Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы
Жігерді жаныған жиын

Облыстық тiлдердi дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпованың баяндамасынан бiлгенiмiз, өңiрдегi 600 мектепке дейiнгi мекеменiң 60 пайызы қазақ тiлiнде, 565 мектептiң тек 159-ы ғана мемлекеттiк тiлде бiлiм бередi. Көкшетауда тек 4 мектеп таза қазақ тiлiнде бiлiм берiп отыр. Аралас мектептердiң саны — 21. Бiр ғана қазақ педагогикалық колледжi оқушыларды ана тiлiнде сусындатып келедi. Мемлекеттiк мекемелердiң iс қағаздарын 97 пайыз қазақ тiлiнде жүргiзiп отырғаны шындыққа жанаспайды дедi өз сөзiнде басқарма басшысы. Ол аудармашылардың еңбегiнiң нәтижесi ғана. Ал, шындығына келгенде мемлекеттiк мекемелердiң басым көпшiлiгiнiң оған бас ауыртып жатқаны шамалы. Сондай-ақ, бiрқатар аудан басшылары тiлге қатысты өтетiн шараларды назарға алмай, оны қажетсiнбейдi. Қазақ тiлiн оқытып отырған орталықтардың да жұмысы зая кетiп жатыр. Өйткенi, курсты тәмамдаған қызметшiлер оны ары қарай жетiлдiрмейдi.

Рухты оятқан жиында балабақша, мектеп, колледж басшылары бiлiм саласында орын алып отырған олқылықтарды қозғады. Көкшетау қаласындағы «Нұрай» балабақшасының меңгерушiсi Айгүл Маментикова бөбекжайлардағы қазақ топтарында қазақ тiлiнде оқытуды қайтаруды сұраса, Мәлiк Ғабдуллин атындағы №3 мектептiң қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi Шаттық Қарасартова қазақи орта қалыптастыру қажеттiгiн тiлге тиек еттi. Жанайдар Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжiнiң директоры Нұртас Ахат ұлттық сана, ұлттық код пен ұлттық бiрегейлiктi қалыптастырудың жолдарын ұсынды. Ғалымның айтуынша, тiлдiк орта қалыптаспағандықтан, қазiр тұтас бiр ұрпақтың жойылып кету қаупi тұр. «Бiзде шала қазақ та, таза қазақ та жоқ, бiз бiр ғана ұлт — қазақпыз», — деп сөзiн түйiндедi.

Аршалы ауданы әкiмiнiң орынбасары Асылбек Баяжұма мемлекеттiк қызметшiлердiң тест тапсыру барысында қазақ тiлiне қатысты сауалдарға жауап бермей-ақ өте беретiнiн сынға алды. Ал, Атбасар аудандық сотының судьясы Асқар Шарапатов сот iсiн қазақ тiлiнде жүргiзудегi қолдан жасалып отырған кедергiлердi алға тартты. Облыстық оқу-әдiстемелiк орталығының директоры Қаратай Төлекеев қазақ тiлiн оқуға уақыт таппай жүрген мемлекеттiк қызметшiлердi сынға алды.

Ал, осы жиынға арнайы шақырылған қоғам қайраткерi, қазақ тiлiнiң жанашыры Оразгүл Асанқызы ортаға шыққанда, мүлгiген тыныштық орнады. Өзiнiң асқақ дауысымен, хас батырларға тән өрлiгiмен, өршiл рухымен туған тiл, туған жер, ата-баба аманаты жайлы айтқан әңгiмесi баршамызды ұйытты. Тiптi, бойымызға күш бiтiп, санамызда сан ойлар сапырылысып, көзiмiзде от ойнап, кеудемiз жалын атты. Бойын тiк, басын шалқайта ұстап, мiрдiң оғындай әр сөзiн әр қазаққа қадай айтқанда, жасыған жiгер жанылып,мүдiрген тiл шешiлiп, кесiмдi ой мен пiкiр қалыптасқаны шындық едi. Жиын соңында қабылданған Үндеуде көтерiлген басты үш мiндет: Бiрiншi: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн» деген Елбасының сөзiн негiзгi қағида етiп алу. Яғни, әр қазақ үйiнде де, жұмыста да, оқу орнында да, айналасында да өзiнiң қазақ тiлiнде сөйлеуiн қадағалау. Екiншiсi: «Отбасында Ана тiлiмiздi ардақтайық» деген қасиеттi ұғым қалыптастыру. Отбасы мүшелерiнiң бiр-бiрiмен қазақ тiлiнде сөйлесуiн қадағалау. Үшiншiден: Мемлекеттiк қызметте мемлекеттiк тiлдiң қолданылуын басшының талап етуi. Күнделiктi жұмысқа келiп түсетiн хат-хабар, қаулы-қарарды мемлекеттiк тiлде талдау. Егер сiз ұлт болашағын ойлаған өз елiнiң саналы азаматы болсаңыз өз тiлiмiздi өзiмiз өгейсiтпейiк, ағайын!

Г. АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Мақаланың шыққан күні: 01.02.2018
Қаралым саны: 381
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

 

 

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

 

akymat_kokshetay@mail.ru

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2018 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро