Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 360.87
EUR | KZT 410.27
RUB | KZT 5.4
Көкшетау қ.
15 °C
2018 ж. тамыздың 17
«Көктем нұры» фестивалі көңілдерге нұр септі

Жыл басы Наурыз мерекесiн мамыражай мамырда атап өтудi Көкшетау қаласындағы «Бiлiм-инновация» лицейiнiң ұжымы дәстүрге айналдырған. Биыл да осы үрдiстен жаңылған жоқ. Отан қорғаушылар және Жеңiс мерекесi қарсаңында «Көктем нұры» фестивалi ұйымдастырылды. Мектеп маңына ақ шаңқан киiз үйлер құрылып, қазан көтерiлiп, ұлттық ойындар ойналып, концерттiк бағдарламалар өттi. Бiлiм ошағының 8 сыныбы жеке-жеке өнерiн көрсеттi. Олар «Ауылдың алты ауызы», «Бiлiмдi мыңды жығар», «Күш атасын танымас», «Ең ұйымшыл сынып», «Ең қонақжай сынып», «Ұлттық нақыштағы сынып», «Жабдықты киiз үй» және «Берекелi дас-тархан» аталымдары бойынша бағаланды. Бiр ерекшелiгi, әр байқау ата-аналар мен балалардың бiрлесуiмен атқарылды. Жеңiмпаздардың бәрiне грамоталар мен сыйлықтар тарту етiлдi.

Бұл күнi «Бiлiм-инновация» лицейiнiң келушiлерге есiгi айқара ашылды. Ұлттық киiмдегi ұстаздар мен оқушылар келген меймандарды құшақ жая қарсы алып жатты. Күмбiрлеген күй, әуездi ән әр сыныптың iшiнен шығып, мерекенiң басталғанын хабарлап тұрды. Солтүстiктiң қысы ұзаққа созылып, Наурыз айында қардың қалың көбесi сөгiле қоймайды. Сондықтан болар, лицей ұжымы Ұлыстың Ұлы күнiн мамыр айында атап өтудi дәстүрге айналдырған. Оған дайындық бiрнеше ай бұрын басталады. Оқушыларға ата-аналар көмектеседi. Бұл өте жақсы үрдiс. Көптеген бiлiм ошақтарында ондай тығыз байланыс жолға қойылмаған. Тiптi, кей ата-ана мектептiң есiгi қайда екенiн де бiлмейдi. Баласының жағдайын сұрап, оқу үлгерiмiн бiлуге де ұмтылмайды. Ал, «Бiлiм-инновация» лицейi туралы бұлай айта алмайсың, өйткенi мұнда бәрi басқаша. Мектеп басшылығының басты ұстанымы — бала тәрбиесiне ұстаздар ғана емес, ата-аналар да атсалысуы тиiс. Олар кез келген мерекелiк шараларды бiрлесiп атқарады. Сол арқылы отбасының берiктiгi сақталады, әрi осындай салт-дәстүрдi дәрiптеген мерекелер арқылы ата-аналар баласына қонақ күтудiң, кiсi сыйлаудың маңызын ұғындырады. Лицейге кiргенде-ақ бас изей амандасқан балалар келген адамға бағыт сiлтеп, жөн сұрасып жатты. Тiптi, бөгде адамды көрсе де шат-шадыман көңiл-күймен қарсы алып, басты шара өтетiн салтанат залына бастап апарып жүрдi. Ұстаздар да, ата-аналар да, оқушылар да ұлттық киiмде. Қандай жарасымды! Салтанат залына өтер жолда облыстық әдебиет және өнер музейiнiң қызметкерлерi өзiнiң қорындағы мұрағаттарды — ұлттық аспаптарды, көне ыдыс-аяқтарды көрермен назарына ұсынды. Қызығушыларға олардың әрбiрi жайлы мәлiмет берiп, тарихымен таныстырды. Көкшетау музыкалық колледжiнiң өнерпаздары да қолдау көрсеттi.

Мерекелiк шара салтанат залында басталып та кеттi. Жиналған көпшiлiктi «Бiлiм-инновация» лицейiнiң басшысы Идаятулла Адиханов құттықтап, табыс тiледi. Қазылар алқасының мүшелерi «Өрлеу» педагогтардың бiлiктiлiгiн арттыру орталығының басшысы Еркiн Исiмбаев пен бiлiм саласының ардагерi Тұрлыбек Әдiлжанов ақжарма тiлектерiн арнады. Сонымен 7 «а» және «б», 8 «а» және «б»,

9 «а» және «б», 10 «а» және «б» сыныптары ата-аналарымен бiрге өнер көрсете бастады. «Ауылдың алты ауызы» аталымында әр команда қазақы дастархан, қонақжай халық, ақпейiл, адал көңiл, достық лебiздер жайлы әндердi шырқады. Әсiресе, 7 «б» сыныбының ата-аналары сахнаның гүлiне айналды. Олардың бiрлесе шырқаған попурри әндерi көңiлдi көтерiп, мерекелiк шараның ажарын кiргiздi. Ата-аналары шырқап жатқанда, балалар «Қара жорғаны» биледi. Ал, 7 «а» сыныбының командасы ата-аналарымен ұжымдаса әдемi әнге салды. Үстерiне киген киiмдерiнiң әсемдiгiмен де ерекшелендi. 9 «а» сынып оқушылары ата-аналарымен бiрге тұсау кесу рәсiмiн көрсетiп, ежелден келе жатқан салтымызды насихаттаса, 9 «б» сыныбының командасы ырғақты би мен әдемi әндерiмен есте қалды.

Фестиваль әрi қарай сыныптарда, сыртта құрылған киiз үйлерде жалғасын тапты. Қазылар алқасының мүшелерi лицей басшысымен бiрге әр қонақжай шаңыраққа кiрiп, астан дәм татты. Қазы-қартасы мен жал-жаясы тартылған табақ, наурыз көже, қымыз, шұбат, құрт пен iрiмшiк, тары мен талқан, бауырсақ пен сары май, не керек, дастархан нағыз молшылықтың белгiсiндей тәттi мен дәмдiге сықа толып тұрды. Бұл да болса, қазақ халқының қонағына төрiн ұсынып, барын алдына тосып, сыбағасын сақтайтын жақсы үрдiсiнiң бiр көрiнiсi едi. Мұнда да ауылдың алты ауызы айтылып жатты. Қай сыныпқа барсаң да құшақ жая қарсы алған жандар, шат-шадыман күлкi, әзiл-қалжың араласқан жайма-шуақ орта. Нағыз Наурыз мерекесi осындай-ақ болар. Ал, сыртта құрылған киiз үйлерде аура мүлдем бөлек. Iшiне кiргенде-ақ көңiл-күйiң өзгерiп сала бередi. 7 «а» сыныбының ата-аналарымен құрған киiз үйi сонау Монғолиядан көшiп келген қандастарымыздың қолымен жиналыпты. Құрмет деген азаматтың айтуынша, сегiз қанатты ақ орда — атасының көзi. Iшiндегi жабдықтарының да өзiндiк тарихы бар. Тiптi, сегiз биенiң қымызы сиятын көне күбiге дейiн әкелiп қойыпты. Қасқырдың, борсықтың терiсi аңшылық дәстүрдiң үзiлмей келе жатқанын бiлдiредi. Айнала құрылған тұскиiздер де көне мұралар. 7 «б» сыныбы атынан құрылған киiз үйдi ұйымдастырушылар «Жетiбай ауылы» деп атапты. Мұнда қонақтарды әсем әнмен қарсы алып, әнмен шығарып салды. Ұжымдасқан сыныптың ата-аналары мен балалары бiр кiсiдей меймандарды тiк тұрып күттi. Жайнаған дастархан басында жақсы әңгiмелер айтылды. Киiз үйдiң жабдықтары көз тартарлық екен. Қадiрлi қонақтар одан кейiн 8 «а» сыныбының 12 қанатты киiз үйiне бас сұқты.Оларды жасы сексеннiң сеңгiрiне шыққан ақ кимешектi әже қарсы алды. Дастархан басына жайғасқан меймандарға мұнда да дәм берiлiп, олар өзара бала тәрбиесi, үлкендi сыйлау, қонақ күту жайлы пiкiрлерiмен алмасты.

Мектеп ауласында спорттық ойындар ойналды. Ата-аналар мен балалар кiр көтеру, арқан тарту, қол күресi, үстел теннисiнен сайысқа түстi. Шымыр да шыныққандар қарсыластарын қапы қалдырып, жеңiске жеттi.

Фестивальдың қорытындысын шығарған қазылар алқасы шараның өте жоғары деңгейде, үлкен ұйымшылдықпен өткенiн атады. Оған атсалысқан сынып жетекшiлерi, ата-аналар, «Жас Ұлан» ұйымының мүшелерi, музей қызметкерлерi мен музыкалық колледж өнерпаздарына алғыс айтылды. Қорытындысында, 7 «а» сыныбы — «Күш атасын танымас» және «Жабдықты киiз үй», 7 «б» — «Бiлiмдi мыңды жығар» және «Ұлттық нақыштағы сынып», 8 «а» — «Жабдықты киiз үй» және «Ең қонақжай сынып», 8 «б» — «Ең ұйымшыл сынып» және «Берекелi дастархан», 9 «а» — «Ауылдың алты ауызы» және «Ең ұйымшыл сынып», 9 «б» — «Берекелi дастархан» және «Ең ұйымшыл сынып», 10 «а» — «Ең қонақжай сынып» және «Ауылдың алты ауызы», 10 «б» — «Берекелi дастархан» және «Ұлттық нақыштағы сынып» аталымдары бойынша жеңiмпаз деп танылды.

Жалпы, «Көктем нұры» фестивалi көңiлдерге нұр сепкен, жылылық лебiн әкелген және жүздердi жадыратқан шара болды.

     

Мақаланың шыққан күні: 16.05.2018
Қаралым саны: 57
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика