгiнде — көлемдi бес бұрышты жұлдыз, ал төменгi бөлiгiнде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесi, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу — алтын түстес.

Көк күмбезiн еске салатын және Еуразия көшпендiлерiнiң дәстүрлi мәдениетiнде тiршiлiктiң негiзгi бастауының бiрi боп саналатын шаңырақ — киiз үйдiң басты жүйе құраушы бөлiгi. Республиканың Мемлекеттiк елтаңбасындағы шаңырақ бейнесi — елiмiздi мекендейтiн барлық халықтардың ортақ қонысының, бiртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен берiктiгi оның барлық уықтарының сенiмдiлiгiне байланыстылығы секiлдi, Қазақстанда бақытқа жету әрбiр азаматтың аман-есендiгiне байланысты.

Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттiк елтаңбадағы өзектi геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесi батылдықты, сенiмдiлiктi және ерiк күшiн танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тiлегiн аңғартады. Олар — шынайы ой-арман мен ұдайы жетiлуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрiнiсi. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгiштiгiн және елiмiздiң материалдық игiлiгiн танытады.

Өткен ғасырларда мүйiз көшпендiлердiң табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлiк тудың ұшына орнату үшiн белсендi пайдаланылған. Көктiң сыйын, жердiң игiлiгiн, жорықтың жеңiсiн әртүрлi жануарлардың мүйiзi арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулi орын алды. Сондықтан молшылық әкелетiн мүйiзi бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады.

Республиканың Мемлекеттiк елтаңбасындағы тағы бiр деталь — бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгi заманнан берi пайдаланып келедi, ол адамдардың ақиқат сәулесiне, барлық игi аңсарларға және мәңгiлiк құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын бiлдiредi. Мемлекеттiк елтаңбада жұлдыздың бейнеленуi қазақстандықтардың әлемнiң барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серiктестiк орнатуға ниеттi ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегi мен құшағы бес құрлықтың өкiлдерi үшiн қашанда ашық.

Елтаңбада қолданылған негiзгi түс — алтынның түсi. Бұл — байлықтың, әдiлдiктiң және кеңпейiлдiлiктiң символы. Сонымен қатар, көгiлдiр аспан түстес тудың түсi алтынның түсiмен үйлесiм тауып, ашық аспан, бейбiтшiлiк және бақуат тiршiлiк ұғымдарын танытып тұр.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГИМНІ

Гимн — мемлекеттiң басты рәмiздерiнiң бiрi. Гректiң «gimneo» сөзiнен шыққан «гимн» терминi «салтанатты ән» деген мағынаны бiлдiредi. Гимн ел азаматтарын тиiмдi әлеуметтiк-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестiру үшiн негiзгi мәнге ие, маңызды дыбыстық рәмiз саналады.

Тәуелсiз Қазақстанның тарихында елiмiздiң мемлекеттiк гимнi екi рет — 1992 және 2006 жылдары бекiтiлдi.

Республика мемлекеттiк егемендiгiн иеленгеннен кейiн, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтiнiне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнiнiң музыкалық редакциясын сақтау туралы шешiм қабылданды. Осылайша тәуелсiз Қазақстанның алғашқы гимiнiң музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздiк мәтiнге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгiлi ақындар Мұзафар Әлiмбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрiбаева жеңiп шықты.

Елдiң дыбыстық рәмiзiнiң танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттiк гимн қабылданды. Оның негiзi ретiнде халықтың арасында кеңiнен танымал «Менiң Қазақстаным» патриоттық әнi таңдап алынды. Ол әндi Шәмшi Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжiмеденовтiң сөзiне жазған болатын. Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттiк гимн жоғары мәртебесiн беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшiн музыкалық туындының бастапқы мәтiнiн өңдедi. Қазақстан Парламентi 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бiрлескен отырысында «Мемлекеттiк рәмiздер туралы» Жарлыққа тиiстi түзету енгiзiп, елiмiздiң жаңа мемлекеттiк гимнiн бекiттi.

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерлiктiң дастаны,

Елiме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңкымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менiң елiм, менiң елiм,

Гүлiң болып егiлемiн,

Жырың болып төгiлемiн, елiм!

Туған жерiм менiң — Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерiм бар.

Бiрлiгi жарасқан,

Тәуелсiз елiм бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгiлiк досындай.

Бiздiң ел бақытты,

Бiздiң ел осындай!

Қайырмасы:

Менiң елiм, менiң елiм,

Гүлiң болып егiлемiн,

Жырың болып төгiлемiн, елiм!

Туған жерiм менiң — Қазақстаным!

Мақаланың шыққан күні: 25.02.2016 16:43
Парақтағы соңғы өзгерістер: 15.02.2019 15:53
Қаралым саны: 3332

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіз қандай санатқа жатасыз?