Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 389.86
EUR | KZT 435.32
RUB | KZT 6.12
Көкшетау қ.
-1 °C
2019 ж. қазанның 22
Жаңа бағдарламаның басым бағыттары

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, бiрқатар әлеуметтiк-өндiрiстiк нысандарды аралап көрдi және еңбек ұжымдарымен кездесiп, адамдардың денсаулығын қорғау, әлеуметтiк жағдайын жақсартуға назар аударды.

Министр алдымен көпшiлiкке арналған орындарда мүмкiндiгi шектеулi азаматтарға жасалған жағдайлармен танысты. Өңiрде мүмкiндiгi шектеулi жандардың қоғамдық орындарға емiн-еркiн кiрiп-шығуына жағдай жасалып келедi. Мәселен, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының кiре берiсiнде барлық ережелерге сай келетiн пандустар, ал iшкi баспалдақтардың жақтауларында брайль шрифтi, онымен қоса көрермендер залында құлағында мүкiстiгi бар азаматтардың қойылымды тамашалауы үшiн тиiстi жағдайлар жасалған. «Мүмкiндiгi шектеулi азаматтар үшiн нысандарды қолжетiмдi ету мәселесiнде Ақмола облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады. Мүмкiндiгi шектеулi азаматтардың өздерi де жасалынған мүмкiндiктерге өздерiнiң ықыластарын бiлдiруде», — дедi Т.Дүйсенова өз сөзiнде.

Министр қалалық аурухананың жанынан ашылған церебральдық сал ауруымен науқастанатын балаларға арналған медициналық орталықтың жұмысымен танысып қайтты. Бүгiнгi таңда орталықта 25 бала медициналық оңалтудан өтуде. Одан кейiн Тамара Дүйсенова жұмыспен қамту орталығына барып, нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасының аясында атқарылып жатқан iстермен танысты. Министр «Тыныс» зауытында да болып, аталмыш серiктестiктiң жаңартылған материалдық-техникалық базасын байқап, жаңа технологияларды игеруде мамандарды қайта даярлаудан өткiзу қажеттiгiн атап өттi. Аталмыш серiктестiкте өткен жиын барысында бiрқатар заң бұзушылықтар жайы да сөз болды. Ағымдағы жылдың бiрiншi жартыжылдығында еңбек инспекциясы тарапынан жүргiзiлген тексерiстiң нәтижесiнде, 300-ге жуық заң бұзушылық анықталған. Олардың басым көпшiлiгi еңбекақының уақытылы төленбеуiне байланысты. Осылайша осы жылдың өзiнде 56 кәсiпорында жалпы сомасы 154,2 миллион теңгенi құрайтын еңбекақы бойынша қарыз бар екенi анықталған. Бүгiнгi таңда берешек кәсiпорындар қарыздарын түгел өтеген. Осылайша, 1,7 мың қызметкердiң құқықтары қорғалған.

Бұдан бөлек, «Достар» мәдениет сарайында өткен жиында 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап iске қосылатын мiндеттi медициналық сақтандыру мен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтiк көмекке өңiрдiң дайындығы жайы талқыланды. Бүгiнгi күнi 740 мыңға жуық тұрғыны бар Ақмола облысында 104 мыңнан астам адамның әлеуметтiк мәртебесi анықталмаған. Атаулы әлеуметтiк көмек көрсету ережелерiне де өзгертулер енгiзiлген. Сондықтан да министр Тамара Дүйсенова жауапты органдарға осы мәселелердi қолға алып, жуық арада шешу қажеттiгiн атап өттi.

Сапарды қорытындылаған министр: «Мүмкiндiгi шектеулi жандарды жұмыспен қамтудың жаңа мүмкiндiктерi қаралады. Мүмкiндiгi шектеулi жандар үшiн қолжетiмдi жасап отырмыз. Ендi азаматтарға театрды тамашалауға ғана емес, сол жерге жұмысқа тұруға болады. ХҚКО-на, дәрiханаларға жұмысқа тұратын мүмкiндiгi бар. Сол мүмкiндiктердiң барлығын жасап жатырмыз. Содан кейiн бiзде бағдарламаның аясында квота қарастырылған. Қазiрдiң өзiнде 2 жарым мыңнан астам азаматтарды жұмысқа тарттық», — дедi.

Мақаланың шыққан күні: 27.07.2017
Қаралым саны: 641

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіз қандай санатқа жатасыз?