Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 366.43
EUR | KZT 420.11
RUB | KZT 5.58
Көкшетау қ.
-2 °C
2018 ж. қазанның 22
Тоғыз жолдың торабына айналсақ

Ел мен елдi жалғастырып, алысты жақын етiп, берекелi бiрлiкке ұластырып отырған көлiк саласының маңызы зор. Көлiк логистикасы — экономиканың күретамыры болғандықтан, бұл саланы дамытуға әркез баса көңiл бөлiнiп келедi. Қайтарымы бар салаға салынған қаражат та аз емес. Нәтижесi көз алдымызда.

Тәуелсiздiк тұғыры орнаған ширек ғасырда бiраз жұмыстың басы қайырылды. ТМД елдерi арасында Қазақстан — 25 жыл iшiнде 2500 шақырым жаңа темiржол желiсiн салған жалғыз мемлекет.

Бүгiнде елiмiзде 5 халықаралық темiржол және 6 автомобиль дәлiзi құрылды және қарқынды түрде жұмыс iстейдi. Осы дәлiздердi дамыту үшiн еуразиялық көлiк дәлiздерiнiң жаңа архитектурасы құрылуда. Каспий аймағының Солтүстiк-Оңтүстiк және Транскаспий халықаралық көлiк бағыты сияқты дәлiздер Қытайдан Еуропаға, Үндiстаннан Еуропалық одақ елдерiне және Ресейге жүк тасымалдау уақытын едәуiр қысқартуға мүмкiндiк бередi. Сонымен бiрге Каспий аймағындағы теңiз порттары Әзербайжанға, Түрiкменстанға, Ресей мен Иранға және одан әрi Таяу Шығысқа қол жеткiзуге мүмкiндiк туғызады. Осы орайда тiлге тиек етерлiк жедел жобалардың бiрi «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық көлiк дәлiзi. Бұл жобаның арқасында Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға дейiн жүктер 10-12 күн iшiнде жеткiзiледi, ал Оңтүстiк Теңiз жолы бойымен 45-60 күнде жеткiзуге болады. Темiржол саласында жалпы ұзақтығы 112 км «Алматы-Шу» учаскесiнде екiншi жол желiсiнiң құрылысы 2017 жылдың соңында аяқталды. Жалпы, жобаны iске асыру учаскенiң өткiзу мүмкiндiгiн 3 есеге, қозғалыс жылдамдығын 2 есеге арттырды. Өткен жылдың мамыр айында Елордада «Нұрлы жол» жаңа вокзал кешенi пайдалануға берiлдi. Жаңа вокзал тәулiгiне 35 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал, Астанадағы қолданыстағы ескi вокзалмен қоса алғанда тәулiгiне 47 мың жолаушыға қызмет көрсетiледi. Бұл елордадағы жолаушылар ағынына сапалы қызмет көрсетудi толығымен қамтамасыз ететiн көрсеткiш. Бүгiнгi таңда Кас-пий теңiзiндегi Құрлық портының жаңа темiржол паром терминалы арқылы миллион тоннадан астам жүк өңделдi. Елiмiздiң шығысында, Қытаймен шекара маңындағы аумақтағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ базасында 2015 жылы Құрлық портының және инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. 2017 жылы Астана қаласы әуежайында жаңа терминалдың құрылысы аяқталды. Жаңа нысанның жолаушылар өткiзу мүмкiндiгi жылына 5 млн адамды құрайды. Қазiргi уақытта халықаралық әуе қатынастарының саны — 96.

Өңiрде жол-көлiк инфра-құрылымын дамытуға 2017 жылы 12,3 миллиард теңге бөлiнiп, игерiлдi, 235,6 шақырым жол жөнделдi. Жалпы, пайдаланатын 9 автомобиль жолының учаскелерiнде күрделi және орташа жөндеумен 70,7 шақырым жол қамтылды. Бүгiнде Астана мен Көкшетауды жалғастыратын алты жолақты күрежолда автокөлiк әрi-берi күн сайын тоқтаусыз ағылуда. Жуырда Мемлекет басшысы курортты аймаққа жасаған сапарында: «Қазiр «Щучье-Бурабай» курортына барып-келуге барлық жағдай жасалған. «Астана-Көкшетау» автобаны салынды. Көкшетау әуежайы жұмыс iстеп тұр. Ендi Бурабай кентiне iшкi жолдар салып, адамдар демалатындай қолайлы жағдай туғызуымыз қажет» деген болатын.

Көкшетау — жыл санап көркейiп келе жатқан қалалардың бiрi. Соған сай, қаланың жол-көлiк қозғалысы да жетiлiп отыруы керек. Былтыр Тәшенов көшесiнiң жолына күрделi жөндеу жүргiзiлдi. Келер жылы Ғабдуллин көшесiнiң жолы жаңартылады. Биыл қаладағы Мир көшесiне Абай көшесiнен Уәлиханов көшесiне дейiнгi, Вавилов көшесi бойымен Көкшетау-Зерендi автомобиль жолынан Жайлау мөлтек ауданына дейiнгi, Наурызбай батыр көшесiне Кенесарыдан Янко көшесiне дейiнгi аумақтағы көше жолдарына күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiледi. Астана бағытына шығаберiс айналмалы жолдарын тегiстеу жұмыстары жүргiзiлуде. Жалпы, қала бойынша 52 көше жолдары жөнделдi.

Соңғы жылдары қалаға қоныстанушылар, жан-жақтан көшiп келушiлер көп. Соған байланысты жыл өткен сайын қала ауқымы кеңейiп келедi. Жаңадан бой түзеген тұрғын үй массивтерi жетерлiк. Мұндағы жолдардың бәрi бiрдей бiр-екi жылда жаңара қою мүмкiн емес. Кезең-кезеңiмен, кезек-кезегiмен жоспарға сәйкес жасалады. Биылғы жылы қала бойынша жол жөндеуге байланысты жасалған кейбiр жобаларда жаяу жүргiншiлер жолдарын, ал кейбiреулерiнде жарық шамдарын орнату, суағар жүйелерiн жаңғырту жұмыстары қарастырылған. Бұл жұмыстар көшелер мен автокөлiк жолдарына жасалатын күрделi жөндеу кезiнде толықтай жасалады.

Атқарылып жатқан жұмыстар қала көркiне кәдiмгiдей оң өзгерiстер әкелгенi айқын аңғарылады. Көшелер ретке келтiрiлiп, жолдар тегiстелiп, ерекше бiр жинақылық байқалады. Ең бастысы — жүрiп-тұруға қолайлы, абаттандырылған, ерекше жарық шамдар қондырылған, жаңғыртып қайта асфальтталған көшелер молая түстi. Бұрын, жүргiзушiлердiң жүйкесi жұқарып жататын ойқы-шойқы жерлер қазiр тақтайдай жазық. Қаланың шеткi аймақтары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Станционный поселкесi, Красный Яр селосы, қаланың шеткi аймақтарының көше жолдары ретке келтiрiлуде.

Қазiргi кезде автомобиль саны жедел өсуiне, жолаушылар тасымалдау, көлiктер қатынасының ұлғая түсуiне байланысты жолдың сапалы болу қажеттiлiгi өмiр өзi қойып отырған талап. Жолдарға салмақ түсiп, жол қозғалысының қауiпсiздiгi маңызды бола бастады. Осының бәрi қаланың көше жолдары желiсiн жақсартуды, жетiлдiрудi талап етедi.

Өмiр керуенi iлгерi тартуда. Ал, көлiксiз күнiң қараң. Көлiк бiткен жолмен жүретiндiктен, жол жағдайына қалайша бейжай қарай аларсың? Өмiр — тақтайдай түзу болмағанымен, жол қозғалысының бiрден-бiр кепiлi — жолдардың тақтайдай түзулiгi керек. Өмiр көшi дегенге қаратып та солай деуге болады. Бәрi де өз игiлiгiмiз үшiн…

Мақаланың шыққан күні: 08.08.2018
Қаралым саны: 61
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус