Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы
Депутат сайлаушыларымен кездесті

Көкшетау қалалық әкiмшiлiгi жанында 4 комиссия жұмыс iстейдi. Оның құрамына енетiн депутаттар барлық дерлiк мәселелер бойынша халықтың мұң-мұқтажын талқыға салып, өтiнiштерi бойынша бюджеттен қаржы бөлiнуiне күш салады.

Биыл жоспар бойынша әр депутат өз округiнде сайлаушыларымен кездесу өткiзiп келедi. Бұған дейiн қалалық мәслихат депутаттары Мәди Елубаев, Жұмабай Әмiржанов, Боранбай Бегалин, Еркiн Исiмбаев, Владимир Шиманский тұрғындармен кездестi. Соңғы он айда өткiзiлген сессиялар барысында түрлi мәселелер бойынша 100 сауал алға тартылған екен. Халық қалаулыларына түрлi проблемаларымен келетiн тұрғындар көп, олардың бiрi баспана, бiрi отбасы түйткiлiмен келсе, ендi бiрi науқас балаларының емделуiне қаржы сұрайды. Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық мектеп-лицейде өткен кездесуде қалалық мәслихат депутаты Роза Арыстанқызы өз округi бойынша сайлаушылармен кездесiп, оларды қызықтырған сауалдарына жауап бердi. Сұрақ көп болған жоқ. Тек оқушыларға қажеттi спорт залының жоқтығын алға тартқан аталған бiлiм ошағы директорының өтiнiшiне депутаттар құлақ асуға уәде еттi.

Роза Арыстанқызы Көкшетау қаласы бойынша биыл атқарылған игiлiктi iстер жайлы есеп бердi. Ол облыс орталығын абаттандыру, көркейту, балалардың ойын және спорт алаңдарын салу, көше жолдарын жөндеу, жарықтандыруға қатысты. Биыл Көкшетау қаласында барлығы 55 үй ауласы жөндеуден өткен. Оның iшiнде депутаттарға келген тұрғындардың өтiнiш-тiлектерi де бар. Мысалы, Роза Арыстанқызына облыс орталығының тұрғыны Қайролла Ескендiров өзi тұратын ауланы абаттандыру жайлы мәселемен келген екен. Қарияның тiлегi орындалып, халық қалаулысының көмегiмен жөндеу жұмыстары жасалыпты. Сондай-ақ, алты баланың анасы Анастасия Горяева үйiн жылытатын көмiрi жоқтығын алға тартқан. Ол кiсiнiң де өтiнiшi қанағаттандырылып, депутаттар тарапынан қолдау көрсетiлiп, үйiне қатты отын жеткiзiлiптi.

Роза Арыстанқызы Көкшетау темiржолы вокзалында қызмет iстейдi. Сондықтан ол кiсiге поезд билетi мәселесiмен жолығатын жандар көп. Олардың басым бөлiгi квотамен Астана, Алматыға операция жасатуға баратындар екен. Кейбiрi жағдайының жоқтығын да алға тартады. Соған орай халық қалаулысы бiрнеше адамға өз қаржысына билет алып бергенiн де айтты. Сондай-ақ, қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайтын депутат науқас балалардың емiне қаржы жинау жұмыстарына да қолғабыс етедi. Алда бұл жұмыстар жалғасады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Мақаланың шыққан күні: 28.11.2017
Қаралым саны: 318
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

 

 

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

 

akymat_kokshetay@mail.ru

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2017 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро