Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 370.04
EUR | KZT 420.99
RUB | KZT 5.58
Көкшетау қ.
-9 °C
2018 ж. желтоқсанның 14
Қасиетін ұғып, қастерлей білейік

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргiн құрбандары күнi жыл сайын көкшелiктер мұсылман дiнi мен ұлттық тұтастықтың жоқтаушысы Науан Хазiрет, ұлттың асыл ұлы,дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннiң ұлы Аян, Кеңестер Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлiк Ғабдуллиннiң анасы жерленген орталық бейiтке барып, сол саяси тепкiнiң құрбаны болғандарды еске алып, аруақтарына Құран бағыштау дәстүрге айналған. Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин де осы шараға келiп, жергiлiктi тұрғындардың осы жердi күтiмге алу, абаттандыру, кесене салу жөнiндегi пiкiрлерiн тыңдады. Келелi пiкiрлер ортаға салынған жиынға Көкшетау қаласының әкiмi Ермек Маржықпаев та қатысты.

Бұл жолы ҚМБД-ның Ақмола облысындағы өкiл имамы Қуаныш Сәбит Құран оқығаннан кейiн ортаға еңбек ардагерi, қаламгер Айдос Әбутәлiпов, еңбек ардагерi, қаламгер Мұрат қажы Ыдырысұлы, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Шияп Әлиев, облыстық қазақ тiлi мен мәдениетi қоғамдық ұйымының жетекшiсi Мейрамбек Қиықов, М.Ғабдуллин музейiнiң директоры, ақын Құдайберлi Мырзабектер сөз алды.

Олар ұлтымыздың солақай саясат салдарынан, өрескел қатыгездiк, жазықсыз жазалау кесапатынан қорлық көрiп, қаза табушылар жөнiнде тебiрене сөйледi. Егемен елiмiздiң татулық пен бiрлiк арқасында берекелi дами беруiн тiледi.

Сөз алғандар қала қолтығындағы осы бейiтте тек қана аты аталған қасиеттi жандар емес, олардан басқа да Көкшенiң елге еңбектерi сiңген небiр жайсаң азаматтары жерленгенiн, сондықтан бұл жердi күтiп ұстап, айналасын абаттандырып, киелi де қастерлi қып ұстауды бiрауыздан мақұлдады. Бүгiнгiдей қаралы күннiң өзiнде жұрттың аз жиналуы алаңдатарлық жағдай. Сондықтан, болашақта осындай белгiлi күндерi жас ұрпақ өкiлдерiн де қатынастырып, оларға бұл орынның қастерлiлiгi туралы терең түсiндiру керек деген ортақ пiкiр айтылды. Науан Хазiреттiң өмiрi мен қайраткерлiгi әлi толық зерттелмегендiгi, оны мақсатты түрде, толыққанды зерттеу қажеттiгi де көтерiлдi.

Ал, өткен жылы бейiттiң көл бетiндегi Науан Хазiрет пен Аянға қойылған белгi маңайын Әли Марамов атындағы аллеяға айналдыруды қолға алған, белгiлi сәулетшi Бурабай Марамов бастаған азаматтар жұмыстарын жалғастыруда. Көл жиегiндегi жол бо-йына тал егiп, оны күтудi қалалық әкiмшiлiк те үнемi қадағалауда. Осы күнi де жұмысшылар тамыр жайып, өспей қалған талдарды ауыстырып, олардың орнына жаңа көшеттер егiп жүрдi. Бұл араға бұрылатын жол салынып, аллея бой көтерiп, қиматас төселген алаңқайлар ашылса, одан әрi архитектуралық тұрғыда сәулеттендiре түсу де жоспарда бар көрiнедi.

Абзал ағалар, зиялы қауым өкiлдерi айтқан «Арыстарымыз жатқан жердiң қасиетiн ұғып, қастерлей бiлейiк» деген ұйғарымына жүгiнiп, алда атқарылар шараларға атсалысқанымыз абзал.

Мақаланың шыққан күні: 11.06.2018
Қаралым саны: 123
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Біздің сайтқа не арқылы кірдіңіз?