Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 387.34
EUR | KZT 428.44
RUB | KZT 6.04
Көкшетау қ.
13 °C
2019 ж. қыркүйектiң 19
Құрылыс жұмыстары уақытында аяқталсын

Қала әкiмi Ермек Маржықпаев жұмыс бабындағы iс-сапармен облыс орталығындағы бiрқатар нысандарда болды. Өндiрiс орындарының жай-күйiмен танысып, балалар алаңдарын көрдi. Құрылыс жұмыстары кешеуiлдеп жатқан бөбекжайға қатысты сын айтты. Биыл ғана күрделi жөндеуден өткен Капцевич көшесiнiң бойындағы кедергiлер мен белгiлердiң артық салынғандарын алып тастауды тапсырды.

Шаһар басшысы алдымен сүт өңдеуге және iрiмшiк жасауға бағытталған Солтүстiк өндiрiс аймағында орналасқан «Нәтиже» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнде болды. Мұнда тәулiгiне 40 тонна сүт өнiмiн шығару жоспарланған. Фабрика қараша айында пайдалануға берiлмек. Жобаның жалпы құны 400 миллион теңге. Оның 110 миллион теңгесi «Даму» қоры арқылы рәсiмделген. Фабрика iске қосылғанда шамамен 50 адам жұмыспен қамтылып, орташа жалақысы 80 мың теңгенi құрайтын болады. Қала әкiмi өндiрiс орнын аралап, қондырғылардың орналасуы-мен танысып, қуаттылығын сұрап бiлдi. Застанционный поселкесiнде биыл жаңа әлеуметтiк нысандардың құрылысы қолға алынған. №14 орта мектептiң жанында балаларға арналған спорт алаңы пайда болды. Iшiне жасанды шөп төселген. Қала әкiмi доп қуып жүрген балалармен әңгiмелестi. Мектептiң айналасы да биыл темiр қоршаумен жабылыпты. Ендi тек спорт алаңының маңайын абаттандыру қажет. Төселген құмның үстiнен қыш тастар салу қажеттiгi де ескертiлдi. Ермек Боранбайұлы аталған бiлiм ошағының спорт залына да кiрiп, денешынықтыру пәнiнiң мұғалiмiн әңгiмеге тартты. Осы поселкеде 240 бүлдiршiнге лайықталған балабақша құрылысы аяқталуға жақын. Оның мерзiмiнен кешiктiрiлiп жатқанына қала әкiмi сын айтты. Мердiгердiң айтуынша, қараша айының 15-де пайдалануға беру жоспарланыпты. Алайда, қала басшысы оған күмәнмен қарайтынын жеткiздi. Өйткенi, iшкi әрлеу жұмыстары әлi аяқталмаған. Жуыну бөлмелерi де толық дайын емес. Бөбекжай құрылысының олқы тұстары жетерлiк. Сондықтан қалпына келтiруге болатын жерлерiн қайта қарап, шешiм шығаруды тапсырды.

Мал өнiмiн шығаруға бағытталған «Бижан» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi өз құрылтайшыларымен бiрге өндiрiс орнының маңынан мал бордақылау алаңын ашыпты. Қазiр мұнда бес жүзге жуық iрi қара бағылуда. Мал қораларын аралап көрген қала әкiмi Ермек Маржықпаев облыс орталығында осындай өндiрiс орнының жанданып жатқанына ризашылығын бiлдiрдi. Iрi қараға қажеттi жемазық қорының жайын сұрап бiлдi. Серiктестiк алдағы уақытта алаңды кеңейтудi жоспарлап отыр. Сәдуақасов көшесiндегi 50 үйдiң ауласында балалардың жаңа ойын алаңы пайда болды. Бөбектерге арналған әткеншектер, сырғанақтар өте ыңғайлы етiп жасалған. Құм төселген. Көкшетау қаласында биыл дәл осындай 20 ойын алаңы қалыпқа келтiрiлдi. Ескiлерi жөнделдi. Демеушiлердiң көмегi де көп болды. Мұндай жақсы бастамаға қашанда қолдау көрсетiлiп, тұрғындар тарапынан бақылау жасалуы тиiс. Биыл Капцевич көшесiне күрделi жөндеу жүргiзiлгенi белгiлi. Тек жүргiзушiлер жол кедергiлерi мен белгiлер тым көп қойылғанына байланысты шағымданған болатын. Соны ескерген қала әкiмi жөнделген көшенi басынан аяғына дейiн жүрiп өтiп, сынның негiзсiз емес екенiне көз жеттi. Сондықтан жергiлiктi полиция басшыларына артық кедергiлер мен белгiлердi алып тастауды тапсырды. Ал, жалпы жолдың жөнделу сапасына көңiлi толатынын жеткiздi. Ендi тек абаттандыру жұмыстарын тезiрек аяқтау қажет. Соған қатысты нақты тапсырмалар жүктедi.

  

Мақаланың шыққан күні: 20.10.2016
Қаралым саны: 205

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіздің жасыңыз?