Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 386.82
EUR | KZT 428.67
RUB | KZT 5.86
Көкшетау қ.
19 °C
2019 ж. тамыздың 19
Бір шаңырақ астында – берекелі, бейбіт өмір!

Елдегi достық пен өзара түсiнiстiктiң шынайы көрiнiсiн ұлықтаған 1 мамыр — Қазақстан халқының бiрлiгi күнi мерекесi Көкшетауда да кеңiнен аталып өттi.

Көктем гүлдерi бүр жарып, ақ бұлақтары сылдыр қағып қырдан құлаған, табиғаттың жасанған бiр шағында келер бұл мереке бiздiң Тәуелсiз Қазақстанымыздың ең бiр елеулi де қалаулы мерекелерiнiң бiрi, оның өзге елдерден ерекшелiгiн паш ететiн жарқын мереке! Қазақстанның ту қып ұстаған жетiстiгi де, алдағы жетiстiктерге негiз болар темiрқазығы да осы — ел тыныштығы, Қазақстанда мекен еткен жүзден астам ұлт пен ұлыстың өзара достығы. Әлем елдерi бiздегi тағдыр тоғыстырған әртүрлi ұлттардың ұлан-ғайыр жердi мекен еткен жергiлiктi халықпен етене араласып туыс-дос болып, бiр ниетке бiрiгiп ғұмыр кешуiне таңдай қағады. Жаратылысынан қонақжай, кеңпейiл қазақ жұрты тауқымет шеккен талай ұлт-ұлыс өкiлдерiн бауыр қылып, берекелi тiрлiкке бас-тады. Халқымыздың ол адал ниетi, мейiрбандығы, қамқорлығы алдынан шықты. Қазақтың қиналғанда қол созғанын, бүтiн құртты жарып жеген жақсылығын ешкiм ұмытқан жоқ. Осы елдi өздерiне Отан санады, осы елдiң өркендеуi үшiн еңбек еттi, тер төктi, ұрпақ өсiрдi.

Көкшетау қаласы да мерекеге сән-салтанатын жарастыра дайындалған. Көшелер мен алаңдар көпшiлiктiң көтерiңкi көңiлiндей көркем безендiрiлген. Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев алдымен Абылай хан алаңындағы «Менiң Отаным — Қазақстан» деген атпен асфальтқа балалардың сурет салу өнерлерiн, шеберлердiң қолданбалы-декоративтi бұйымдар көрмесiн, одан кейiн қалалық бақтағы «Достық Арбатын» тамашалады. Одан әрi 200-ге жуық «Көкшетау» мәдениет сарайының хореографиялық ұжымдары мен этномәдени бiрлестiк өкiлдерiнiң қатысуымен облыстық достық фестивалiнiң ашылу салтанаты қуаныш, мереке көкжиегiн кеңейте түстi. Тәуелсiздiк алаңына жиналған көпшiлiк назарына «Бiрлiк. Ынтымақ. Достық» хореографиялық қойылымы ұсынылды.

Алаңдағы мiнберде Ақмола облысының әкiмi, Қазақстан Халқы Ақмола Ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледi. Облыс әкiмi жұртшылықты Қазақстан халқының бiрлiгi күнi мерекесiмен құттықтап, елiмiздегi достық пен татулықтың, бiрлiк пен берекенiң маңызы, Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың алға қойған мiндеттерiн орындау, өңiр тұрғындары әл-ауқаты мен тұрмысы, экономикасын iлгерiлете түсудiң қажеттiгi, алда қойылған ауқымды жоспарлар барысына тоқталды. –Тағдырдың жазуымен Ақмола облысы Отанымыздың көптеген ұлттар мен ұлыстар шоғырланған өңiрлерiнiң бiрiне айналды. Бүгiнде ғасырлар бойы қалыптасқан өзара сенiм мен достыққа қылау түсiрмей, бiр мақсат, бiр мүдде жолында ынтымақты өмiр сүрiп келемiз. Халқымыздың ырысты ынтымағы мен абыройлы ауызбiрлiгiнiң арқасында кездескен қиындықтарды еңсерiп келемiз. Индустрия саласындағы iрi инвестициялық жобалар, экономикалық және инфрақұрылымдық дамытудың инновациялық жобалары, шағын және орта бизнестi нығайту мен дамыту — осының барлығы облыс экономикасына үлкен өзгерiстер әкелдi. Бұл өңiр тұрғындарының өмiр сүру деңгейiне де зор ықпал етiп, ақмолалықтардың әл-ауқаты артып келедi. Дегенмен, бiз осы қол жеткiзген жетiстiктерiмiзбен тоқтап қалмаймыз. Бiрлiк пен татулықты нығайту арқылы қуатты да табысты мемлекет құру жолында биiк белес-терге қол жеткiземiз, — дедi өңiр басшысы өз құттықтауында.

Мерекелiк шарада Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев жүзден астам ұлт пен ұлыс қасиеттi қазақ жерiн мекендеп отырған елiмiзде бейбiтшiлiк пен ынтымақ басты құндылық екендiгiне тоқталды: «Қазақстан — көпұлтты, бейбiт өмiр астында тату-тәттi ғұмыр кешiп жатқан, бақытты ел. Бiздiң халқымыз түнде тыныш ұйықтап, ертеңгi күндi алаңсыз қарсы алады. Одан асқан қандай бақыт болсын. Бұл әрине, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтай бiртуар тұлғаның еңбегi дер едiм. Мен өз отбасыммен осындай саяси тұрақты, дамудың даңғыл жолына түскен, жарқын болашаққа қадам басқан елде өмiр сүрiп жатқанымды бақыт санаймын. Ұрпағым осы жерде өнiп, жапырақ жайып, жайқалып келедi. Қазақ елiнiң гүлденуiне өз үлесiн қосып жатыр. Алдағы уақытта да елiмiздiң қарыштап дамитынына сенiмдiмiн. Биылғы Жастар жылында жас буынды Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты мен жүргiзiлiп жатқан реформаларды қолдап, болашағы бiртұтас ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуге шақырамын!» — дейдi Герихан Яндиев.

Бұл күнi облыс басшысы алаңдағы 11 этноқалашық павильондарын аралап көрдi. Әр павильонда ұлттық бұйымдар, тағамдар, қолданбалы өнер туындылары қойылып, өңiрде тұрып жатқан әр ұлт өкiлдерiнiң салт-дәстүрi мен әдет-ғұрыптарынан көрiнiстер ұсынылды.

Мерекелiк шара концерттiк бағдарламаға ұласып, «Райым и Артур» тобы, Мөлдiр Әуелбекова, Алмас Кiшкенбаев сияқты танымал эстрада әншiлерi мен «Назар аудар» КТК командалары, облысымыздағы шығармашылық ұжымдары қала тұрғындарына әсерлi кеш сыйлады. Ақан серi атындағы мәдениет колледжi студенттерi көрермендерге мерекелiк флешмоб тарту еттi. Тәуелсiздiк стелласының алдында ұлттық спорт түрлерiнен жарыстар өттi. Сондай-ақ, қала тұрғындары үшiн мерекелiк жәрмеңке ұйымдастырылды.

 

Мақаланың шыққан күні: 02.05.2019
Қаралым саны: 135

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіздің жасыңыз?