Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы
Тарихи орынға қамқорлық пен құрмет

Қала әкiмi Ермек Маржықпаев Қопа көлi жиегiндегi бейiт маңайында салынып жатқан сквердi және қалаға кiреберiс қақпадан Құлагер ескерткiшiне дейiн, жол қапталына ағаш егу жұмыстарын қадағалады. Өзi қолға күрек алып, ағаш ектi. Жасыл жапырақты қарағайлар қала қонақтарын қуана қарсы алып, Ақан серiнiң әйгiлi қанатты тұлпары ескерткiшiне жол сiлтегендей әсер қалдырады. Ескерткiштiң құлаған кiрпiш-тақталары ауыстырылып, сылақтары бекiтiлiп, жаңғыртылуда. Кiрген беттен қалада өткенге құрмет, күтiм белгiсi бар екендiгi көзге ұрады.

Бiр кездерi қала шетiнен орын тепкен ескi бейiттiң қазiр орталықта қалғаны рас. Ол қоршалып, сырланып күтiмге алынған. «Өлi риза болмай, тiрi байымайды» деп аруақ сыйлаған жұртпыз, қай бейiтке болса да құрметпен қараймыз. Алайда, Көкшетаудың осы бейiтiнiң орны бөлектеу. Өйткенi, онда қиын-қыстау күнде мұсылман дiнiн табанды таратқан атақты Науан хазiрет, өзi қызыл үкiмет үшiн жан-тәнiмен күресiп, өзi сол үкiметтiң құрбаны болған, қазақтың бiртуар талантты ұлы Сәкен Сейфуллиннiң ұлы Аян жерленген. «Өлгенiн бiлсе лақтырып жiбередi» деп, қайтыс болған баласын тiрiдей етiп құшақтап тербеткен оның аяулы жары Гүлбаһрам қолындағы ұлын осы жерге тапсырған. Сұңқар Сәкеннiң баласына топырақ Көкшетаудан бұйырған. Демек, көне қауымның тарихи орын екенi кәмiл. Өз ата-бабасы жатпаса да Науан хазiретке, Сәкенұлы Аянға құран бағыштап, тағзым етуге келушiлердiң табылуы, шеттен адам келуi де ықтимал. Осында келген қонақтардың күтiмдi бейiттi көрiп, оның барар жерi, жолы жөндем болғаны жөн емес пе? Осы мәселенiң оң шешiм тапқаны көңiл қуантатын-ақ жағдай. Күрежолдан бейiтке бұрылар тұстағы алаңқайға 500-ге тарта ағаш, мыңға тарта тал-жыңғыл, гүл көшеттерi отырғызылған. Оны қолға алған — осы қала тұрғыны, Науан хазiреттен тарайтын ұрпақ өкiлi, белгiлi сәулетшi Бурабай Марамов. Ағайынды азаматтар бөлiнген осы жердi түгел абаттандырып, сәулеттендiруге кiрiскен. Сквер осы өңiрдегi орман шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек етiп, терi сiңген әкелерi Әли Марамов атында болмақ. Отырғызылған көшеттер, одан ары жүргiзiлетiн жұмыс жоспарымен танысқан қала әкiмi Ермек Маржықпаев ағаш iшiмен бейiтке барар жаяу жүргiншi жолын, оның ортасындағы алаңқайға қима тас төсеу жұмыстарына көмек беретiнiн айтып, қолға алған iстерiне табыс тiледi.

Көкше ақпарат

Мақаланың шыққан күні: 15.05.2017
Қаралым саны: 240
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

akimkokshe@akmol.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2017 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро