Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 374.2
EUR | KZT 420.34
RUB | KZT 5.52
Көкшетау қ.
-10 °C
2018 ж. қарашаның 14
Нысандар уақытылы тапсырылуы тиіс

Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин «Көкше» телеарнасында өткен «Әкiм сағаты» бағдарламасында қала тұрғындарынан келiп түскен өтiнiштер бойынша облыс орталығындағы бiрқатар нысандарды аралап көрiп, жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктедi.

Өңiр басшысы алдымен «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде болды. Аталған үй тұрғындарының айтуларына қарағанда, баспана 2016 жылы қолданысқа берiлгенiмен, осы күнге дейiн лифтiсi iске қосылмаған. Тұрғындар тоғызыншы қабатқа баспалдақпен жаяу көтерiлуге мәжбүр. Бұл әрине, жоғары қабаттағы тұрғындарға, әсiресе, зейнеткерлерге қиындық туғызуда. Тұрғындар бұл мәселенi алға тартып, қала басшылығынан бiрнеше мәрте көмек сұраған. Облыс әкiмi лифтiсiз тоғыз қабатты тұрғын үйдi қабылдаған жауапты тұлғалардың әрекетiн сынға алды. Қала басшылығының мәлiметiне қарағанда, лифтiге жауапты мердiгер ұйым өздерiне жүктелген жұмыстарды толық аяқтамаған. Лифтiнiң сыртқы қаңқасын ғана орнатып, көзбояушылық жасаған. Қазiргi уақытта қалалық әкiмдiк лифтiнi толық iске қосуды қолға алып отыр. Бұған 1,5 миллион теңге көлемiнде қаражат тартылмақ. Бұл жұмыстар 15 желтоқсанға дейiн аяқталуы тиiс.

Өңiр басшысы Әуезов көшесiнiң бойында салынып жатқан жаңа тұрғын үй құрылысымен танысты. Бұл үйдiң құрылысын жүргiзiп жатқан бастапқы мердiгер iстi болып, жұмыс аяқсыз қалған. Ендi жаңа мердiгер анықталып, қарашадан бастап жұмыстарды қайта жандандырмақ. Қазiр құрылыс материалдары жеткiзiлуде. Көп пәтерлi үйдi келер жылдың мамыр айында iске қосу көзделiп отыр. Мердiгерлердiң жауапсыздығынан құрылысы бас-талмай жатып, аяқсыз қалған тағы бiр нысан Красный Яр кентiне апарар тас жолдың бойында салынып жатқан оқу-тәрбие кешенi. Құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталып, кейiн екi жыл тұралап қалған. Биылғы жылдың екiншi жартысынан бастап, жұмыс жандана бастаған. Мердiгер компания өкiлдерi құрылыс келер оқу жылына дейiн аяқталады деп отыр. Қазiргi уақытта нысанның қазығы қағылып, iргетасы құйылуда. Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысы мердiгерлерге жұмысты ширатуға, сала басшыларына оны бақылауда ұстауды тапсырды. Әкiм осы аумақтағы жол бойындағы қоқыс үйiндiлерiн сынға алды. Қала тазалығын қамтамасыз етуде нақты тапсырмалар жүктедi. Қоқысты арнайы орнатылған жәшiктерге тастамайтын тұрғындарды жауапкершiлiкке тарту қажеттiгiн алға тартты.

Сапар барысында облыс әкiмi Ақан серi көшесiнiң бойындағы жиырмадан астам ескi жер үйлердi сүру жұмыстарын, Есенберлин көшесiнiң бойында өткен жылы пайдалануға берiлген спорт алаңын барып көрдi. Бұл спорт алаңы да мердiгерлердiң сапасыз жұмыстарының салдарынан бiр жыл өтпей жатып, пайдалануға жарамсыз болған. Яғни, жасанды жамылғылары қопарылып, жыртылған. Қала әкiмiнiң мәлiметiнше, жауапты мердiгер ұйым өткен жылы облыс орталығында барлығы он үш спорттық және сегiз балалар алаңын салған екен. Осы орайда, облыс әкiмi қала басшылығына дереу мердiгер компанияны тауып, қарашаның ортасына дейiн спорт алаңын қалпына келтiрудi мiндеттедi. Сондай-ақ, осы мердiгер компания салған басқа да спорт және балалар алаңдарына бақылау жүргiзудi тапсырды. Сапарды қорытындылаған облыс басшысы қала тұрғындары көтерген барлық мәселе басты назарда ұсталатынын жеткiздi.

Мақаланың шыққан күні: 05.11.2018
Қаралым саны: 25
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Біздің сайтқа не арқылы кірдіңіз?