Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы

Көкшетау қаласы әкiмiнiң орынбасары Алтынай Әмiренованың төрағалығымен әкiмдiк жанындағы қоғамдық келiсiм кеңесiнiң биылғы жылғы алғашқы отырысы болып өттi. Тыңдалған баяндамалар, айтылған пiкiрлер бiр арнада тоғысты. Мiнберге көтерiлгендердiң негiзгi айтары — барлық iстiң берекесi татулықта. Қай шараның болмасын негiзгi мақсаты елдiң тыныштығы.

Алдымен қалалық iшкi саясат бөлiмiнiң жетекшiсi А.Подгурский сөз алып, қаладағы осы кеңестiң қоғамда алар орны, оның жоспарлы жұмыстарының орындалу барысы, өткен шаралар, олардың тиiмдiлiгi, көпшiлiктi қамтуы жөнiнде баяндады. Қандай саяси, мәдени, әдеби шаралар болмасын қала жұртшылығы үнемi өздерiнiң сауатты да табанды көзқарастарын көрсетiп келедi. Оны Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезектi Жолдауын еңбек ұжымдарында талқылау, ел Конституциясына өзгертулер енгiзу жөнiнде пiкiр бiлдiру, тағы басқа сауалнамалар нәтижесiнен бiлуге болады. Әртүрлi акцияларға тұрғындар сергек қарайды, белсендi қатысады. «Степной маяк», «Көкшетау» қалалық газеттерiне ұлтаралық қатынас, ел бiрлiгi, берекелi жанұялар, ұлтаралық татулық туралы сапалы мақалалар, сұхбаттар жарияланды. Көшелердегi көрнекi үгiт тақырыбы да бұл мәселенi үнемi қамтып келедi. Ал, «Қоғамдық келiсiм» мекемесiнiң медиаторы, заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы судья Ғ.Сыздықова адамдардың әртүрлi дау-дамай, тартысты iстерiн сотқа жеткiзбей келiстiрiп шешудiң маңызы мен тиiмдiлiгi, медиаторлардың жұмысын жандандыру мәселесi жөнiнде өз пiкiрiн ортаға салды.

«Бiз — бiргемiз!» облыстық қайырымдылық қорының директоры Қ.Шериязданов осы қордың науқас балаларға көмек қолын созу, өзге ұжымдар мен кәсiпкерлердiң көмегiн ұйымдастыру, перзентiне шырылдап ем iздеген ата-аналарға бағыт-бағдар сiлтеу барысындағы баяны үлкен түсiнiстiкпен қабылданды. Ұлтына, тегiне қарамай қиналған балдырғандарға көмек жасау — әр азаматтың, әр қазақстандықтың мiндетi. Қазақстандықтардың жылдар бойы қалыптасқан өзара татулық, жанашырлық, мейiрбандықтары осындай сәттерде көрiнерi хақ. Демек, қайырымдылық қоры жұмысының кең қанат жайып, дами түсерi сөзсiз. Қор директоры Қалымтай Қалымбекұлы кеңес мүшелерiне атқарылған iстерiн көрсететiн фотосуреттер мен бейнебаянды да ұсынды.

Облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Г.Яндиев өзi басқарып отырған қоғамның ақсақалдар алқасы көмегiне сүйене отырып, ұлтаралық татулықты насихаттау бағытындағы жұмыстарына тоқталды. Олар, әсiресе, дiни сауатты жетiлдiру, өзге ағымдардың бел алуына қарсы нақты насихат жүргiзуде. Негiзгi баяндамалар тыңдалып, талқыланып, пiкiрлер айтылғаннан кейiн басқа да қосалқы шаруалар пысықталды. Кеңес мәжiлiсiн қорытындылаған қала әкiмiнiң орынбасары А.Әмiренова алда келе жатқан 1 мамыр — Қазақстан халқының бiрлiгi күнi, 7 мамыр — Отан қорғаушы күнi, 9 мамыр — Жеңiс күнi мерекелерiн лайықты атап өтуге, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесiне қатысуды насихаттауға, ұйымшылдық пен белсендiлiк танытуға шақырды.

«Көкше-ақпарат».

Мақаланың шыққан күні: 20.04.2017
Қаралым саны: 224
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

 

 

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

 

akymat_kokshetay@mail.ru

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2017 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро