Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 378.17
EUR | KZT 429.11
RUB | KZT 5.88
Көкшетау қ.
-2 °C
2019 ж. наурыздың 22
Жәрдемақы кімдерге тиесілі?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезiнде айтқан әлеуметтiк бастамалары халықтың көңiлiнен шығып, зор қолдауға ие болып отыр. Көпбалалы аналарға берiлетiн атаулы әлеуметтiк көмек 1 шiлдеден емес, 1 сәуiрден бас-тап берiле бастайды. Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламаларды үйлестiру бөлiмiнiң жетекшiсi Қали Ахметов көпбалалы отбасындағы әрбiр балаға берiлетiн төлем жүйесiн түсiндiрiп бердi.

Оның сөзiне қарағанда, алдымен көпбалалы отбасының табысы есептеледi. Ал, жаңа жәрдемақы табысы төмен отбасыларға ғана төленедi. «Бұл — әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған көмек. Жағдайы жақсы отбасылар ондай көмекке зәру емес деп ойлаймыз. Ал, кедейшiлiк деңгейiнен төмен отбасыларға көмектесу керек. Президент айтқандай, кедейшiлiктiң деңгейi күнкөрiс шегiнiң 50 пайызынан 70 пайызға дейiн көтерiледi. Отбасының әрбiр мүшесiне шаққанда осы межеден төмен тұрғандарға атаулы көмектiң жаңа түрi берiледi. Бұдан бөлек, әлеуметтiк көмектi алу шаралары жеңiлдейдi. Демек, әлеуметтiк жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларда әрбiр балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы төленедi. Нақты айтсақ, 20 789 мың теңге. Ондай көмектi төрт және одан көп баласы бар отбасылар алады. Жәрдемақы 18 жасқа дейiн, егер балалар жоғары оқу орындарында оқитын болса 23 жасқа дейiн төленедi, — дейдi Қали Ахметов.

Оның айтуынша, отбасының жиынтық табысын есептеген кезде, көпбалалы отбасыларға, «Күмiс алқа», «Алтын алқа» иегерлерiне, мүгедек балаларға төленетiн жәрдемақылар мен шәкiртақы есепке алынбайды. Халықты бекерден-бекер сандалтпас үшiн сұралатын құжаттар саны азайтылып отыр. Мұның бәрi электронды түрде жүзеге асады. Жергiлiктi жерлерде жұмыспен қамту орталықтары, әкiмшiлiктер тиiстi мемлекеттiк органдарға сұрау жасап, өздерiне қажет мәлiметтi алатын болады. Өңiрлердегi отбасылардың қажеттiлiгiн, тұрмысын анықтау үшiн әлеуметтiк карталар жасалды. Осылайша, әр отбасыға талдау жасалып, ең мұқтаждарына мемлекеттен көмек көрсетiледi.

Бүгiнгi күнi Көкшетауда 899 көпбалалы отбасыларда 4 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Былтыр 96 көпбалалы отбасына мемлекеттен 17,5 миллион теңгенiң атаулы әлеуметтiк көмегi төленген. Тұрғын үй кезегiнде тұрған 4657 әл-ауқаты төмен санаттағылардың 318-i көпбалалы отбасылар. Аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарын өтеу мақсатында былтыр қала бойынша 518 отбасына жалпы құны 14780,0 млн теңгеге тұрғын үй көмегi тағайындалды. 9641 адам 211328,6 мың теңгенiң әлеуметтiк көмегiне қол жеткiздi. Сондай-ақ, 8 наурыз мерекесiнде «Алтын алқа», «Күмiс алқа» иегерлерi — 1024 көпбалалы аналарға жергiлiктi бюджеттен 10240,0 мың теңге қаражат бөлiндi.

Сонымен, елiмiзде халықтың әлеуметтiк жағдайын анықтайтын түрлi көрсеткiштер бар. Соның негiзгiлерiнiң бiрi — ең төменгi күнкөрiс шегi. Ол жыл сайын өзгерiп отырады және биыл адам басына 29 698 теңге болып белгiленген. Мұнан бөлек кедейлiк шегi дейтiн тағы бiр көрсеткiш бар. Ол қазiр жоғарыда айтылған ең төменгi күнкөрiс шегiнiң 50 пайызын құрайды. Яғни, биыл кедейлiк шегi адам басына шаққанда 14 849 теңге болып белгiленген. «Нұр Отан» партиясының съезiнде сөз сөйлеген Елбасы 1 шiлдеден бастап кедейлiк шегiн ең төменгi күнкөрiс шегiнiң 70 пайызына дейiн көтерудi тапсырды. Демек, ең төменгi күнкөрiс шегi 20 800 теңгенi құрайды деген сөз. — Көпбалалы отбасыларға берiлетiн жәрдемақыны алу үшiн Сiздiң отбасыңыздың табысы жан басына шаққанда осы көрсеткiштен аспауы тиiс. Мәселен, кәмелет жасына толмаған 4 баласы бар ерлi-зайыптыларды алып қарайық. Олардың отбасында ата-анасы мен 4 баласы, яғни 6 адам өмiр сүредi. Әлгi айтқан кедейлiк шегiне тең 20 800 теңгенi 6 адамға көбейтсеңiз 124 мың 800 теңге болады. Егер бiз қарастырып отырған отбасының ай сайынғы жалпы табысы осы көрсеткiштен аспаса, ол отбасы кедейлiк шегiнен төмен өмiр сүретiн болып есептеледi. Елбасы айтқан 21 мың теңге жәрдемақы мiне, осындай отбасыларға төленедi, — дейдi Қ.Ахметов.

Мақаланың шыққан күні: 15.03.2019
Қаралым саны: 40

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіз қандай санатқа жатасыз?