Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 360.87
EUR | KZT 410.27
RUB | KZT 5.4
Көкшетау қ.
15 °C
2018 ж. тамыздың 17
Ойын алаңдары ойландыруы тиіс

Жарық дүние есiгiн ашқан әрбiр адам ойын арқылы өседi. Ой-өрiсi мен ойлау қабiлетiн дамытатын, қиялына қанат бiтiретiн қызықты ойындар балаларға кiшкентай кезiнен бастап қоғаммен араласуды үйретедi және татулыққа тәрбиелейдi. Қоғаммен байланыс орнату, қоршаған ортамен тiл табысу тәсiлiн бала ойын ойнау арқылы үйренетiндiгiн ескерсек, қаламыздағы әрбiр үйдiң жанында әртүрлi әткеншектер орнатылған балалар ойнайтын аула болуы қажет. Соңғы жылдары қалалық әкiмдiк балалар ойнайтын алаңдар салуға жеке кәсiпкерлердi тартуды мықтап қолға алды.

– Үйдiң алдындағы ойын алаңы — әр адамның балалық шағының бiр бөлшегi. Ықшам ауданымыздағы әрбiр үйдiң ауласында балалар ойнайтын алаңдар бар. Әртүрлi әткеншектер мен турниктермен жабдықталған ойын алаңдары қысы-жазы бала атаулыға толы. Үш жастан асқан немерем балалар алаңқайында құммен ойнағанды қатты ұнатады. Құмнан алып шығудың өзi қиын. Өмiрдiң қызығы — бала деген, мiне, осы, — дейдi Құмар Есiмсейiтов есiмдi қала тұрғыны.

Бүгiнде кейбiр ойын алаңдарының жас баланың шамасы жетпейтiн темiр қазықтары сынып, шынжыры шұбатылған. Бiр бұзақының бүлдiрген iсi десек те, ойын қуған баласына жаны ашитын әрбiр ата-ананың осыған назар аударатын жөнi бар. Тiптi, кейбiр алаңқайда балақайлардың ойнауына мүмкiндiк жоқ. Айналасын шабылмаған шабындық секiлдi қалың шөп басып, қоқыс үйiндiлерi ыбырсып жатыр. Қайсыбiрiнде топырағы шыққан қара жер көрiнiп тұр. Осы жағын қадағалар жандар табылмағаны ма, әлде, шынымен де ұрпақ тәрбиесiне бейжай қарауды әдетке айналдырып алдық па? Бұған бақылау жүргiзiп, халықтың игiлiгiне берiлген әрбiр дүниенiң сұрауы бар екенiн сездiрiп, қадағалап тұру басшылардың мiндетi. Алайда, басшылықты кiнәлаудан бұрын бүтiн дүниенi бүлдiруге құмар тұрғындардың да әрекетiн айтпай кетуге болмайды. Бүгiнде қаладағы тұрғын үйлердiң ауласында бүлдiршiндердiң ойын алаңы көптеп салынуда. Бұл ойын алаңдарына жақсы қарап, сынғанын жөндеуге тұрғын үй иелерi де ынталы болуы керек. Тот бас­қан темiрiн сырлап, өскен шөбiн отап отырудың орнына, өз баласы асыр салып ойнайтын алаңдағы заттарды жарамсыз қылған жандарға қайран қаласың. Алайда, жаманды жамап, жақсыны жарқырата алмай жүргендерге тағар кiнә, айтар наздың өзi ұят секiлдi ме, қалай?!

Ойын арқылы ойын дамытып, асыр салған алаңсыз кезден бастап өмiр мәнiн бiртiндеп ұғынар ұрпағымыздың жайы осындай болып тұр. Бiр сөзбен айтсақ, замандастарымыздың сал-ғырттығы, ата-ананың жауапсыздығы, қоғамдағы кейбiр жабайы қылықты жандардың әрекетi ойын алаңдарының сұрықсыз күйге түсуiне ықпал етуде. Бұл да бүгiнгi күннiң ұлттық ұятымызға нұқсан келтiрiп отырған өзектi мәселесi.

Мақаланың шыққан күні: 07.08.2018
Қаралым саны: 17
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика