Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 379.75
EUR | KZT 415.18
RUB | KZT 5.78
Көкшетау қ.
0 °C
2020 ж. ақпанның 28
Жоспарланған жұмыстар жүйелі жүзеге аспақ

Қала және аудан әкiмдерiнiң халық алдындағы есептiк кездесулерi басталды. Алғашқы кездесу Станционный кентiнде өттi.

Шара алдында халықты түрлi мекеме, кәсiпорын басшылары №7 орта мектептiң фойесiнде қабылдап жатты. Тұрғындардың басым бөлiгiн коммуналдық төлем, жер учаскесiне қол жеткiзу сияқты мәселелер толғандырады. Кент тұрғыны, тыл ардагерi Лидия Буграцевич пәтерiнде жалғыз өзi тұрады. Үнемшiл әжей «Көкшетау Су арнасы» ЖШС тiршiлiк көзiне қатысты төлем қағазы келгенде шошып қалдым дейдi. Себебi, бұл жалғыз адам тұтынған судың текшесi саналған қаржы емес, одан бiрнеше есе көп. Мекеме басшысының мiндетiн атқарушы Ермек Өмiрғалиев қарияның қолында бар төлем қағаздарын мұқият қарап шығып, назарға алатынын жеткiздi. Ал, жер қатынастары бөлiмiнiң жетекшiсi Қанат Сабыржановқа жолыққан заңгер Айгүл Қалқаманова Станционный кентiнде жеке кәсiбiн жүргiзгiсi келетiн кәсiпкердiң өтiнiшiн жеткiздi. Учаске бөлiнсе, жергiлiктi тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкiндiк бар. Сондықтан, бәрiн заң жүзiнде жүзеге асыру керек. Бұл күнi мекеме басшыларына өтiнiшпен келген тұрғындар қатары көп болған жоқ. Олардың басым бөлiгi қала және кент әкiмдерiнiң есебiн тыңдауға асыққан сияқты.

Станционный кентiнде бүгiнгi таңда 2500-ге жуық халық тұрады. Оның 300-дейi зейнеткерлер. Араларында «Құрметтi темiржолшы» төсбелгiсiн иеленген, елге сыйлы азаматтар бар. 6 кәсiпорын жұмыс iстейдi. Олар жергiлiктi тұрғындарды еңбекпен қамтып отыр. Соңғы бiр-екi жылда кент жаңарып, жақсарып қалды дейдi тұрғындар. Халықтың жүзiне күлкi үйiрiлiп, көңiлдерi көтерiңкi жүретiнiн де жасырмады. Көшелер жөнделiп, жарықтандырылып жатыр. Аулаларды абаттандыру да қолға алынған. Пәтерiнде бүрсең қағып отырған ешкiм жоқ, жайлы да жылы.

Станционный кентiнiң әкiмi Ардақ Тасқынбай өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бар назар осы елдi мекендi дамытуға аударылған. Қандай көшелердiң жолы жаңарып, тротуарлар төселiп, қайсысы биыл жасалатынын сызып тұрып көрсеттi. Жиынға қатысып отырған қала әкiмi Амангелдi Смайылов сапаға назар аударуды қатаң тапсырды. Әсiресе, жол жабындысы талапқа сай болуы керек және тротуарларды аздап кеңейткен жөн. Биыл Станционный кентiнiң iшкi жолдарын жөндеуге 52 миллион теңге бөлiнiп отыр. Бұл өткен жылғы қаржыдан екi есе көп. Әр тиынды тиiмдi пайдаланып, сапалы жұмыс iстейтiн кәсiпорындарды тарту қажет делiндi жиында. Соңғы төрт жылда кенттiң бюджетi өсiп келедi. Еңбекке қабiлеттi 1240 адам тұрақты жұмыспен, 27 адам өзiн-өзi қамтып отыр. Соңғы екi-үш жылда кентте екi қабатты екi үйдiң аулалары жөнделiп, 2 ойын алаңы, жасанды жабыны бар 1 шағын футбол алаңы және 1 мұз айдыны орнатылған. Iшкi жолдар жамалып, жаңартылған. Кентте шағын бизнеспен айналысуға барлық мүмкiндiктер бар. Соған орай қала әкiмi осы жерде жеке кәсiбiн ашып, жұмыс iстеп жатқан кәсiпорын иелерiне ендi өз қызметкерлерiне баспана салуды қолға алатын уақыт жеттi дедi. Инвесторларды көптеп тартуға назар аударылып жатқаны да көңiлге қонымды.

Шаһар басшысы Амангелдi Смайылов кент тұрғындары алдында Көкшетау қаласын дамытуға қатысты өткен жылы атқарылған iстерге тоқталды. Өнеркәсiп секторында 94,5 млрд теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, ауылшаруашылығы өнiмiнiң көлемi 5,1 млрд теңгенi құраған. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрiп жатыр. Ол 186,2 мың шаршы метрдi құрады. Орташа айлық жалақы 143 мыңнан асты. Шағын және орта бизнес саласы да дамып келедi. 618 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгiнде «Сарыарқа» мөлтек ауданын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қопа көлiнiң жағалауын абаттандыру биыл аяқталады деп жоспарланған.Қала әкiмi Амангелдi Смайылов кент басшысының жұмысына оң бағасын бердi. Себебi, ол өзi жетекшiлiк етiп отырған елдi мекеннiң гүлденуiне ниеттi жан. Кент тұрғындары да жергiлiктi басшылықтың жұмысына алғыстарын айтты. Дегенмен, түйiндi мәселелер де бар. Оны кенттiң белсендi тұрғындары өздерi ашқан WhatsApp парақшасында тұрақты көтерiп тұрады. Халықтың сауалдары әртүрлi болды. Бiрiн газ мәселесi толғандырады. Көптен берi газ баллондарын тасымалдау тоқтап қалған. Шаһар басшысы бұл мәселенi сол жерде тиiстi мекеме басшысына жолдап, шешудi тапсырды. Ал, тағы бiр тұрғын бу қазандығында пеш жағатындардың жалақысы тым төмен екенiн жеткiздi. Қала әкiмi бюджеттi жоспарлау бөлiмiнiң басшысына осы мәселенi тексеру қажет дедi. Зейнеткерлер почта жұмысының кемшiлiктерiн алға тартты. Бұрынғыдай бөлiмше жұмыс iстемейтiндiктен зейнетақы, газет-журнал жеткiзу мәселесi шешiмiн таппай отыр. Почташының мардымсыз жалақысы да осы жерде айтылды. Балалардың ойын алаңын жасап беру жайы да қозғалды. Кент тұрғыны, бұрынғы мектеп басшысы Алтынай Есләмбекқызы бiрнеше жәйттi алға тартты. Бұл темiржол саласына саналы ғұмырын арнаған жандардың баспанасын жылу жүйесiне қосу, қоқысты уақытында шығару, жергiлiктi арнадан берiлетiн құттықтау бағдарламасына көкшетаулық әншiлердiң орындауындағы шығармаларды қосу. Кенттiң тазалығына тұрғындардың өздерi жауапты болуы тиiс дейдi тұрғын. Көкшетау қалай көркейiп келе жатса, станциондықтар да содан үлгi алып, өздерi тұратын елдi мекеннiң таза әрi әсем болуына жанашырлық танытуы керек. Бұл туған жерге деген сүйiспеншiлiкпен астасып жатыр. Қала және кент әкiмдерiнiң есебiне халықтың көңiлi толды. Олар өздерi тұратын елдi мекеннiң одан әрi гүлдене беретiнiне сенiмдi. Себебi, жанашыр басшы бар. Тек оған қолдау қажет. Ал, жоспарланған жұмыстар жүйелi түрде жүзеге аспақ.

Қала әкiмi Амангелдi Смайылов есептi кездесуiн Красный Яр селосындағы «Көкше» мәдениет үйiнде жалғастырды.

