Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 387.34
EUR | KZT 428.44
RUB | KZT 6.04
Көкшетау қ.
13 °C
2019 ж. қыркүйектiң 19
Қала келбеті көркейе түседі

Көкшетау қалалық мәслихаты депутаттарының қатысуымен қоғамдық кеңес отырысы өттi. Күн тәртiбiндегi алғашқы мәселе — бiлiм беру мекемелерiнде қамқоршылық кеңестерiн құру туралы қалалық бiлiм бөлiмiнiң жетекшiсi Бейбiт Жүсiпов баяндады. Оның айтуынша, былтырғы жылдың қарашасынан бастап қаладағы 24 мектепте қамқоршылық кеңесi құрылған. Оның құрамында 274 адам бар. Қамқоршылық кеңестер мектептерде оқу бағдарламаларының ойдағыдай iске асырылуын, педагогикалық ұжымға қажеттi жағдайлардың жасалуын, бiлiм ошақтарының материалдық-техникалық базасының күшейтiлуiн, бөлiнген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылайды.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлiмiнiң жетекшiсi Марат Жүнiсов қаладағы абаттандыру жоспарымен таныстырды. Биыл қалада 87500 мың теңгеге 25 балалар ойын алаңдарын, 99 981 033 мың теңгеге 13 спорт алаңдарын орнату, 25 аула алаңдарын абаттандыру жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарынан бөлек шаһарда атқарылар iстер көп. Мәселен, қала көшелерiндегi аялдамалардың көбiсiнiң тозығы жеткен. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешiмiн табатынын айтады қала әкiмiнiң орынбасары Иван Юрченко. «Қаладағы аялдамаларды жаңартуды «Дизайн сити» серiктестiгi өз мойнына алғалы отыр. Жалпы, қаладағы 178 аялдаманың көбi ескi үлгiмен салынған. Жаңа аялдамалар эстетикалық талғамға сай болады деп күтiлуде. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшiн бiрқатарында сауда павильоны жұмыс iстейтiн болады. Бұл жұмыс орындарының ашылуына және салықтық түсiмге өз әсерiн тигiзбек. Автобустар кестесi көрсетiлген ақпараттық табло, лэд экрандар орнатылып, тұрғындар кез келген ақпаратқа қол жеткiзетiн болады. Мұның өзi, әсiресе, жаз айларында қала көшелерiндегi жабайы сауданы ретке келтiруге жол ашар едi. Әрине, қаладағы барлық аялдаманы бiр күнде жаңарту мүмкiн емес. Бағдарлама бiр жылға ғана арналмаған. Бәрi кезең-кезеңiмен жүзеге асырылады. Шеткi аумақтар да басты назарда», — дейдi И.Юрченко.

«Көкшетау Жылу», «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсiпорындары мен «Көкшетау энерго орталығы» серiктестiгiнде тұрғындарға көрсетiлетiн қызмет сапасы жайлы мекеме басшыларының есебi тыңдалды. «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсiпорны электрондық форматта қызмет көрсетуге көшкен. Тұрғындар жылуға, тұтынған энергияға онлайн түрде интернет банкинг арқылы төлем жасай алады. «Русская община» АҚ төрағасы А.Артеменко қорымдарды күтiп ұстау, жолдарды ретке келтiру жұмыстарына қатысты мәселелердi алға тартты. Оның айтуынша, қабiр қазып, құлпытас орнататындар артылып қалған құрылыс заттары қоқыс алаңына айналуда. Халық қалаулылары ортақ iсте тұрғындар жұмыла iске кiрiсiп, алда өтетiн сенбiлiктерде осы жұмыстарды қолға алу қажеттiгiн алға тартты. Қоғамдық кеңесте 2018-2020 жылдары қалалық бюджетке енгiзiлетiн өзгерiстер туралы қалалық экономика және бюджеттi жоспарлау бөлiмiнiң жетекшiсi Гүлмира Шұқатованың есебi тыңдалды.

Ә.ЖҮНIС.

Мақаланың шыққан күні: 16.03.2018
Қаралым саны: 884

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіздің жасыңыз?