Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 352.54
EUR | KZT 415.15
RUB | KZT 5.31
Көкшетау қ.
8 °C
2018 ж. қыркүйектiң 24
Қыс қыспайды демеңіз

Жылу беру науқанына жан-жақты әзiрлiк жүруде «Көкшетау Жылу» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны қатты отынды қазандықтар мен жылу жүйелерiнiң техникалық жағдайы, ағымдағы және күрделi жөндеу жұмыстарының барысымен таныс-тыру мақсатында журналистерге баспасөз турын ұйымдастырды.

Соңғы жылдары қалада жылуды өндiру мен оны жеткiзуде ешқандай кедергi жоқ деуге болады. Облыс орталығында өткен қыста төтенше жағдайлар орын алмағаны белгiлi. Жалпы, қалада дайындық жұмыстары ерте көктемнен бастап жаз бойы жүргiзiлгенiн көшелер бойынан, аулалар iшiнен байқауға болады. «Арқаның ауа райы суық, қысы қатты. Техниканың аты техника болған соң кiшiгiрiм мәселелер болуы мүмкiн, бiрақ техникалық мамандардың арқасында қалалықтарға мұндай жағдайлар сезiлмейдi де. Бәрi кесте бойынша жүзеге асырылды, көмiр қоры да жеткiлiктi болды», — дейдi «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсiпорнының директоры Сергей Жуков. Биыл да жылу беруге қатысты жұмыстар жоспарға сәйкес жүргiзiлуде. Жылу жүйелерiндегi температуралық, гидравликалық режимдердi үздiксiз, бiрқалыпты ұстап тұруға арналған дербес қазандықтар жөнделуде. Қаладағы магистральдық жылу трассалары қайта жаңғыртылмақшы.

«Көкшетау Жылу» кәсiпорнының магистральдық желiлер басқармасының бастығы Руслан Макишевтiң айтуынша, Ғабдуллин көшесiндегi жылу магистралы 1995 жылдан берi пайдаланылып келедi. — Қаладағы ғимараттардың 60 пайызына жылу осы магистраль арқылы жеткiзiледi. Үздiксiз жұмыс iстеп тұрғанына қарамастан соңғы үш жылда гидравликалық сынақтардан кейiн ақаулар байқалып отыр. Биыл жылу құбырларын ауыстыру көзделген. Жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталады деп күтiлуде, — дейдi ол. «Көкше-цемент» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiне жақын маңдағы жылу магистралы да жөндеудi қажет етiп тұр. 80-шi жылдардан берi жұмыс iстеп келе жатқан «Enki» кәсiпорны аумағындағы №2 сорғы станциясының желiлiк насостары, электр құрылғыларын жаңарту жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Кәсiпорындағы №8 бу қазандығының электр сүзгiлерiн жаңарту жұмыстарына қаражат бөлiнген. 1997 жылдан берi жұмыс iстеп келе жатқан электр сүзгiнiң ескiргенiн айтады мамандар. Қыста әр сағат сайын жағылатын 28 тонна көмiр қалдықтары осы сүзгiден өткiзiледi. Қазiргi күнi мұнда жөндеу жұмыстары жүруде. Бастысы, барлық жұмыстар дер кезiнде кестеге сай орындалса, алаңдауға негiз жоғын айтады жылу беру мекемелерiнiң басшылары.

Мамандардың айтуынша, кейбiр пәтерлердiң iшiне жасалған құрылыс жұмыстарымен бiрге жылу схемасы өзгерiстерге ұшырап, жылудың қалыпты желiсi бұзылған жағдайлар жиi кездеседi екен. Тұрғындар пәтердiң жобасын өзгертпес бұрын, тиiстi орындармен келiспейдi. Өз беттерiмен жылыту батареяларын балконға шығарып, бөлмелерге жылытылатын еден төсейдi. Ауа райы ерекшелiктерiнен бөлек, ыстық су жүретiн құбырдың жылуға қатысы бар екенiн ескермейдi. «Жылу мәселесi тұтас бiр механизм iспеттi болғандықтан қазандық пен тұтынушыға дейiнгi аралықтағы жүйеге қандайда бiр тосын ықпалдар болса, ол мiндеттi түрде жылу желiсiнiң келесi бiр нүктесiне әсер етпей қоймайды. Сондықтан, тұтынушылар жылу ақысын уақытылы төлеумен қатар жылуды пайдалану ережесiн қатаң сақтаулары тиiс. Осы және басқа да техникалық талаптар жөнiнде түсiндiру жұмыстары жүргiзiлiп келе жатқанымен, тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар азаяр емес. «Көкшетау Жылу» МКК қазандықтар қызметi мен құбырлардағы жылу желiсiн тәулiк бойы қалыпты қадағалауда ұстағанымен тұрғын үйлердiң iшкi жүйесiне толықтай араласа алмайды. Себебi, олардың барлығы жекеменшiк иелiгiнде. Жекеменшiк құқығындағы дүниеге араласудың өз жөнi бар екенi тағы белгiлi», — деп түсiндiрдi С.Жуков.

Мақаланың шыққан күні: 06.06.2018
Қаралым саны: 62
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика