Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 366.43
EUR | KZT 420.11
RUB | KZT 5.58
Көкшетау қ.
-2 °C
2018 ж. қазанның 22
Газет жүлдесі үшін бақ сынасты

Жеңiстiң 73 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi күнi құрметiне қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерiнiң жүлдесi үшiн жеңiл атлетиканың негiзгi түрi — жүгiруден дәстүрлi эстафета өттi. Спорттық киiмде келген Көкшетау қаласының әкiмi Ермек Маржықпаев эстафетаны құттықтау сөзбен ашып, өзi де жүгiрiп өттi. Шаһар басшысымен бiрге қашықтықты бағындыруға қалалық ведомстволардың жетекшiлерi, мәслихат депутаттары, облысымыздың атақты спортшылары Мереке Жүсiпов, Руслан Мусинов, Илья Илин, Евгений Мелешенко, Татьяна Осипова, қос басылымның ұжымы мен өзге де ерiктiлер қатысып, бақтарын сынады.

Облыс орталығында жеңiлатлетикалық эстафета осыдан 71 жыл бұрын бастау алған болатын. Содан берi жыл сайын өткiзiлiп келедi. Осынау игi шара жеткiншектер мен жастардың жеңiл атлетикаға деген құмарлығын одан сайын арттыра түсуде. Бұл жолғы жеңiлатлетикалық эстафетаға 800-ге жуық Көкшетау қаласындағы жоғары, арнайы орта оқу орындарының студенттерi мен мектеп оқушылары, кәсiпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерiнен құралған спортшылар қатысып, бақтарын сынады.

– Көрiктi қаламызда бұқаралық спортты дамытудың игi дәстүрi қалыптасқан. Қалалық газеттер жүлдесi үшiн ұйымдастырылып отырған эстафета сондай игiлiктi шаралардың бiрi. Сондықтан салауатты өмiр салты бүгiнгi күнi көкшелiктер арасында үлкен беделге ие. Бүгiнгi эстафета сол айнымас дәстүрге айналғаны қуантады. Барлық қатысушыларға жарқын жеңiс және сәттiлiк тiлеймiн! — дедi салтанатты ашылу рәсiмi барысында эстафета қатысушыларын құттықтаған қала әкiмi Ермек Маржықпаев.

Эстафета Тәуелсiздiк алаңынан Абай көшесi басындағы «Менiң Қазақстаным» монументiне дейiнгi аралықта өттi. Қыздар арасындағы жүгiруде №1 орта мектептiң оқушысы Анеля Берiкжанова алдына жан салмай, мәре сызығына бiрiншi боп жеттi. Ерлер арасындағы жарыста №6 орта мектептiң оқушысы Мақсат Темiрбеков бәсекелестерiн шаң қаптырып кеттi. Әңгiмелескенiмiзде оның талай жарыстарға қатысып жүргенiн бiлдiк. Оқушылар, колледж студенттерi мен еңбек ұжымдары арасында №1 орта мектеп, Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжi, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетi мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетi департаментiнiң қызметкерлерi үздiк шықты. Алғашқы кезеңде Антон Герасимов, Рустам Есiм, Абылай Шаменов, Гейзе Решка, Юлия Крапивкина, Жұлдыз Ғазизова сияқты қатысушылар қарсыластарынан басым түстi. Қыздар командаларының арасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiнiң, Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжi, №1 орта мектеп, қалалық бiлiм бөлiмiнiң ұжымы жүлдегер деп танылды.

Спорттық шара асқан ұйымшылдықпен өттi. Барлық жеңiмпаздар мен жүлдегерлер кубок, диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Мақаланың шыққан күні: 10.05.2018
Қаралым саны: 142
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус