Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы
Хан төбесі жаңғыртылуда

Зерендi ауданына қарасты Қазақстан ауылынан оңтүстiк — шығыс бағытта биiк төбенiң басында орналасқан Абылай ханның ұлы Уәлидiң алтын күмбездi мазарына тәуiп етушiлер қатары көп. Олар осы қасиеттi жердiң топырағын басып, дұға бағыштап қайтады. Жол бойында орнатылған тақтадағы «Хан төбе» және «Уәли хан кесенесi» деген жазулар жол нұсқап тұр. Жол демекшi, хан мазарына апаратын сүрлеудi қыстың күнi қар алып, көктемде сазданып жатушы едi. Елбасының «Болашаққа бағдар–рухани жаңғыру» мақаласынан кейiн бұл жердiң жолы жөнделiп, мазар маңына кеспе тастар төселуде. Осы жерге арнайы келiп, мән-жайға қанық болған облыс әкiмi Мәлiк Мырзалин тиiстi орындарға тапсырма берiптi. Ендi мазардың маңайы қоршалып, тәуiп етушiлерге арналған орындықтар жасалып, абаттандырылмақ.

Көкшетаудан сол бағытқа жолға шыққан адам Ақкөл селосына жақындаған кезде-ақ биiк төбенiң басындағы хан мазарын бiрден байқайды. Ал селоға жақындаған сайын ол көзден таса болады. Аталған елдi-мекендi басып өткеннен кейiн хан мазарының күмбездерi тағы да алдыңнан жарқырай қарсы алады. Кесене 2008 жылы Уәли ханның 270 жылдығына орай салынған екен. Жалпы аумағы 1920 шары метр. Қызыл кiрпiштен құйылған. Бұл жерде Уәли ханның отбасы мүшелерi де жатыр. Қазақстан ауылының тұрғыны Қайыржан Зiкiрияұлының айтуынша, көнекөз қариялар балаларға бұл жерде хан сүйегi жатыр, оны аяққа баспаңдар деп айтып отырады екен. Есләм Иманқұлұлы деген азамат осы жердi қалыпқа келтiру мәселесiн 1995 жылы көтерiп, жазушы Естай Мырзахметовтың айтуымен, тастағы шағатай тiлiндегi жазуды Жақия қажы мен Алматыдағы шығыстану институтының тарихшылары мен ғалымдары оқып, бұл жерде Уәли хан жерленгенiн нақтылаған және зират басындағы тасты құбылаға қаратып, жөндеп қойғызған. Ал кесененiң өзiн Айша бибi мазарының үлгiсiнде салғызған. Тарихқа шегiнiс жасайтын болсақ, Орта жүздiң ханы Уәли Абылай ханның екiншi әйелi қарақалпақтың қызы Сайман ханымнан туған үлкен ұлы. Жасынан билiкке араласып, арғын тайпасының билеушiсi болды, бiрнеше рет әкесiнiң тапсырмасымен елшiлiктердi басқарды. Уәли iшкi-сыртқы саясатта әкесi Абылайдың iсiн әрi қарай жалғастырушы болды. Ол Орта жүз руларының iшiндегi тұрақтылықты сақтай отырып, сыртқы саясатта Ресей мен Қытайға тең қарым-қатынас жасауға тырысты. Уәли Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттерi толық мойындаған қазақ ханы болды, ол қайтыс болғаннан кейiн, көп ұзамай патша өкiметi Орта жүзде хан сайлауын мүлдем тоқтатты. Уәлидiң 2 әйелiнен 14 ұлы болған. Оның iшiнде мұрагерi болып саналатын Ғұбайдолла мен кiшi әйелi Айғанымнан туған Шыңғыс Уәлиханов Көкшетау және Құсмұрын округтерiнiң алғашқы аға сұлтандары болып сайланған. Даңқты қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов Уәлидiң немересi. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры, археолог Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, Уәли хан бiздiң өңiрде 50 жылдан астам уақыт хандық құрған. Осы жерде Уәлидiң шешесi, бәйбiшесi, немересi және тағы да бiрнеше адам жерленген. Киелi де қасиеттi орынның маңайы қоршалып, қазiр абаттандыру жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Кеспе тастарды төсеумен «Азия-Агрохим» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi айналысуда. Күн жаңбырлы болғандықтан, жөндеу жұмыстары сәл кешеуiлдеуде, бiрақ бiр-екi аптаның iшiнде толық аяқталады.

Облыстық iшкi саясат басқармасы ұйымдастырған баспасөз-туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi Уәли ханның басына тәуiп етiп, Зерендi ауданындағы он жылға жуық жұмыс iстемей тұрған «Искорка» балалар демалыс орнының қазiргi жағдайымен танысып, аудан орталығындағы Мәлiк Ғабдуллин атындағы, Дөңгiлағаш ауылындағы мектеп пен клубта жүргiзiлiп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Мақаланың шыққан күні: 08.08.2017
Қаралым саны: 248
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

akimkokshe@akmol.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2017 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро