Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 385.55
EUR | KZT 426.57
RUB | KZT 6.05
Көкшетау қ.
-3 °C
2019 ж. желтоқсанның 9
Ақмола – әлеуеті зор аймақ

Көкшетауға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңiр активiмен Ақмола облысын дамыту жөнiнде кеңес өткiзiп, бiрқатар тапсырмалар жүктедi. Сондай-ақ, облыс орталығындағы бiрнеше өндiрiс нысандарының тыныс-тiршiлiгiмен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысын дамыту мәселелерi жөнiндегi кеңесте бiрқатар мәселелердi көтердi. «Арқаның айрықша сұлу аймағы — бүкiл елiмiздiң мерейi әрi мақтанышы. Бұл — тарихы терең, табиғаты ғажайып киелi өлке. Тұғыры биiк тұлғалар шыққан қастерлi өңiр. Елорданы айнала қоршап жатқан Ақмоланың стратегиялық маңызы жоғары. Осы жердiң тұрғындары ел экономикасын өркендетуге елеулi үлес қосып келедi», — деп атап өттi жиында Мемлекет басшысы. Президент облыстың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiмен қатар, даму келешегi — елiмiз үшiн өте маңызды мiндеттер қатарында екенiн тiлге тиек еттi. «Экономикалық өсiмдi және тың өзгерiстердi елiмiздiң әрбiр тұрғыны сезiнуi қажет. Бiз халықтың әл-ауқатын арттыруды әрдайым басты назарда ұстауымыз керек. Бұл ең алдымен, жергiлiктi халық тұрғын-үй, әлеуметтiк қолдау, инфрақұрылым сияқты игiлiктердi көруi тиiс деген сөз. Сол себептi барлық деңгейдегi әкiмдер жұмысты жаңа талапқа сай, тиiмдi ұйымдастыруы қажет», — дедi.

Бұдан әрi облыс әкiмi Ермек Маржықпаев аймақтың 2019 жылдың он айындағы әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерi туралы есеп бердi. Облыс орталығын абаттандыру, жолдардың жайын жақсарту, тұрғын үй құрылысын жеделдетуге жете мән берiлiп отыр. «Облыс экономикасының көрсеткiшi 103,2 пайыз болды. Өнеркәсiп саласында 103 пайыз, ауыл шаруашылығы саласында 100 пайыздан астам, құрылыс саласында 125 пайыз өсiмге қол жеткiзiлдi», — дедi облыс әкiмi. Аймақ басшысы келтiрген мәлiметтерге қарағанда, облыста негiзгi капиталға салынған инвестиция көлемi де өсiп отыр. Жыл басынан берi облыс экономикасына 267 миллиард теңге көлемiнде инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Оның iшiнде жеке инвес-тиция үлесi 80 пайызға дейiн артып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкiмет мүшелерi мен облыс активiнiң алдында сөйлеген сөзiнде жаңа Мемлекеттiк индустриялық-инновациялық бағдарламаны сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударып, алдыңғы бағдарламаларда кеткен кемшiлiктердi ескеру керектiгiн тапсырды. Президент Ақмола облысының дамуы туралы айта келiп, өңiрдiң ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық саясат, машина жасау, түрлi-түстi металлургия, құрылыс және құс шаруашылығы салаларында оң өзгерiстер бар екенiне тоқталып, еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, оның iшiнде ауыл шаруашылығы — өңiр экономикасын өркендетудiң басты факторы екенiн жеткiздi: — Соңғы үш жылда Ақмола облысында суармалы жерлердiң көлемi 7,5 есеге артып, 24 мың гектардан асты. Бұл — өнiмдiлiктi арттыруға тiкелей әсер ететiн жақсы көрсеткiш. Осындай жұмысты жалғастыра беру қажет. Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне аграрлық өңiрлердiң әкiмдiктерiмен бiрлесiп, агроөнеркәсiп кешенiндегi еңбек өнiмдiлiгiн ұлғайту үшiн жетекшi отандық әзiрлемелер енгiзе отырып, нақты шаралар қабылдауды тапсырды: «Ауыл шаруашылығы жаңа технологияларды қолдану, автоматтандыру және цифрландыру арқылы дамуда тың серпiн алуы тиiс. Егiс алқаптарын ұлғайту үшiн ылғал және ресурс үнемдейтiн технологияларды енгiзу жөнiндегi жұмыстарды одан әрi жалғастыру қажет». Мемлекет басшысы егiстiк алқаптарын игерумен айналыспайтын латифундистерден жердi қайтарып алу жөнiндегi тапсырмасына тоқталды. «Менiң тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Бұдан тапсырманың орындалуын әдейi созып отыр деген ой туады. Мұндай жағдайда қолданатын шаралар симметриялы болады. Ықылассыз орындаушыларға оңай тимейдi», — деп ескерттi Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңiрдiң табиғи демалыс орындары мен мәдени мұра нысандары жайында айтқан Президент туристiк әлеуеттiң әлi де толық пайдаланылмай жатқанына тоқталып, туризм саласы аймақтың жалпы өнiмiнiң 0,5 пайызын ғана құрап отырғанын баса айтып, туризмдi дамытуға арналған мемлекеттiк бағдарлама бойынша 2025 жылы елiмiзде аталған көрсеткiштi 8 пайызға жеткiзу тапсырылғанын атап өттi. «Үкiметке облыс әкiмдiгiмен бiрлесiп, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үшiншi кезеңi шеңберiнде қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауды тапсырамын. Қазақстанның Туризм картасында Зерендi демалыс аймағы да бар. Аталған аймақты экологиялық және балалар туризм саласына бейiмдеуге болады», — дедi Қазақстан Президентi. Мемлекет басшысы жол бойы сервисiнiң сапасы мен қызмет көрсету деңгейiнiң төмендiгiн сынға алып, оны тиiмдi дамытудың жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Абылайдың ордасы болған киелi мекенге әйгiлi ханның монументiн салу жөнiндегi бастамаға қолдау бiлдiрдi. — Жақында маған Абылай ханға арналған монумент құрылысының жоспары таныстырылды. Жоба халықтың қаражатымен салынады. Монумент iшiнде музей, дәмхана, көру алаңы және жеделсаты жұмыс iстейдi. Жоба қолдауға тұрарлық. Аймақтың туристiк әлеуетi зор. Бiрақ мұндағы демалыс орындарынан жыл он екi ай адам аяғы арылмайды деу қиын. Басты мәселе — қарапайым сервис талапқа сай емес. Бұл Ақмола ғана емес, өзге де өңiрлерге тән құбылыс», — дедi Мемлекет басшысы.

Президент бағаның көтерiлуiне жол бермеудi, әсiресе, әлеуметтiк маңызы бар тауарларды қымбаттатпауды ескерттi. «Жыл басынан берi әлеуметтiк маңызы бар тауарлардың бағасы қымбаттап, инфляцияның алдына түсiп кеттi. Кей жағдайларда екi есеге дейiн жеткен. Инфляцияның жалпы деңгейi 5,3 пайыз, ал баға 9 пайыздан асып кеттi», — дедi. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың соңғы екi жылдағы тұрғын үй құрылысының қарқынына оң баға берiп, жергiлiктi жолдар мен көше-жол жүйесiнiң 880 шақырымы жақсарғанын айтты. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi мiндеттерге тоқталып, Үкiметке халықаралық қаржы институттарынан несие тарта отырып, Көкшетауда жылу электр орталығының құрылысына жедел кiрiсудi тапсырды: — Бұл шамамен 200 миллион долларды құрайды. Көп қаржы емес. Қарастырып, ұсыныс берiңiздер. Бiз Көкшетау қаласында мiндеттi түрде ЖЭО салуымыз керек.

Сондай-ақ, аймақты дамытуда кешендi басқару тәсiлiне көшу қажеттiгiн атап өтiп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру басты мақсат екенiн жеткiздi. «Ол үшiн Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы әкiмдiктерiнiң арасындағы жұмыстардың өзара үйлесiмдiлiгiн жандандыру керек», — дедi Мемлекет басшысы. Сөзiнiң соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкiмет пен облыс әкiмдiгiне 2020 жылы Көкшетау қаласында өтетiн Қазақстан мен Ресейдiң өңiраралық ынтымақтастық Форумын өткiзуге толық дайын болу үшiн бiрқатар тапсырма бердi.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы «Бижан» ет өңдеу зауытының өндiрiс ғимаратын аралап көрдi. Зауытта шұжықтың 15 түрi, ет консервiлерi мен жартылай фабрикаттар және тағы да басқа өнiм түрлерi өндiрiледi. Кәсiпорын 115-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Президент полипропилен бұйымдарын өндiретiн «Новопэк» ЖШС-нiң технологиялық процесiмен танысты. Өндiрiлетiн өнiм әлемдiк стандарттарға сай келедi және Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжiкстан елдерiне экспортталады. Зауытта 940-тан астам адам жұмыс iстейдi. Компанияның бас директоры Рүстем Османов Президентке кәсiпорын қызметкерлерiне арналған 600 орындық жатақхананың құрылысы және мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк аясында салынатын балабақша жайында баяндады. Мемлекет басшысы Көкшетаудағы әйелдер кәсiпкерлiгiмен де танысты. Былтыр ғана ашылған «Ақай» сән үйiне барып, электронды тiгiн машинасын сыйға тартты.

Мақаланың шыққан күні: 25.11.2019
Қаралым саны: 57

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіз қандай санатқа жатасыз?