Алдымен Красный Яр селолық округiнiң әкiмi Нұрлан Айсиннiң тұрғындар алдында жасаған баяндамасында округте былтыр да ауқымды жұмыстар атқарылғандығы айтылды. Жол жөндеуге, көшелердi жарықтандыруға бөлiнген қаражат толық игерiлген. Соңғы жылдары Красный Яр селосы да шағын және орта бизнестi дамыту арқылы бiрқатар нәтижелерге қол жеткiзiп келедi. Былтыр селодағы 6 тұрғын шағын несие алуға қол жеткiзген. Күзгi-көктемгi қар ерiген кезде Қылшақты өзенiне жақын орналасқан елдi мекендердi су басып қалу қаупi бар екендiгi белгiлi. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында үздiксiз мониторинг жүргiзiлiп, елдi мекенге қауiп төндiретiн көпiрлер, бөгеттер бақылауда ұсталғандығын жеткiздi Н.Айсин.

Қала әкiмi өз баяндамасында нақты нәтижелер мен сапалы өнiм қорытындыларын жiпке тiздi. Iс пен нәтиженi бiр арнада тоғыстырып, ел көкейiнде жатқан сауалдарды дөп басты. Келешекте қолға алынатын бұлыңғыр жобаларды емес, нақты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды, сондай-ақ, бiлiм, құрылыс, инвестиция, өнеркәсiп кешенi бойынша жасалған жарқын iстердi баяндады. Тұрғындарды жұмыспен қамту, тұрғын үй шаруашылығын жаңарту, қаланы көркейту және көрiктендiру бағдарламаларының қалай орындалып отырғанына талдау жасады. Жол жөндеу, мектеп пен мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнiң құрылысы мәселелерiн қозғады.

Айрықша атап өтерлiк жаңалық — ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресiн көтеру үшiн қолға алынған «Ауыл — ел бесiгi» жобасы аясында Красный Яр селосында ауқымды шаралар қолға алынбақ. — Биыл бағдарлама шеңберiнде 30-ға жуық көше жөнделедi. «Нұрлы көш» ауылын көркейту жұмыстарына 50 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. «Көкше» мәдениет үйiн жөндеуге 241 млн теңге бағытталмақ. Бағдарлама аясында Симферополь, Бейбiтшiлiк, Шәкеев, Сейфуллин көшелерiне жылу трассалары өткiзiледi. Жоба үш кезеңдi қамтиды. 280 орындық балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Осы бағдарлама аясында ел дамуының алтын бесiгi болған ауылдар қарқынды дамиды. Бұл жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетiстiктерге бастайтыны сөзсiз, — деп атап өттi қала басшысы Амангелдi Смайылов. Осы ретте қала әкiмi Красный Яр селолық округiнiң әкiмi Нұрлан Айсинге жөнделетiн, жылу желiсiне қосылатын көшелердiң тiзiмiн жасап, әлеуметтiк желiге жариялауды тапсырды.

Бұдан соң кезек округ тұрғындары тарапынан өздерiн мазалап жүрген сұрақтарын қоюға, ұсыныс пен тiлек, ой-пiкiрлерiн бiлдiруге мүмкiндiк берiлдi. Кездесуде тұрғындар аурухана жөнделсе, Симферополь мен Ұмышев көшелерiнiң бұрылысына бағдаршам орнатылса, көше жолдары қардан уақытылы аршылса, Нұрлы көште саябақ ашылса деген өтiнiш-тiлектерiн алға тартты. — Аурухананың жағдайын бiлiп отырмыз. Алдағы уақытта бұл саланың да кем-кетiгi жөнделедi, барлық айтылған мәселелер бақылауда, — деген жауап қайтарды қала басшысы.

Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан Красный Яр атауы Қызылжар болып өзгертiлсе, селодағы бұрынғы универмаг ғимаратының орнына кәсiпорын не шағын базар салынса деген ұсыныстар айтылды. Селодағы аялдама маңына жол белгiлерiн қою, балалар үшiн арнайы үйiрмелер ашу, жастар мен жасөспiрiмдердiң спортқа деген қызығушылығын арттыру үшiн спорт орталығын ашу мәселелерi бойынша тиiстi түсiнiктеме айтылды.Кездесуде Элита поселкесiнiң тұрғындары iргелерiндегi қоқыс полигонын жабуды талап еттi. — Желдi күндерi ауыл маңына қоқыс қалдықтары ұшады. Жазда көңiрсiген иiстен тұншығамыз. Полигон аумағында қаңғыбас иттер де жүредi. Полигон осынша көлемдегi қоқысқа арналмаса да, қаланың бар қоқысы бiзге келедi, — дейдi елдi мекен тұрғындары. Мамандардың айтуынша, ережеге сай полигон елдi мекеннен алыс орналасуы тиiс. Жыл өткен сайын қаладағы қоқыс полигондарының аумағы артып келедi. Шығарылған қоқыстың көлемi көбеймесе, азаймасы анық. Осы орайда тұрмыстық, өндiрiстiк қалдықтарды кәдеге жарату мәселесiн қолға алу керектiгiн айтады тұрғындар. «Қоқыс мәселесi Көкшетаудағы полигон жабылғаннан кейiн туындап отыр. Өңiрде «жасыл» технологияға негiзделген қоқыс өңдейтiн iрi зауыт салынса бiраз мәселе шешiмiн табар едi. Әрине, бұған субсидия, қосымша қаражат қажет. Экологиялық ахуалды тұрақтандыру үшiн табиғатты қорғау полициясы да заңсыз қоқыс төгетiндермен күрестi күшейтуi тиiс», — дедi қала басшысы.

Кездесуде тұрғындар тарапынан үйлер арасындағы жолдарды жөндеу, кейбiр қалаiшiлiк автобустардың жүру жиiлiгiн үйлестiру секiлдi мәселелер көтерiлдi. Әкiм бұл салаға қатысты тұрғындар талабы сұрыпталып, тиiмдi жақтарын ескере отырып, қалаiшiлiк бағыттарға шағын көлiктердi тарту мүмкiндiгiн қарастыру қажеттiгiн жеткiздi.

Қала басшысы селода тыйылмай тұрған құқықбұзушылықтарды сынға алды. Осы ретте тәртiп сақшыларына шамдарды қиратқандар, ағаштарды сындырғандар мен өз үйiнiң айналасын таза ұстамайтындарға айыппұл салу арқылы тұрғындарды да тәртiпке үйрету қолға алынуы тиiс екендiгiн айтты.

Жалпы, округ тұрғындары жасалған баяндамаларды мұқият тыңдап, арнайы дайындалған слайдтар арқылы түрлi салаларда атқарылған iстердi көрiп, қанағаттанатындықтарын жеткiзумен қатар, қала басшылығына ризашылықтарын бiлдiрiп жатты. — Қандай жағдайда болмасын басталған құрылыстардың, әлеуметтiк саладағы нысандардың жұмыстары тоқтамайтынын көрiп отырмыз. Селолық округ әкiмi қарамағындағы барлық қызметкерлерiмен ауызбiрлiкте еңбек етiп, елге қызмет атқарып келе жатыр. Биыл да жергiлiктi билiктiң қолға алуымен селода бiршама оң өзгерiстер, игiлiктi iстер қолға алынатынын естiп қуанып отырмыз. Мұның бәрi қала басшысының iстен нәтиже көрсете бiлетiн бiлiктiлiгiнiң арқасы деп бiлемiз, — деп «Нұрлы көш» ауылы тұрғындарының атынан алғыс бiлдiрдi Туғанбай Жырғау.

Кездесулерде көтерiлген мәселелердi қорытындылаған қала басшысы: «Айтылған мәселелер бүгiн ғана туындап отырған жоқ. Сондықтан, мұның барлығы бiр күнде шешiлiп кетпейдi», — деп халықты бiрлiкке үндеп, селоны бiрге көркейтуге шақырды.

Есептiк кездесу Застанционный кентiндегi №14 орта мектепте жалғасын тапты. Ол жерде де бiрқатар әлеуметтiк мәселелер көтерiлiп, халықтың мұң-мұқтажы тыңдалды. Жиналғандар алдында шаһар басшысының дайындаған баяндамасын Көкшетау қаласы әкiмiнiң орынбасары Сағындық Шабаров оқып, қойылған сауалдарға жауап бердi.

Тұрғындарды ұзақ жылдардан берi ең өткiр қалпын сақтап келе жатқан жол сапасы, абаттандыру жайы алаңдататыны аңғарылды. Тұрғындар тұрмыстық қалдық мәселесiн әр кездесу сайын көтерiп жүр. Осы ретте, қала әкiмiнiң орынбасары С.Шабаров белгiленбеген жерге қоқыс үюшiлермен санитар мамандар мен жергiлiктi полиция айналысу қажеттiгiн, осылайша айыппұл арқылы тұрғындарды да тәртiпке үйрету қолға алынуы тиiс екендiгiн айтты.

Тұрғындар көшелердегi қардың аршылғанымен, уақытылы тасымалданбайтынын, ал үйiлген қардың көктемде ерiп, су басу қаупiн туғызарына алаңдаушылықтарын бiлдiрдi. Қоқыс жәшiктерiнiң де үнемi толып тұратынына да қатысты сын айтылды. Бұған қатысты «Тазалық» мекемесiнiң директоры Олег Топорков: — Тұрғындардың көбi коммуналдық төлемдердi төлемейдi. Осындағы тұрғындардың берешегi 8 миллион теңгеге жетiп отыр. Жер үйлер қоқысқа күл төгетiнi де жасырын емес. Бiрақ жер үйде тұратындардың көбi «бiзде қоқыс жоқ!» деп коммуналдық кәсiпорындармен келiсiмшарт жасаудан бас тартады. Бұдан былай коммуналдық қызметке төлем жасалмаса қоқыс контейнерлерiн алып тастаудан басқа амал жоқ! — деп түсiнiк бердi.

Әлия Омарова есiмдi зейнеткер өткен жылы көктемгi су тасқынының салдарынан үйiнiң еденi опырылып, қабырғалары сыз тартқанын айтып осы округтiң депутаты Мәди Елубаевтың алдына барғанда, халық қалаулысының өтiнiшiн жерге тастамай, қиыршық тас, цемент әкелiп көмек көрсеткенiне шынайы алғысын бiлдiрдi.

Аға буын өкiлдерi округте жаяу жүргiншiлер жолының жақсарып, жаңа мешiт құрылысының қарқынды жүрiп жатқанына алғыстарын жаудырып, алдағы уақытта жаңа аурухана, мәдениет үйi салынса деген тiлектерiн жеткiздi. Ұстаздар қауымы округтегi жалғыз мәдени ошақ — кiтапхананың тарлық етiп отырғанын, оқушы жастарға спорт алаңы салынса деген өтiнiштерiн алға тартты. С.Шабаров өз сөзiнде спорт алаңын салу жоспарда барын, әзiрге нақты орны белгiленбегенiн жеткiздi.

Кездесуде былтырдан берi қалада жасалып жатқан оң өзгерiстерге алғыс бiлдiрген азаматтар аз болмады. Бiр атап өтерлiгi — соңғы жылдары мәселелердiң ауқымы да, сипаты мен бағыты да айтарлықтай өзгерген. Егер бұрын жұмыссыздықты жою, зейнетақыны көбейту секiлдi мәселелер көтерiлсе, биылғы есептi кездесулерде сұрақтардың денi тұрғындардың өмiр сапасын арттыруға қатысты болып отыр. Атап айтқанда, қала көшелерiн көркейту, жеке тұрғын үй құрылысы, шағын-бизнес кәсiпорындары үшiн жер бөлуге қатысты сұрақтар басым түстi. Демек, ендi өсудiң, көлемдi жобаларды iске асырудың және iскерлiк белсендiлiктi арттырудың уақыты келгенiн мойындау керек.

Мүмкiндiгiнше көмек көрсетiледi

Көкшетау қаласының әкiмi Амангелдi Смайылов азаматтарды жеке мәселелерi бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келгендер баспана, жер, әлеуметтiк мәселелермен жүгiндi.

Қала тұрғыны Антонина Калова қоғамдық көлiктерде тегiн жүру тәртiбiн бiлгiсi келетiнiн айтты. Қазiргi күнi шаһардағы қоғамдық көлiктерде электронды жолақы төлем жүйесi iске қосылды. Сала мамандары арнайы көлiк карталары қалалық әкiмдiк пен мәслихаттың бiрлескен қаулысымен бекiтiлген 15 жеңiлдiк санатындағы азаматтарға ғана тегiн берiлетiнiн айтып түсiндiрдi. Тегiн төлем картасына қол жеткiзу үшiн жеңiлдiктi растайтын тиiстi құжаттар мен жеке куәлiктi ұсыну қажет. Жеңiлдiгi бар көлiк картасы атаулы болып табылады және оны үшiншi тұлғаларға пайдалануға беруге болмайды. Бұрын жеңiлдiкпен жүретiн тұрғындардың жолақысы тасымалдаушы ұйымның өз есебiнен төленiп келсе, ендi аталған соманы қалалық бюджет төлейдi. Өтiнiш иесi қалада жылу, жарыққа байланысты апатты жағдай орын алғанда хабарласатын анықтама телефондарын көпшiлiк бiле бермейтiнiн алға тартты. Әкiм айтылған ұсыныстың ескерiлетiнiн жеткiздi. «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасымен Красный Яр селосында дәрiгерлiк қызмет атқарып жатқан Нұрсұлтан Қалиев тұрғын үй алу үшiн бюджеттiк кредит алуға қатысты мәселемен келген. Заңгерлер жас маманға баспана алудың жолдарын түсiндiрдi. Станционный поселкесiнде iрi қара өсiрумен айналысатын Сергей Шмаков шаруашылық үшiн қосымша жер телiмiн алуға қолдау көрсетудi өтiндi. Өтiнiш иесiне мүмкiндiгiнше көмек жасалатыны айтылды.

Тұрғындар өтiнiшiн тыңдады

Көкшетау қалалық әкiмдiгiне қарасты бөлiм жетекшiлерi Сәкен Жүнiсов атындағы №18 мектеп-лицейiнде шаһар тұрғындарымен кездесу өткiздi. Оның барысында түрлi сала өкiлдерi өтiнiшпен келген жұртшылықты жеке-жеке қабылдап, сауалдарға жауап бердi.

Кездесуге келгендер негiзiнен жол, жарықтандыру, жаяу жүргiншiлерге арналған жолдардың жөнделуi, баспана мәселесiне қатысты сұрақтарын қойды. «Мен «Бейбiтшiлiк» шағын ауданындағы жол мәселесiнiң қалай шешiлетiнiн бiлуге келдiм. Осында қабылдаған бөлiм басшыларына барлық жағдайды жеткiздiм. Жалпы, осындай қабылдаулар өткiзiп тұрса жақсы болар едi, әйтпесе қаланың әр жерiне барып-жүру оңай емес» деген ойын айтты қала тұрғыны Анар Оспанова. Қала тұрғыны Меруерт Жүнiсова да мұндай қабылдау жүргiзу өте ыңғайлы екенiн алға тартты: «Өзiмдi толғандырып жүрген баспана мәселесiн осы жерде қарастырып алдым. Үй кезегiнде 223-шi болып тiркелгенмiн. Электрондық үкiмет порталы арқылы кезектiң қанша адамға жылжығанын көрiп отырамыз. Жұбайыммен төрт бала тәрбиелеп отырмыз. №18 мектеп-лицейiнде оқитын екi баламыз тегiн тамақпен қамтылған. Соңғы уақыттағы әлеуметтiк саладағы оң өзгерiстер көңiлге қуаныш ұялатады». Жұртшылықты негiзiнен тұрғын үй, қоғамдық тәртiп, балабақша, мектеп, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтiк жәрдем мәселелерi толғандыратыны байқалды. –Халықтың мұндай кездесулерде айтқан барлық мәселелерi жинақталады. Кейiн бiз оның шешiлу жолдарын қарастырып әрi қарай жұмыс iстеймiз. Бұған дейiн №21 мектепте өткен кездесуде де тұрғындар өздерiн толғандырған сауалдарына жауап алды, — деп атап өттi Көкшетау қаласы әкiмiнiң орынбасары Бейбiт Жүсiпов.

С.ЖЕТПIСҚАЛИЕВ, Г.БӘЙIШЕВА, Ә.ЖҮНIС.

Мақаланың шыққан күні: 23.01.2020
Қаралым саны: 65

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус