Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы
Шешендік өнер сайысында – мектеп оқушылары

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi күнi аясында «Жас Ұлан» бiрыңғай балалар мен жасөспiрiмдер ұйымы кубогына арналған облыстық «Бала би» шешендiк өнер сайысы ұйымдастырылды. Оған Ақкөл, Астрахан, Аршалы, Бурабай, Зерендi, Еңбекшiлдер, Есiл, Егiндiкөл, Жақсы, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласынан 16 топ, 32 оқушы қатысты. Төрт айналымнан тұратын ақтық кезеңге жолдама алған дарынды балаларға арналған мамандандырылған №3 мектеп-интернатының «Қара қылды қақ жарғандар» тобы мен Бурабай ауданындағы Абай атындағы орта мектептiң «Жауһар» тобы өзара сайысты. Нәтижесiнде шешендiк өнердiң нағыз үлгiсiн танытқан бурабайлық оқушылар бас жүлденi жеңiп алды. Оларға «Жас ұланның» арнайы кубогы табыс етiлдi.

Үсен Серiкбай Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №3 мектеп-интернатының 11-шi сынып оқушысы. «Бала би» сайысына өткен жылдан берi қатысып келедi. Қазыбек би, Әйтеке би, Төле бидiң шешендiк сөздерiнде көп тәрбиелiк мән жатыр, сондықтан көп оқимын дейдi. Нағашы әжесi кiшкентайынан қазақтың тыйым сөздерiн түсiндiрiп, мақал-мәтелдiң мәйегiнен сусындатып, жұмбақтар жасырып, жаңылтпаштар жаттатқан. Ақтық сайыста қарсыластарынан озық шығуға барын салмақ. Ал бурабайлық оқушылар болса, өз бiлiмiне сенiмдi. Олар бiрден суырылып алға шықты. Ақтық кезеңге әр командадан екi оқушыдан шықты. Олар уәзiр және жырау болып сайысты. Байқау «Қоржын», «Ұлылар сөзi», «Жыраулар жырлайды», «Таразы» деген төрт кезеңнен тұрды. Оқушылар Алашорда мен Тәуелсiздiктiң жетiстiктерiн саралап, Әнет баба, Қазыбек би, Әз-Жәнiбектiң өсиет сөздерiн айна-қатесiз, тура айтып шығуға тырысты. Бiр-бiрiне өлеңмен сауалдар жолдап, жауап алды. Қорытындысында қарсыластарының кемшiлiктерiн ашық айтып, көңiлiнен шықпаған жауаптарын өздерi толықтырып, таразылады.

«Жас ұлан» бiрыңғай балалар мен жасөспiрiмдер ұйымы» қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Мейрамбек Закировтың айтуынша, «Бала би» шешендiк өнер сайысы осымен төртiншi рет ұйымдастырылып отыр. Республика көлемiнде тек бiздiң облыста ғана өтетiн сайыстың басты мақсаты ұлттық рухты оятып, төл тарихты бiлуге балаларды ұйыту. Оқушылардың қызығушылығы жылдан жылға артып келедi. Бiр өзгешелiгi, бұл пiкiрсайыс пен айтыстың қосындысынан шыққан жаңа үлгiдегi байқау. Алдағы уақытта республикалық деңгейге алып шығу жоспарлануда.

«Бала би» шешендiк өнер сайысының үшiншi орнына аршалылық «Болашақ» тобы ие болды. Байқауға қатысқан барлық оқушыларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етiлдi.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Мақаланың шыққан күні: 06.12.2017
Қаралым саны: 241
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

 

 

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

 

akymat_kokshetay@mail.ru

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2017 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро