Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы
Ғажайыпты біздің ел жасағанына таңдандым

Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесi ашылады дегеннен-ақ журналистер қауымы жарғақ құлағы жастыққа тимей жазып-ақ келедi. Бiрi сынады, бiрi мiнедi, ендi бiрi iлiк iздедi. Ал ендi бiрi жағымды жаңалықтарымен бөлiсуге асықты. Қанша адам болса, сонша пiкiр қалыптасатыны аян. Дегенмен әркiмнiң өз пiкiрi өзiнде. Биылғы кәсiби мерекемiзге орай қалалық әкiмдiк «Көкшетау» мен «Степной маяк» газеттерiнiң қызметкерлерiне осы көрменi тамашалап қайтуға тегiн билеттер үлестiрдi. 21 шiлде күнi жолға шықтық. Қос басылымның қызметкерлерi көңiлдi, күлiп-ойнап, емен-жарқын әңгiмелесiп, ару Астанаға тез жеттiк.

«ЭКСПО-2017» көрмесiнiң орналасқан жерi атшаптырым. Үлкен аумақта көлiк тұрағы шеткерiрек жасалған. Адамдардың жүрiп-тұруына да ыңғайлы. Бiзбен қатарласа келген бiрнеше автобустан ересектер де, балалар да улап-шулап түсiп жатыр. Көрменiң басты белгiсi — барша ақпарат құралдары жарыса жазып жатқан Қазақстан павильоны «Нұр әлем» орналасқан сфера бiрден көзге шалынды. Бiздiң мақсатымыз да, көздегенiмiз де өзiмiздiң жетiстiктерiмiздi тезiрек көру. Сол жаққа беттедiк. Иiн тiрескен халық. Мұнда да кезекке тұрған жұрт. Бiрi тексеретiн жерден өтуге асықса, ендi бiрi билет алуға асық. Дәл сол жерде қалай жүрiп-тұру қажеттiгiн түсiндiрiп, хабарландыру жасаған жастар жүр. Дауыс көтерiп немесе ашуланып жатқан ешкiм көрiнбейдi. Бәрi асықпай, байыппен, бiрiнiң артынан бiрi өтiп жатыр. Халықтың мәдениетi де өсе түскендей. Iшiм жылып қалды. Шындығын айту керек, көрме павильондарын аралаған кезде де қарапайым халықтың салмақтылығына, шыдамдылығына разы болдым. Волонтер жастар қалай жөн сiлтесе, соған көнiп, айтқандарымен жүрiп-тұрып жатыр. Өзiммен бiрге екi ұлымды ала барып едiм. Екеуi бiрден Қазақстан павильонына барамыз деп ұзақ-сонар кезекке тұра қалды. Олардың айтқандарымен келiсiп, бiз де сол жерге жеттiк.

Ұзақ тұрған жоқпыз. Жарты сағаттың iшiнде әйнек шар-сфераның iшiне кiрдiк те кеттiк. Мiне, керемет деп осыны айт! 8 қабатты ғимараттың бiрiншi қабатына енгеннен-ақ ғажайып әлемге тап болғандай әсерде қалады екенсiң. Айналаның бәрi жарқырап, жайнап тұр. Бәрiн бiрден көрiп, бiлiп, тани алмайсың. Асықпай аралау қажет. Неше түрлi мүсiндер, формалар, пiшiндер, бұрын көрмеген заттар, бәрi-бәрi осында. Ғылым мен техниканың озық үлгiлерi, адам баласының ойлап тапқан жаңалықтары, ұшы-қиыры жоқ, тiптi миға сыйымсыз жетiстiктер, тылсым да құпиясы мол дүниелер… айта берсең сөз жетпейдi, көре берсең көз жетпейдi дейсiң де қоясың. Көрмеге келушiлердi бiрден лифтiмен ең жоғарғы қабатқа көтередi екен. Мұнда да әр лифтiге 15 адамнан кiргiзiп жатыр. Сегiзiншi қабатқа жедел жеттiк. Бастапқыда жүрексiнетiнiң рас. Басың да аздап айналады. Гүрiлдеген судың, күркiреген күннiң дауысы естiлетiндей. Әсiресе, шыны көпiр тәрiздi айналма жолмен жүрiп өткенде жүрегiң тас төбеңе шығады. Төмен қарамауға тырысасың. Бiзге қарағанда балалар батыл екен жүгiрiп өтiп жүр. Бiр байқағаным, халықтың жүзiнде күлкi, көңiл күйлерi көтерiңкi. Әсiресе, балалар мәз-мейрам. Әр қабаттың кереметiн тамашалаған сайын таңданып, басымды шайқаумен келемiн. Идеясы қандай, оны салған алтын қол құрылысшылардың еңбегi қандай, әлемнiң жетi кереметiнiң бiрi десе де болады.

Жалпы биiктiгi 90 метр бұл павильон осы көрмедегi сфера пiшiндегi жалғыз ғимарат. Шыныдан жасалғандықтан жап-жарық. Жоғарғы қабаттан Астана алақандағыдай көрiнедi. Көрме аумағында жүрген қарақұрым халық құмырсқадай. 8-шi қабат Астананың 2050 жылы қандай болатынын көрсетсе, 7 — шi қабатта ғарыш энергиясы, 6-шы қабатта күн, 5-шi қабатта жел, 4-шi қабатта биомасса, 3-шi қабатта кинетикалық жаңалықтар, 2-шi қабатта су энергиясы, ал 1-шi қабатта Ұлттық павильон орын тепкен. Мұнда 2 аумақ бар екен. Бiрiншiсiнде, елiмiздiң салт-дәстүрi, мәдениетi мен тарихы көрсетiлген болса, екiншi аумақ «Жасампаз энергия» деп аталып, онда қазақстандық ғалымдардың баламалы энергетика саласындағы ең үздiк жобалары ұсынылған. Ғарыш энергиясында ерекше әсер еткенi Ай планетасы. Iшiне енгенде кәдiмгiдей айға сапар шеккендей, сол жердiң топырағын басқандай боласың. Ал Күн пiшiнiндегi қып-қызыл шардың iшiне енсең 3D форматындағы жоба сенi кiлемшемен ала жөнелгендей әсерде қалдырады. Павильонға қойылған әр заттың сипаттамасы, жасалу жолдары, не үшiн, қай жерде қолданылатыны жазылып тұр. Қызығушылық танытқан адамға қажеттi ақпараттың бәрi бар.

Әрине, аз ғана уақыттың iшiнде бәрiмен танысып, бәрiн оқып шығу мүмкiн емес. Халықтың басым бөлiгi кәдiмгi музей экспонаттарын тамашалап жүргендей ағылып өтiп жатыр. Ғалымдар немесе ғылыми жұмыстармен шұғылданып жүрген жастарға қажеттi мағлұматтар өте көп. Қабырғаларға да жазылған. Тақталарға да таңбаланған. Шарлардың бетiне де түсiрiлген. Тiптi еденге де қашалған. Қажеттi ақпаратты жүрiп келе жатып, табаныңның астынан да оқи бересiң. Осыдан кейiн өз павильонымызды керемет демеске амалың да қалмайды. Ғарыш, күн, жел, су энергиясын сезiнiп, төменге түскенде Жер-Ананың бiзге сыйлаған дәндi-дақылдарынан бастап, жасыл желегiнiң түр-түрiн көрiп, осындай керемет планетада өмiр сүрiп жатқаныңа анық көзiң жетедi. Әр қабатта дем алатын орындар, мүгедек жандарға арналған арбалар, тамақтанатын жерлер, дәретханалар бәрi-бәрi ойластырылған. Тiптi үш бөлiкке бөлiнген қоқыс жәшiктерiнiң өзiне халық қолындағысын саралап салып жатыр.Осылай-осылай бiздiң жұрт та бейiмделiп, төселiп кетедi. Оған күмән жоқ.

«Нұр әлемнен» жүзiмiз нұрланып шыққасын өзге павильондарды аралап көруге асықтық. Кәдiмгiдей шетелде дем алып жүргендей әсерде болатының рас екен. Өйткенi, түрлi ұлттың өкiлiн кезiктiресiң. Қарасы да, сарысы да, жиренi де, қысық көздiсi де осында. Шри ланка, Жапония, Африка, Түркия, Әзербайжан, Малайзия, Монғолия, Қытай, Корея,Түркменстан елдерiнiң энергия көздерiн үнемдеуде жеткен жетiстiктерiне көз жеткiзiп, естелiк суреттерге түсiп, жолға шықтық. ЭКСПО-ға қайта айналып соғуға уәделестiк. Тағы бiр аралап шығуға ынтыққанымыз рас. Ал «Нұр Әлем» бiзге алыстан мен мұндалап қалып бара жатты.

Мақаланың шыққан күні: 04.08.2017
Қаралым саны: 298
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

akimkokshe@akmol.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2017 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро