Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 386.82
EUR | KZT 428.67
RUB | KZT 5.86
Көкшетау қ.
19 °C
2019 ж. тамыздың 19
Елбасы Жолдауын талқылады

Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының биылғы халыққа арнаған «Төртiншi өнеркәсiптiк революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкiндiктерi» атты Жолдауын талқылаудың республикалық Бiрыңғай күнiнде Көкшетаудағы «Қоғамдық келiсiм» мекемесiнiң мәжiлiс залында бас қосты. Дөңгелек үстел басына жайғасқан Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелерi, этномәдени бiрлестiктердiң жетекшiлерi, қоғамдық құрылымдар мен кеңестер, ғылыми-сараптамалық топ, халықтық сәндiк-қолданбалы өнер шеберлерi қауымдастығының өкiлдерi елiмiздiң өркендеуiнiң жаңа он бағыты белгiленген маңызды құжатқа тоқталып, ой бөлiстi.

Дөңгелек үстел модераторы «Видергебурт» немiс ұлттық қоғамының төрайымы Светлана Корнеева алдымен Көкшетаудағы өзбек ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Тажибуви Медетоваға 60 жылдық мерейтойына орай облыс әкiмi Мәлiк Мырзалиннiң құттықтау хатын табыс еттi.

Елбасының Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауы даму үстiндегi елiмiздiң болашағын айқындай түсетiнi ақиқат. Сол құжатта көрсетiлген басым бағыттарды тек жаттап алып, қайталап айтып шыққаннан гөрi, нақты iске көшiп, оны жүзеге асыру жолдарын iздеу керек деген ұсыныстар шара барысында айтылды. Жөн сөз.

«Қазақ тiлi мен мәдениетi» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Мейрамбек Қиықов бiздiң аймақ аграрлы болғандықтан, машина жасау бағытын дамыту қажеттiгi алға тартылғаны дұрыс дедi. Әсiресе, адами капиталды дамыту, оның iшiнде балалардың ойыншықтарынан бастап, жаңа технологияға көшу керектiгi айтылғаны орынды. Бiз өзге елден алушы емес, өзiмiзде өндiрушi болуымыз керек. Ал ғылымды дамыту үшiн ғалымдардың басын бiрiктiретiн Академияны қайта қалыпқа келтiру қажеттiгi өздiгiнен туындайды.

Көкшетаудағы гуманитарлық –техникалық лицейдiң директоры Наталья Дементьева Жолдаудың жетiншi бағытына тоқталды. Өйткенi онда бiлiм саласы жан-жақты қамтылған. Елбасының қатысуымен желтоқсан айының басында өткен форумда жаңа инновациялық технологияны пайдаланып, кәсiбiн жүргiзiп отырған жастар сөз алған. Осының өзi жаңа Жолдаудың бастамасы iспеттi едi. Маңызды құжатта мұғалiмдердiң беделiн көтеру, оқушылардың жүктемесiн жеңiлдету мәселесi қозғалды. Мұны да ұстаздар қауымы қызу қолдап отыр.

Облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Ғосман Төлеғұл терминологияға қатысты айтылған тұстарына тоқталды. Халықаралық қолданыстағы терминдердi тым қазақшалап, ешкiмге түсiнiксiз етiп аударудың қажетсiздiгi күн тәртiбiне шықты. Ендi тек оны бiр ретке келтiру керек. Абай Мырзахметов атындағы университеттiң оқытушысы Ардақ Қапышев те ғылым мен бiлiмге қатысты даму бағыттарын саралады. Ал кәсiпкерлер қауымдастығының төрағасы Марат Жұмабеков маңызды құжатпен әрбiрiмiз танысып, болашаққа бағдар ретiнде ұстауымыз керек дедi.

Дөңгелек үстел басына жиналғандар осы және тағы басқа мәселелердi талқылады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Мақаланың шыққан күні: 18.01.2018
Қаралым саны: 720

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіздің жасыңыз?