Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 379.86
EUR | KZT 422.97
RUB | KZT 5.85
Көкшетау қ.
8 °C
2019 ж. сәуiрдiң 26
Ұлтының ұлы перзенті

Жер қойнауының сиқырлы жиһазын асқан көрегендiкпен аша бiлген академик Қаныш Сәтбаев — қазақ халқы мен Қазақстан тарихындағы зор құбылыс. Ол аса көрнектi ғалым-геолог қана емес, өз заманының әйгiлi табиғат зерттеушiсi, әлемдiк өреге көтерiлген ойшыл ғұлама. Қаныш Имантайұлы мемлекет және қоғам қайраткерi ретiнде, ғалымдығы мен шебер ұйымдастырушылық қабiлетiнiң арқасында Қазақстанның индустриялық даму жолындағы өркениеттi үрдiстiң көш басында болып, кемеңгер ғалым атанды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуiрде қазiргi Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Теңдiк ауылында өз уақытында қазақтың игi жақсыларына белгiлi болған ауқатты әулетте дүниеге келген.

Болашақ ғалымның әкесi Имантай Сәтбаев ауыз әдебиетi мен өз жерiнiң тарихын жақсы бiлетiн, түркiтектес һәм шығыс елдерiнiң әдебиетiмен таныс аса сауатты адам болыпты. Имантай Сәтбаев қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановқа зор құрметпен қараған, оның әкесi Шыңғыспен жақсы таныс болып, сыйластық құрған. Орыстың белгiлi ғалым-этнографы, Шоқан Уәлихановтың бiрге оқыған досы Г.Н.Потанин Ресейдiң географиялық қоғамының ауыз әдебиетiн жинастыру кызметiне Имантай Сәтбаевтың көмегiн пайдаланған.

Анасы Әлима Исақызы кенже ұлы Қаныш бес жасқа келгенде қайтыс болған. Жас Қаныш Имантайдың бәйбiшесi Нұрым Тасболатқызының мейiрбан әрi құтты бауырында өстi. Болашақ ғалым өз әкесiнен, ауылдық молдадан, оған қоса жергiлiктi екiжылдық Ақкелiн мектебiнен алғашқы бiлiм алды. Бала Қаныш сол күндерден-ақ ерекше ұғымталдық қабiлет танытты. Бұл жайында көп жылдардан кейiн «Өмiрдiң төрт мезгiлi» атты кiтабында академик Ш.Шөкин былай деп жазады. «Менi бiр көргеннен жадында сақтап қалғыш мiнезi талай тандантты. Арада он жыл өтсе де бiр ұшырасқан адамды кеше ғана кездескендей ұмытпайтын».

Ауыл мектебiнен кейiн оқуын Павлодардағы екiжылдық орыс-қазақ училищесiнде жал-ғастырған жас талант оны үздiк аяқтады. Сол жылы Семейдегi мұғалiмдер семинариясына түсiп, 1918 жылы бiтiрiп шықты. 1918-1919 жылдары Семейдегi педагогикалық курстарда жаратылыстану пәнiнiң мұғалiмi, 1919-1920 жылдары Ақкелiн болысындағы 4-ауылда мұғалiм, 1920-1921 жылдары Баян-ауылда халық судьясы қызметтерiн атқарды.

Қаныш Имантайұлының азамат болып қалыптасуына Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтардың үлгiлi өмiрi мен еңбектерi әсерiн тигiздi. Ол Абайдың поэзиясын жақсы игерiп, оның көптеген шығармаларын жатқа айтып машықтанды, лирикалық әндерiн үздiк орындап жүрдi. Студенттiк жылдарында Ш.Уәлихановтың шығармаларын терең талдап, мұқият оқыды. Шоқанның Қостанай төңiрегiндегi ақын-жыраулардың аузынан жазып алған, әйгiлi Едiге батыр жайындағы «Ер Едiге» эпосын қазақ тiлiне аударады. Осы еңбегi 1927 жылы Мәскеуде басылып шықты. «Бұл аңызды қазақшаға қайта аударуымның негiзгi себебi — бұрынғы Мелиоранскийдiң аударған нұсқасында аты қазақша, заты кiтапшiлдеу ноғайша болып кетуiне байланысты» деп Қаныш Имантайұлы анық жазды. Бұл еңбегiн ана тiлiне деген үлкен қамқорлығы һәм тiл ұстартуға қосқан тамаша үлесi деп бiлемiз.

Қаныш Шоқан Уәлиханов сияқты ауыз әдебиетiн зерттеудi Баянауылда жүргенде бас-тап, студент кезiнде жалғастырды. Жезқазған — Ұлытау өңiрiнде бұл талабын күрделi ғылыми зерттеуге айналдырған ол көптеген этнографиялық тарихи мұраларды ашты. 1921 жылы күзде ол қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетiнiң геология бөлiмiне қабылданды. 1926 жылы Қаныш институтты үздiк аяқтап, тау-кен инженер-геологы деген мамандық бойынша диплом алған бiрiншi қазақ болды. Институтты бiтiргеннен кейiн Қазақстан Халық шаруашылығы орталық кеңесiнiң ұйғаруымен «Атбасцветмет» тресiнiң геология бөлiмiн басқаруға жiберiлдi. Бұл треске Жезқазған мыс кен орындарын, Байқоңыр көмiрiн зерттеу және ағылшындар бастап, аяқтамаған Қарсақбай мыс зауытының құрылысын жалғастыру мiңдеттелдi. Бұған қоса Орталық қазақстандық басқа да кен орындарының жұмысын қадағалау тапсырылды. Қаныш «Атбасцветмет» тресiнiң беделдi қызметкерi болды. Ол кезде бұл мекеменiң кеңсесi Мәскеуде едi. Жас маман жазда өнеркәсiп орындарында болса, қыста Мәскеуде зертханалық талдау жасаумен айналысты. Қарсақбайға Қаныш Имантайұлы 1926 жылы келдi. Оның алдында Жезқазған — Ұлытау ауданындағы кен байлықтарын iздеу мен геологиялық барлау жұмыстарын жаңа техникамен кеңiнен жүргiзу тәрiздi аса маңызды мiндет тұрды. Қаныш бұл жұмыстарды асқан iскерлiкпен атқарып, Жезқазған кен орнында мыс қорының орасан мол екендiгiн анықтады. Ол геологиялық-барлау жұмыстарымен ғана шектелмей, геология ғылымының барлық саласы бойынша жұмыс жүргiздi. Жаңа технологияны пайдалана отырып, ғылым мен нақтылы iстiң бiрлiгiн ұштастырып, сан салалы геологиялық қызмет жүйесiнiң негiзiн қалады. Қаныш Сәтбаев — кен инженер-геологы ретiнде тау-кен жұмысын да жақсы бiлетiн, әртүрлi кен қазбасы жүйелерiн мұқият зерттеген, жер жүзiндегi мысты алқаптардағы кенiштердiң геологиясымен бiрге кен қазу технологиясын да терең талдаған оқымысты. 1941 жылы Қ.И.Сәтбаев Алматыдағы Геологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды. Сол жылы ол Одақтық Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалы төрағасының орынбасары, 1942 жылдан бастап сол филиалдың — болашақ Қазақстан Ғылым Академиясының басшысы болды. 1942 жылы Қ.Сәтбаев Жезқазғанға арналған ғылыми еңбегi үшiн геология-минералогия ғылымдарының докторы атағына ие болды. Сол жылы «Жезқазған ауданының кен орындары» атты ғылыми еңбегi үшiн Мемлекеттiк сыйлық берiлдi. Соғыс кезiндегi ауыр жылдарда ғалым өзiнiң бар күш-жiгерiн Отанды фашизмнен қорғау iсiне арнады. Басқа да көптеген қауырт жұмыстардың iшiнде өзi ашқан Жездiдегi марганец қазба байлығын Отан қорғау игiлiгiне тез арада аттандыру тамаша ерлiкпен пара-пар едi. Қаныш Имантайұлы соғыс кезiнде орталықтан жер аударылған ғалымдар мен өнер қызметкерлерiне үлкен қамқорлық жасап, майданға көмек көрсету, әртүрлi күрделi ғылыми мәселелердi шешуде оларды ортақ iске жұмылдырды. Орал, Батыс Сiбiр және Қазақстанның кен байлығын Отан қорғау жолына жұмсауға арналған Мемлекеттiк комиссияның мүшесi болды. Ол тек қана геология ғылымымен шұғылданып қоймай, халық шаруашылығының индустриялды жолмен өркендеуiне ұйымдастырушы ретiнде өте зор еңбек сiңiрдi. Ғылым мен нақты iстi ұштастыра жүргiзу оның өмiр бойғы қайраткерлiк кредосына айналды.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тамаша мiнез-құлқымен де, өзiнiң сұлу тұлғасымен де ерекше дараланатын. Үлкен-кiшiмен қарым-қатынаста ол қарапайым және сыпайы болатын, әрқашан қайырымдылығымен, қамқорлыққа құштарлығымен баурайтын. Ол өзiнiң жылы күлкiсi, мейiрбанды жүзiмен кездескен адамның мәңгiлiк есiнде қалатын.

Қ.И.Сәтбаев — үлкен шаңырақтың атасы. Ол балаларын өте жақсы көрiп, оларға тамаша тәлiм-тәрбие берген. Қаныш Имантайұлының бiрiншi зайыбы Шәрипа Имантаевадан туған Ханиса Сәтбаева — медицина ғылымдарының докторы, профессор; Шәмшиябану Сәтбаева — филология ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, екiншi зайыбы Таисия Кошкина-Сәтбаевадан туған Мейiз Сәтбаева геология-минералогия ғылымдарының докторы. Мәлеш атты ұлы он төрт жасында, Мәриям атты қызы жиырма бiр жасында қайтыс болған. Үш қызынан туған сегiз немересi, жетi шөбересi бар.

Мақаланың шыққан күні: 12.04.2019
Қаралым саны: 44

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіз қандай санатқа жатасыз?