Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 370.11
EUR | KZT 419.37
RUB | KZT 5.58
Көкшетау қ.
-14 °C
2018 ж. желтоқсанның 13
Е.Маржықпаев: «Көркемдік те, қолайлылық та керек»

Көкшетау қаласының әкiмi Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен қаланың барлық мекеме, бөлiм, ведомстволар басшыларының қатысуымен жиын болып өттi. Онда әкiм бүгiнгi таңда жүрiп жатқан құрылыс жұмыстары, жол жөндеу, аулаларды, жалпы қаланы абаттандыру мәселелерiне тоқталып, жаз айларында айнала орманды алқаптағы, жағажайлардағы, балалардың демалысы өтiп жатқан жерлердегi қауiпсiздiктi сақтау жөнiнде жауапты қызметкерлерге нақтылы тапсырмалар бердi.

– Қай iстi қолға алсаңыздар да оны сапалы атқаруға тырысыңыздар, әр жұмысшыдан соны талап етiңiздер, қадағалаңыздар. Бөлiнген қаржы өз орнына жұмсалсын, — деген қала басшысы, қала бойынша құрылыс жұмыстары жүрiп жатқан әр нысанға жеке-жеке тоқталып, iс барысын саралады. Ауқымды жұмыстарға қоса қазiр жол бойындағы жүрiске кедергi болып келген ой-шұқырларды тегiстеу, жамау да қолға алынды. Мiне, осылардың өзi сапалы атқарылуы тиiс. Бiр iстеген шаруа туралы арада ай өтпей шағым түсiп, қайта айналып жүрмейiк. Iсiмiзде тиянақ болсын. Аулаларға жол төсеу, ойын, демалыс алаңдарын салуда бәрiн өлшеп-пiшетiн мамандар өз алдына, сол жерде тұратын тұрғындар тiлегi де ескерiлсiн. Қазiр орталық көшелердегi негiзгi жолдар бойына қосымша бұрылыстар салу қолға алынды. Бұрын көше қиылысындағы ондай қосымша «қалта жолдар» болмаған едi. Көлiктiң көбейiп, кептелiстер бола бастаған соң қолға алынды. Осының бәрi қаланың көркемдiгiне қоса, тұрғындар үшiн қолайлы болуын көздегендiктен жүзеге асуда.

Жылма-жыл iстелiп келе жатқан осындай ауқымды iстерге қарамастан тұрғындарға қаланың тазалығын сақтау, көркемдiк, үгiт-насихат құралдарын, ескерткiштердi, алаңдар мен аллеяларды күтiп ұстауды түсiндiру жұмыстары кеңiнен жүргiзiлмей келедi. Атқарылып жатқан жұмыстардан тұрғындардың көше тәртiбiн сақтау жағы кемшiн түсiп жатқандай көрiнедi. Сондықтан, жергiлiктi полиция қадағалауды күшейтiп, кемшiлiктердi болғызбау жөнiнде алдын ала жүргiзiлетiн жұмыстардың тиiмдiлiгiн арттыруы тиiс. Мәдени-көпшiлiк жұмыстардың мазмұны тереңдетiлсiн. Әсiресе, жастар тартымды, көңiлдi өткен концерттерден кейiн соңдарын жинаусыз қалдырып кетiп жүр. Жәрмеңкелерден кейiнгi жағдай да мәз емес. Тәртiпке, тазалыққа үйрету керек.

Жаздың соңғы айына да келiп жеттiк. Сондықтан, судан құтқару, төтенше жағдайлар, өрт қауiпсiздiгi қызметi, мәдениет пен оқу бөлiмi қадағалауды, бақылауды күшейтсiн.

– Қаланың көркi мен қолайлылығы үшiн атқарылып жатқан жұмыстар көп. Ендi, тұрғындардың сол қолда барды, қол жеткендi қадiрлеуiн, күтiп, баптап ұстауын ескеру керек. Сап-сау тұрған аялдамаларды қирату, егiлген гүлдердi жұлу, гүлдердi, көшеттердi құмырасымен қоса көтерiп алып кету, кез келген жерге қалдық тастаудың осыған дейiн неше фактiсi тiркелдi. Олардың қолға түскендерiне айып салынды. Бiз сондай келеңсiздiктердiң алдын алып, болдырмау үшiн түсiнiк жұмыстарын жанды жүргiзуiмiз, қоғамдық-көпшiлiк жұмыстардың мазмұнын арттыруымыз керек, — деп түйiндедi жиынды қала әкiмi Е.Маржықпаев.

Мақаланың шыққан күні: 09.08.2018
Қаралым саны: 107
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Біздің сайтқа не арқылы кірдіңіз?