Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 340.27
EUR | KZT 396.31
RUB | KZT 5.39
Көкшетау қ.
16 °C
2018 ж. маусымның 25
Аграрлы аймақтың айшықты дамуы

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкiмi Мәлiк Мырзалиннiң «2017 жылдың әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындысы және 2018 жылға арналған мiндеттерi туралы» есеп беру кездесуi өттi. Есептi кездесуге Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi Марат Бекетаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк инспекторы Қалдыбек Бәйiмбетов қатысты.

Есептi кездесу алдында өңiр жетiстiктерiнiң көрмесi ұйымдастырылды. Онда түрлi саладағы жаңа технологиялық жетiстiктер келушiлер назарына ұсынылды. Жыл басынан берi 72 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен аудандар мен қалалар, ауылдық және кент округтерi әкiмдерiнiң 673 есеп беру кездесуi өтiп, 700-ден аса өтiнiш-ұсыныс түскен. Ашық форматта өткен кездесуге дайындық барысында және есеп облыстық газеттерде жарияланғаннан кейiн өңiр тұрғындарынан сұрақтар мен ұсыныстар келiп түсiп жатты. Оларды жинақтау үшiн «жедел желi» ұйымдастырылды. Сонымен қатар әкiмдiк сайты мен облыс әкiмiнiң блогы да тұрғындар үшiн қолжетiмдi болды. Осының бәрi тұрғындардың өсiп-өнген жерiне, облыстың тыныс-тiршiлiгiне деген алаңдаушылығын, өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуын жақсартуға өз үлестерiн қосуға деген ынта-ықыластарын айғақтайды.

Былтыр қайта өңдеу өнеркәсiбiнiң үлесi 80 пайызды құрап, облыс елiмiздегi инвестиция өсiмi бойынша 4-шi орыннан көрiндi. «Алтынтау Көкшетау» ЖШС, «Қазақалтын» концернi, «ЕПК-Степногор» АҚ, «ЕНКИ» кiрпiш зауыттарында экономикалық өсiм байқалды. — Ең бастысы, Мемлекет басшысының облыс экономикасын қарқынды дамыту туралы берген тапсырмасы орындалды. Бұл жұмыстарға барлық ақмолалықтардың ауызбiрлiгi мен еңбегiнiң арқасында қол жеткiздiк. Бiздiң облыс республикадағы барлық негiзгi көрсеткiштер бо-

йынша жетекшi орындарды иелендi. «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ жүк және өзге де арнайы техниканың 900 данасын шығарып, 40 пайыздық өсiмдi көрсетсе, осыдан 3 жыл бұрын Целиноград ауданында ашылған «Sky Express Elevator KZ» ЖШС 77 лифт және 8 эскалатор шығарған. Жуырда «КАИК» серiктестiгi мен ресейлiк «Ростсельмаш» ААҚ арасында Buhler маркалы тракторлар құрастыру бойынша лицензиялық келiсiмге қол қойылатын болады, — деп атап өттi Мәлiк Мырзалин. Елбасының АҚШ-қа сапары нәтижесiнде «Amity» тұқым себу кешенiн құрастыру лицензиясына қол қойылып, құны 1,5 миллион доллар болатын алғашқы 12 данасы үстiмiздегi жылдың наурызында шығады деп күтiлуде. Биыл 1800 бiрлiк техника құрастыру көзделiп отыр. Алдағы уақытта Көкшетауда «Eurasian Group Kazakhstan» ЖШС сервистiк орталығында John Deer комбайндарын құрастыру жоспарда бар.

Өткен жылы 426 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлiп, 3640 отбасы жаңа баспанаға қол жеткiздi. Жекеменшiк үй салу көлемi 130 пайызға өстi. Биыл көппәтерлi 28 үй салу жоспарлануда. Оған қоса, «Есiл» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы арзан құрылыс механизмiн жүзеге асырмақ. Облыс әкiмi жекеменшiк тұрғын үй құрылысын дамыту үшiн инфрақұрылымдары дайын 360 жер телiмi берiлетiнiн, оның 168-i облыс орталығы аумағынан екенiн атап өттi. — Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор экономиканың драйверi болуға тиiс. Бiздiң облысымыз бұл мiндеттi белсендi түрде жүзеге асырады. Өткен жылдың қорытындысы бо-йынша азық-түлiк өнiмдерiнiң көлемi 13 пайызға артып, 80 миллиард теңгенi құрады. Өсiмдiк майы — 70 пайызды, ет — 22 пайызды, шұжық өнiмдерi — 24 пайызды, ұн –12 па-йызды құрады. Бидай экспортының көлемi 4,3 пайызға, арпа 82,7 пайызға, күнбағыс тұқымының экспорты 2,1 есеге, рапстың тұқымы 1,3 есеге артты. Облыс әкiмi бұған мемлекеттiң қолдауымен және ауылшаруашылығын дамыту бағдарламаларын сәттi жүзеге асырудың арқасында қол жеткiзiлгендiгiн айтты.

11 ауылдық елдi мекенде 241 шақырым болатын су құбыры тартылыпты. Бүгiнгi таңда елдi мекендердi орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету 59 пайызға ғана шешiмiн тапқан. Сондықтан да биыл 14 ауылда су жеткiзу құбырларын тарту көзделсе, тағы 19-да жобалау-сметалық құжатын әзiрлеу қолға алынған. Өңiр тұрғындары үшiн жағымды жаңалық, «Global Gas Group» ЖШС Ақмола облысына көгiлдiр отын жеткiзу жобасын қолға алғандығы. Алғашқы кезеңде облыс орталығын қосқанда жетi аудан, соның iшiнде Бурабай поселкесi газбен қамтамасыз етiлмек. Өткен жылы «Нұрлы Жер» жобаларын қоса есептегенде облыста 630 шақырым жол жөндеу көрсе, соның 236 шақырымы жергiлiктi жолдар саналады.

Уақыт талабына сай атқарылатын басты қызметтердiң бiрi — биыл облыста 20 өнеркәсiп кәсiпорны жаңғыртылып, цифр-ландырылуда. Облыс басшысы өз есебiнде жаңғыртудың 5 векторына — әлеуметтiк бағдар, өмiр сапасын жақсарту, азық-түлiк қауiпсiздiгi, индустриялық даму және кедергiсiз бизнес мәселелерiне кеңiнен тоқталды. «Президенттiң тапсырмасы бо-йынша ауылшаруашылығына цифр-ландыру элементтерi белсендi енгiзiлуде. Жаңа технологиялар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және егiн жинау үшiн де пайдаланылады», — дедi Мәлiк Мырзалин. Облыс әкiмi ретi келгенде қазiргi кезде тиiмдi пайдаланылмай жатқан жерлерге ғарыштық мониторинг жасалатынын, соның нәтижесi бойынша ол жерлер алынып, жақсы жұмыс нәтижесiн көрсеткен шаруаларға үлестiрiлетiнiн алға тартты.

Былтыр 35 ауылшаруашылық кооперативi ет, сүт өнiмдерiн өндiрдi. «AQMOL» брендiмен Астанада үш дүкен ашылды. Биыл тағы 10 сауда нүктесi ашылады деп күтiлуде. Аталған дүкендер желiсiнде сапалы азық-түлiк нарықтағы бағадан 10-30 пайызға төмен. Жұмыс сапары барысында Қытай кәсiпкерлерi «Көкшетау минералды сулары» АҚ өнiмдерiне қызығушылық танытып, өз елдерiнiң Гонконг және Гуандун оңтүстiк провинциясында сауда-саттық бойынша әрiптес болуға ниет танытқанын атап өттi облыс әкiмi.

Өңiрде шағын және орта бизнестi мемлекеттiк қаржыландыру 1,8 есеге артып отыр. 6 мың жұмыс орны ашылған. Аймақ басшысы ауылда бизнестi дамыту мәселесiне назар аударды. Шалғайдағы елдi мекендердiң көбiнде әлеуметтiк-тұрмыстық инфрақұрылым нысандары жетiспейтiнiн алға тартты. Осы орайда Әсет Нұралин есiмдi кәсiпкердiң iсiн көпке үлгi еттi. III топ мүгедектiгiне қарамастан ол несие алып, Красный Яр селосында жылыжай ашқан. Ендi алған өнiмiн өткiзу үшiн дүкен салуда. Сондай-ақ, әлеуметтiк желi арқылы өтiнiшiн жолдаған Андрей Рыманов есiмдi тұрғын Зерендi ауданының Садовое селосында өз қаржысына мәдени-демалыс орталығын ашқысы келетiндiгiн айтқан. Өңiр басшысы осындай бастама көтерген азаматтарды қашанда қолдау керектiгiн айта келе, аталған мәселе бойынша аудан әкiмiне тапсырма бердi.

Президенттiң үш ауысымды мектептер мен апаттық жағдайдағы мектептердi жою жөнiндегi тапсырмасын орындау мақсатында облыс-та 7 мектеп салынып жатыр. 515 мектеп ақпаратты-коммуникативтiк технологияларды қолданады. 3-6 жас аралығындағы бүлдiршiндердi балабақшамен 100 пайыз қамту 2020 жылы аяқталмақ. 2017 жылы «Денсаулық» бағдарламасы шеңберiнде 206 бiрлiк медициналық құрылғылар сатып алынды, жедел жәрдем паркi 33 жаңа автомашинамен толықты. Былтыр облысқа 384 медицина мамандары жолдамамен келген. Жалпы, облыс бойынша жаңа 12 денсаулық сақтау мекемесi пайдалануға берiлмек. 15-iне күрделi жөндеу жасау жоспарда бар. Биыл Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiнде медицина факультетi ашылады деп күтiлуде. Туризм саласын дамыту да айтылды. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту бағдарламасының 3-iншi кезеңiне 61,4 миллиард теңге бөлiнген. Инвесторлардың есебiнен жаңа курорттық қалашық салынбақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 4,4 миллиард теңге сомасына 115 iс-шара жүзеге асырылса, «Қазақстанның 100 қасиеттi орны» республикалық картасына Ақмола облысының 10 нысаны кiрiп отыр. Қазiргi таңда барлық қасиеттi орындар туралы ақпарат заманауи QR-коды технологиясы бойынша сандық жүйеге көшiрiлуде.

Облыс әкiмi облыс орталығы — Көкшетаудың дамуына да айрықша тоқталды. Басты жаңалық — жылу электр орталығының құрылысы басталады деп күтiлуде. Қала айналасын көк желекке айналдыру мақсатында 1292 гектар аумаққа тал отырғызу жұмыстары қолға алынады. Өңiр басшысы Көкшетауда газ тарту жұмыстары жоспарға сай 2019 жылы кезең-кезеңiмен жүзеге асырылатынын, алдағы уақытта РК-1 бу қазандығын газға алмастыру қолға алынатындығын атап өттi. Биыл «Сарыарқа» жаңа мөлтек ауданында тұрғын үйлер саны артпақ. Облыс орталығында онкологиялық емхана құрылысы басталады. Қаланың ескiрген, тозығы жеткен су-жылу желiсiн түгел ауыстыру жұмыстары қолға алынады. Автобус паркiнiң 40-50 пайызы жаңартылады. «Smart City» жобалары бiлiм, мәдениет медицина, тұрғын үй салаларында кеңiнен қолданылуда.

Кездесудiң қорытынды бөлiмi залда жиналғандар мен облыс басшысымен бейнеконференция байланысы арқылы тiкелей тiлдесуге мүмкiндiк алған өңiр жұртшылығының сұрақ-жауаптарына арналды. Халық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлiк, елдi мекендердi абаттандыру және балабақшалар құрылысы, экология мен спортты дамыту мәселелерi бойынша көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Облыс орталығында мүгедек балалар үшiн арнайы мектеп салынса деп өтiнiш бiлдiрген ата-аналарды облыс әкiмi жеке қабылдауына шақырып, бұл мәселе жан-жақты зерттелiп, бiр шешiм шығарылатынын жеткiздi. Макин қаласындағы жүзу бассейнiнiң пайдалануға қашан берiлетiндiгi туралы сұраққа облыс әкiмi: — Бассейн биыл берiледi. Мұнда бiрнеше жыл бiрде-бiр тұрғын үй салынбағаны белгiлi. Биыл қалада көппәтерлi 5 үй мен бiр жатақхана құрылысы басталады,–деп жауап бердi. Жол мәселесi де тұрғындар назарынан тыс қалмады. Шаңтөбе мен Балкашиноны байланыстыратын Степногорскiден Ақкөлге дейiнгi алты шақырымдық жол биыл жөнделедi. Skyре арқылы байланысқа шыққан атбасарлықтар бөгет құрылысы жайлы сұрады. Облыс басшысының айтуынша, 9 шақырымдық бөгет құны 9 миллиард теңге. Жыл сайын оның техникалық қызметiне ондаған миллион теңге қаражат қажет. Құрылыс үш жылға жалғасады. Ал, тұрғындарды жаңа үйлерге көшiру төрт миллиард теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, кездесуде газбен қамту жобасын жүзеге асыру, тұрғын үй құрылысы және басқа да мәселелер көтерiлдi. Бұл — облыс әкiмiне қойылған сұрақ-тардың шағын бiр бөлiгi ғана. Дегенмен, осының өзi кездесуге қатысқан көпшiлiктi тұрмыстық ұсақ-түйек мәселелер ғана емес, сонымен қатар қоғамдық маңызы бар сұрақтардың мазалайтындығын аңғартады. Әрине, бұл Ақмола облысында соңғы кезде орын алған оң өзгерiстердiң айқын айғағы екенi сөзсiз.

Әсем ЖҮНIС.

Мақаланың шыққан күні: 28.02.2018
Қаралым саны: 549
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика