Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 340.27
EUR | KZT 396.31
RUB | KZT 5.39
Көкшетау қ.
16 °C
2018 ж. маусымның 25
Көкшетау қаласы – «Ақмола жұлдыздарының» Гран-при жүлдегері!

Биылғы байқауда да көрiктi шаһардың өнерпаздары жеңiстi қолдан бермедi. Таланттарға тұнып тұрған Көкшетау жыл са-йын өнерлi жастарды жарқыратып шығарып жатыр. Қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң басшылығы да алтын көмбенi қазғандай оларды аршып алып, көпшiлiкке таныстырудан еш жалыққан емес. Биылғы «Ақмола жұлдыздары» байқауы өзгеше форматта өтсе де, дарындарын додаға қорықпай салатындар ұтты. Хош, сонымен түрлi аталымдар бойынша оқ бойы оза шапқан көкшетаулық өнерпаздарға Гран-при жүлдесi — «Нива» автокөлiгi бұйырды. Оның кiлтiн өңiр басшысының қолынан алған қала әкiмi Ермек Маржықпаев пен қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң басшысы Айгүл Сәбитоваға қошемет бiлдiрмеген жұртшылық жоқ. Бұл күнi автокөлiктердiң кiлттерi Целиноград пен Бурабай аудандарына да бұйырды. Арнайы сыйлықтар Аршалы мен Астрахан аудандарына табыс етiлдi. Жеңiс құтты болсын!

Облыс әкiмi Мәлiк Мырзалин өңiрдiң әр ауданы, қаласынан келген өнерпаздарды сәттi өнер көрсетуiмен құттықтады. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған байқауға биыл 224 селолық округтен 25 мыңға жуық адам қатысты. 8 фестиваль аясында өзiнiң өнерiн ортаға салған жандар вокал, хореография, дәстүрлi әндер, қолданбалы өнер, цирк жанры, халықтық әдет-ғұрып пен дәстүр, аспаптар жанры аталымдары бойынша өзара сынға түстi. Олардың сахналық костюмдерiне 540 миллион теңге бөлiндi. Өнерпаздарға қолдау бiлдiрген бизнес құрылымдарға демеушiлiк көрсеткенi үшiн алғыс айтылды. Жақында ғана Астана қаласында мәдениет саласы қызметкерлерiнiң 1-шi форумы өткен болатын. Жиында бiздiң өңiрде өткен жылы 15 модельдiк кiтапхананың ашылғаны тiлге тиек етiлдi. Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кiтапханасының ақпараттық-мәдени порталы жұмыс iстеп тұр. Ал, Атбасардағы Iлияс Есенберлин музейi республика бойынша «Аудандық деңгейдегi үздiк музей» аталымына ие болды. Облыс әкiмi «Рухани жаңғыру» мәдениет сарайының құрылысы келесi жылы қолға алынатынын айтып, көпшiлiктi қуантты.

«Ақмола жұлдыздары» байқауының гала-концертiне құрметтi мейман ретiнде өнердiң биiгiн бағындырған жерлестерiмiз арнайы шақырылды. Олардың қатарында Қазақстанның Халық әртiсi Жiбек Бағысова, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiсi Қапаш Құлышева, әлемдiк сахналарда өнер көрсетiп жүрген Салтанат Ахметова, әлем мойындаған дирижер Руслан Баймурзин бар. Жүлделi орынға ие болғандар бұл күнi осы өнер майталмандарының қолынан өз марапаттарын алды. Айта кету керек, халыққа ұсынылған номерлердiң бiрiнен-бiрi өтедi. Тыңдағанның құлақ құрышын қандырар керемет дауыстар әдемi әуендердi нақышына келтiре орындады. Эстрадалық жанр болсын, дәстүрлi ән болсын таңдай қақтырар таланттар көпшiлiктi тәнтi еттi. Дарындар халықтан шығатыны белгiлi ғой. Шынында да ауданнан келген өнерпаздар республикалық деңгейде өнер көрсеттi. Жиналған көпшiлiктiң оларға қошеметi бiр толастамады. Бiрiккен топтар, бiрлескен бишiлер, жинақталған жыршылар, үндескен аспаптар бәрi-бәрi қорытынды концерттi ұйымдастырушылардың мерейiн үстем еттi. Бiр мүдiру, кiдiру, жаңылу болған жоқ. Бәрi бiр деммен, асқан ұйымшылдықпен өттi. Вокалды-хор жанры бойынша Целиноград пен Жақсы аудандары, эстрадалық-вокалды жанр жағынан Зерендi, Сандықтау аудандары мен Степногорск қаласы жеңiмпаз деп танылды. Аспаптар жанры бойынша Көкшетау қаласы мен Ақкөл аудандарының оркестрлерi мен ансамбльдерiне тең келетiн ұжым болмады. Халық әндерiн орындаудан Аршалы мен Шортанды аудандары, дәстүр мен ғұрыпты насихаттауда Қорғалжын, Ерейментау мен Бiржан сал аудандары озық шықты. Атбасар, Бурабай аудандарының би ұжымдары мен Бұланды және Есiл аудандарының цирк өнепаздары жоғары бағаға ие болды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданының қолданбалы және сурет өнерiнiң шеберлерi алдына жан салмады. Олар түрлi салада еңбек ететiн жандар екенiн де айта кету керек. Осындай таланттарды көзiмен көрiп, көңiлiне қуаныш ұялаған жерлесiмiз Қапаш Құлышева дарындар тұнып тұрған өлкенiң тамашаларын алдағы уақытта да аша беру керек деген тiлегiн жеткiздi. Жас болса да бас болып, «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетiп жүрген Салтанат Ахметова мен Руслан Баймурзиндер кезiнде осы кiшкентай ғана Көкшетаудың сахнасынан түлеп ұшқандарын сағынышпен толқи жеткiздi. Бұл күнi ҚР Мәдениет және спорт министрiнiң Құрмет грамотасына, Алғыс хатына бiр топ мәдениет саласының қызметкерлерi ие болды. Облыстың әр түкпiрiнен келген өнерпаздардың басын бiр сахнада қосқан шараны шынында да өнер тойы деуге болады. Әнсүйер қауым мұндай мазмұнды кештi көпке дейiн есте сақтайтыны күмәнсiз. Ал, өнерлi жандар демiн бiр алып, алдағы мерекелiк шараларға дайындығын бастайды.

Мақаланың шыққан күні: 05.06.2018
Қаралым саны: 41
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика