Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 374.2
EUR | KZT 420.34
RUB | KZT 5.52
Көкшетау қ.
-6 °C
2018 ж. қарашаның 14
Уақыт көшіне ілесіп...

Көкшетаудағы «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» (КАИК) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi Қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру мен электрлендiру ғылыми-зерттеу институты өкiлдерiмен әрiптестiк байланыс орнатқан. Ғалымдар зауытқа сынақтан өткен техникалардың ресми құжаттарын бередi. Ал, кәсiпорын басшылығы көлiктердi өндiрiске қосады. Көкшетау қаласының iргесiнен былтыр ғана пайда болған бұл зауыттың жұмысы қазiр қарқын алып келедi. Бүгiнде мұнда шөп шапқыш, шөп шинағыш және тiркеме секiлдi бас-аяғы 8 түрлi техника шығарылып жатыр. Оған ендi топырақ өңдейтiн және мал азығын дайындайтын тағы 6 техника қосылады.

Зауыттың бас директоры Олег Балыбин қазiр техникалардың қосалқы бөлшектерiн де өзiмiзде шығаруға тырысып жатырмыз. Ал, жаңағы 6 техника келесi жылдан бастап өндiрiлiп, сатылымға шыға бастайды. Бiзге мемлекет субсидия берiп отыр. Сол себептi алдағы уақытта техникаларымызды үстемесi 5 пайыздық лизингке беремiз дейдi. Аз ғана уақыттың iшiнде кәсiпорын елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен өкiлдiктерiн ашып үлгерiптi. Яғни, кез келген қазақстандық шаруаға Көкшетаудың техникалары қолжетiмдi болмақ. Зауыт қазiр жылына 250 бiрлiк техника шығарып отырса, келесi жылдан бастап 600 бiрлiкке дейiн жеткiзу жоспарланған. Ал, жүйелi жұмыс iстей алатын осындай өндiрiс ошақтарына мемлекет те көмегiн аямайды.

Зауытқа биылдан бастап жеңiлдетiлген несие берiлейiн деп жатыр. Ол қаржыға жаңа станоктар алынып, жұмыс орны кеңейтiледi. Жалпы, өндiрiстi көбейтiп, техника шығару ауқымы кеңейдi. Зауыттың жоспарында 30 түрлi техника құрастыру межесi тұр. Бұл жұмыстарға әзiрге 30 адам жұмылдырылған. Келесi жылдан бастап кәсiпорын өндiрiс аумағын одан әрi кеңейтудi көздеп отыр. Ол үшiн осы зауыттың жанынан тағы бiрнеше өндiрiс алаңдары салынады. Бұл жобалар жүзеге асқан кезде жұмысшылардың қатары 200-ден асады деген жоспар бар. «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi өзiнiң жұмысын 2012 жылы «Қазақстан-Беларусь индустриалды-технологиялық ауылшаруашылығы мен коммуналдық техника паркi» инвестициялық жобасы аясында Көкшетау қаласында бастаған болатын. 2014 жылдың мамыр айынан бастап «Минск Трактор Зауыты» ашық акционерлiк қоғамы мен МТЗ-КАИК арасында бiрлескен жинақтама жүргiзу жөнiнде келiсiмшарт жасалды. Оның барысында озық технологияларды пайдалана отырып, «Беларус 82.1», «Беларус 82.1- 23/12-23/32», «Беларус 92П» тракторларын шығару жөнiнде лицензиялық келiсiм жасалды. 2014 жылдың маусымында «Бобруйскагромаш» ашық акционерлiк қоғамымен бiрлескен «КазАгроБел» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi деп аталатын бiрлескен кәсiпорын құрылды. Кәсiпорынның құпияларын берудi қолдану арқылы және техникалық құжаттаманы пайдаланып, трактор тiркемелерiн, жартылай тiркемелердi және баспақ-жинағыштарын өндiру технологиясы бойынша лицензиялық келiсiмшарт жасалды. Сондай-ақ, машина жинақталымдарын жеткiзу жөнiнде де келiсiмге келдi. Ал, 2018 жылы бiрлескен МАЗ тiркемелерiн және МАЗ жүктi өзi түсiргiштердi құрастыруға қатысты лицензиялық келiсiмге қол қойылды. КАИК компаниясы Қазақстандағы эксклюзивтi дилер болып саналады. Бүгiнде ол «AGKO-

AMITY JC» LLC (АҚШ), Белоруссияның «Минск Трактор Зауыты», «Бобруйскагромаш», «Пиндiк шағын механизация құралдарының зауыты», «МАЗ» ашық акционерлiк қоғамдары, «Дорэлектромаш» ашық қоғамдық бiрлестiгiмен жұмыс iстейдi. Сатып алынған техникаға он екi айлық кепiлдеме берiледi. Сервистiк қызмет көрсету орталықтары «Вираж» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң сауда желiлерiнiң әр филиалында бар. Тапсырыс берушiнiң өзiне баратындай мобильдi сервис түрi де қолданылады. Техникалық мамандардың бiлiктiлiгi үнемi арттырылып, арнайы техникаға деген көзқарас та бiрiншi кезекте тұрады дейдi зауыт басшылығы.

Биыл өзiнiң 18 жылдық мерейтойын атап өткен Көкшетаудағы «КАМАЗ-Инжиниринг» зауытын бәсекелестiгi төмен компанияға жатқызу қиын.

