Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 389.86
EUR | KZT 435.32
RUB | KZT 6.12
Көкшетау қ.
0 °C
2019 ж. қазанның 22
Жоспарлы іске серпін берілді

«Нұр Отан» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының 27-шi есеп беру сайлау конференциясы өтiп, бастапқы ұйымдардың атқарған жұмыстары жайлы баяндамалар жасалды. Жиын барысында Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауындағы межеленген мiндеттердi еңсеру бағытында жаңашылдықтарға басымдық беру туралы айтылды. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, делегаттар, БАҚ өкiлдерi қатысты.

Бүгiнгi таңда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының құрамында 6 мыңнан астам адам бар. 46 бастапқы партия ұйымдары жұмыс iстейдi. Мүшелiкке енген жандардың басым бөлiгi бiлiм саласының қызметкерлерi. Елбасы алға қойған мiндеттердiң жергiлiктi жерде дұрыс жүзеге асырылып, бюджеттiк қаржының тиiмдi жұмсалуын тiкелей бақылауға алатын партия белсендiлерi тарапынан биыл екi мыңға жуық шаралар ұйымдастырылыпты. Филиалдағы қоғамдық қабылдауға жеке мәселелерi бойынша келетiн тұрғындар көп. Биыл 600-ден астам адам тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жұмыссыздық, баспаналы болуға қатысты мәселелермен көмек сұрап, өтiнiш бiлдiрген. «Нұрлы жер» бағдарламасына орай ұйымдастырылған бiрыңғай кеңес алу күнiнiң пайдасы тиiптi. Соның арқасында қарапайым халық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнiң» басшысына көкейдегi сауалдарын қойып, баспаналы болудың шарттарын бiле түскен. «Кедергiсiз келешек» жобасы бойынша биыл 60-тан астам адам жұмыспен қамтылып, мектепке баратын 435 балаға жеке кәсiпкерлер мен партия мүшелерi тарапынан 4 миллионнан астам қаржыға көмек көрсетiлiптi. Осы және тағы да басқа атқарылған жұмыстар туралы «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Зәуреш Нұрымова баяндады.

Қалалық бiлiм бөлiмiнiң жетекшiсi, «Бiлiм» бастапқы партия ұйымының төрағасы Бейбiт Жүсiповтiң айтуынша, мекемеде бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалайтын комиссия жұмыс iстейдi. Мектептерде «Адал ұрпақ» атты ерiктiлердiң 25 клубы ашылған. Бiлiм ошақтарындағы асханаларды жаңарту үшiн 80 миллион теңге қарастырылған. Алайда, қала мектептерiндегi үш ауысымдық оқу мәселесi күн тәртiбiнен түскен жоқ. Заман талабына сай бiлiм ошақтарында тегiн IT сыныптарын ашу жұмыстары әлi кенже қалып тұр. Бұл жайында конференцияға қатысып отырған «Нұр Отан» партия-сы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетов ескерту жасады. Өйткенi, Астрахан

ауданында биыл — 10, Зерендi ауданында — 7 осындай сыныптар ашылған. Ал, қалада тек екi тегiн сыныптың ашылуы сын көтермейдi. Сондықтан осы мәселенi және үш ауысымдық оқу жағдайын қатаң бақылауда ұстау және ұсыныс тастау қажеттiгi айтылды. Көкшетау қалалық емханасының бас дәрiгерi Ғалия Сабатаеваның айтуынша, емдеу мекемесiнде 754 медицина қызметкерi 80 мыңнан астам адамға қызмет көрсетедi. 142 дәрiгер бар. 118 адам бастапқы партия ұйымының мүшесi. Олар денсаулық сақтау мәселесiне қатысты барлық шаралардың бел ортасында жүредi. Жаңа жылдан бастап дәрiгерлер мен медбикелердiң жалақысы өседi. Ол да жұмыстың сапасына әсер етуi мүмкiн. Қағазсыз қызмет көрсету шаралары келесi жылы жалғасын таппақ. Бұл жаңа 13 учаскенiң құрылуымен байланысты болып отыр. Биыл тағы 3 учаске ашылады. Қазiр Жайлау мөлтек ауданында 4 мың адамға қызмет көрсететiн учаске жұмыс iстеп жатыр. Бұл емдеу мекемесiнiң жүгiн жеңiлдетуде.

Қалалық өнеркәсiп және кәсiпкерлiк бөлiмiнiң жетекшiсi, «Адал жол» бастапқы партия ұйымы төрағасының орынбасары Андрей Подгурскийдiң айтуынша, жеке iсiн ашқысы келетiн жандарға жер учаскесiн алуда қиындықтар көп. Биыл 91 миллион теңгенiң 23 жобасы қанағаттандырылған. Бiр кемшiлiк, қалада дайын өнiм шығаратын кәсiпорындар жоқтың қасы. Биыл инвесторлармен бiрде-бiр келiсiм- шарт жасалмапты. Осының бәрi шағын және орта бизнестi дамытуға кедергi келтiруде. Сапалы тауар ұсынатын гипермаркеттер, супермаркеттер ашу iсiн жетiлдiру қажет-ақ. Алдағы уақытта жеке iсiн ашқысы келетiн адамдар интернет портал арқылы өзiнiң өтiнiшi қаншалықты қанағаттандырылғанын бiле алатын болады. Бөлiм басшысына кәсiпкерлер картасына көбiрек үңiлiп, қаладағы шағын және орта бизнестiң даму бағытын қадағалау туралы ұсыныс айтылды.

Конференция барысында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi басшысының орынбасары, «Шапағат» бастапқы партия ұйымының өкiлi Инна Адамның да есебi тыңдалды. Жалпы, қорытындысында қалалық партия филиалының жұмысы қанағаттанарлық деп танылды. «Нұр Отан» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының саяси кеңес мүшелерiнiң және облыстық партия филиалының алда өтетiн есеп беру сайлау конференциясына қатысатын делегаттардың тiзiмi бекiтiлдi.

Мақаланың шыққан күні: 02.11.2018
Қаралым саны: 251

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіз қандай санатқа жатасыз?