Бұл ұйым бiлiктi мамандардың арқасында елiмiздiң күш құрылымдарына, коммуналдық салаға, мұнай-газ бен халық шаруашылығына қажеттi арнайы техниканы құрастырады. Он үш жылдың iшiнде конвейерден 10 мыңнан астам техника шығарылған. 2005 жылы құрылған Қазақстан-Ресей бiрлескен кәсiпорны өнiм түрлерiн одан әрi көбейтiп, көлiк бөлшектерiнiң отандық үлесiн мейлiнше арттыруды көздеп отыр. Аталған зауыт — елiмiзде теңдесi жоқ жалғыз кәсiпорын. Мұнда жыл сайын арнайы көлiктердiң үлесi басым. Ал, олардың бәсекеге барынша қабiлетте болуы — зауыттағы мамандардың басты мiндетi.

Бiзде тапсырыс берушiлердiң талабын толық қанағаттандыратын, барлық талаптарға сай келетiн, сондай-ақ, жоғары сұранысқа ие арнайы техникалар шығарылады. Бастапқыда Евро-1 санаты бойынша көлiк құрастырсақ, қазiргi көлiктерiмiз Евро-4 талабына сәйкес келедi. Ендi Еуро-5-ке дайындық үстiндемiз дейдi техникалық бюроның мамандары.

Зауытта әр екi сағат сайын бiр көлiк құрастырылады. Осылайша конвейерден күнiне кем дегенде 4-5 техника шығады. Ал, сол көлiктердiң әрбiр тетiгi зауыт жұмысшыларының қолынан өтедi. Алғашқыда мұнда бар-жоғы елу адам жұмыс iстеген болса, кейiннен өндiрiсте 200-ге тарта жергiлiктi тұрғын еңбекпен қамтылыпты. Қазiр зауыт 40-тан астам техниканың түрiн шығарып отыр. Бастапқыда жүктi өзi түсiретiн машиналар мен вахталық автобустар шығарған болса, кейiн сериялық өнiм қолға алынды. КАМАЗ-Инжиниринг бүгiнде Қазақстан Республикасындағы техникалық жарақтанған iрi зауыт-өндiрушi саналады. Құрылған күнiнен бастап өзiнiң модельдiк қатарын арттыруды көздеп келедi. Негiзi елiмiздiң қажетiн қанағаттандыруды көздейтiн кәсiпорын Қазақстанның кез келген аумағына тапсырысты жүргiзушi — экспедиторлардың көмегiмен тегiн жеткiзiп бередi. Өндiрiс ошағы құрылған күннен бастап «AutoTrade-K» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiмен келiсiмшарт жасасқан. Ол ресейдiң Набережные Челны қаласындағы «КАМАЗ» ПАК Камалық автомобиль зауытының ресми дилерi ретiнде «КАМАЗ-Инжинирингпен» бiрлесiп Қазақстанда жаңа камаздарды тiкелей сату құқығына ие. Барлық автомобиль техникасы зауыт кепiлдiгiмен, сервистiк және техникалық қызмет көрсетуiмен қамтамасыз етiлген. Елiмiздiң әр аумағында сертификатталған КАМАЗ автоорталықтары жұмыс iстейдi. Корпоративтiк клиенттерiнiң сапында тау-кен комбинаттары, мұнай-газ компаниялары, ұжымшар шаруашылықтары, құрылыс компаниялары, қалалық шаруашылықтар және жеке тұлғалар бар. Өндiрiс ошағы заманауи бақылау-диагностикалық және технологиялық қондырғылармен жарақтанған. Жинақталатын өнiм өзiндiк құнына салық салынбайтын «Еркiн қойма» арқылы сатылатын тауарлар тiзiмiне енген. «КАМАЗ- Инжиниринг» акционерлiк қоғамының құрылтайшысы болып ресейлiк машинақұрастыру флагманы саналатын «Камаз» АҚҚ мен «Қазақстан-Инжиниринг» ұлттық компаниясы АҚ болып табылады. Кәсiпорын Камаз iрi жүк көлiктерiне бейiмделгеннен бастап оның 4000 түрiн шығарды. Көкшетауда жиналатын автомобильдер маңызды құрылыс магистральдерiнде жұмыс iстейдi. Өндiрiс ошағы, сондай-ақ, маңызды салық төлеушiлердiң қатарында. Жоба жүзеге асқан күннен бастап бюджетке 1,5 миллиард теңге аударды. Кәсiпорын өз көлiктерiнiң сапасына ерекше мән бередi. Қазiр мұнда халықаралық стандартқа сай сапа менеджментi жүйесi енгiзiлген. Сондай-ақ, экологиялық және кәсiби қауiпсiздiк пен денсаулық менеджментi жүйесiне көшу жоспарланып отыр. Компания Камаз базасында сериялық автомобильдердi, арнайы техниканы, қосалқы бөлшектердi жеткiзушi ретiнде де кең танымал. Бүгiнгi күнi зауыт жүктi өзi түсiргiш — самосвалдарды, қорапты тартқыштарды шығарушы және жеткiзушi ретiнде тапсырыс берушiлердiң лайықты бағасын алған. Алдағы уақытта Көкшетаудағы iрi жүк көлiгiн құрастыратын зауыт автомобильдердiң модельдiк қатарын кеңейте түсудi жоспарлауда.

Мақаланың шыққан күні: 11.09.2018
Қаралым саны: 82
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Біздің сайтқа не арқылы кірдіңіз?