Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 387.37
EUR | KZT 428.55
RUB | KZT 6.06
Көкшетау қ.
-15 °C
2019 ж. қарашаның 21
Тұрғындар тілегі ескерілді

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген әр тұрғынның әртүрлі себеп-уәжі болды, қала басшысына өз мәселелерін айтып, барынша көмектесуді сұрады. Өз тарапынан қала әкімі айтылған ұсыныс, өтініштерді мұқият тексеріп, нақтылы шара қолдануды тапсырды.

Тұрғындар атынан келген зейнеткер Абдрахман Муслимов Горький көшесі, 18 үй аумағы абаттандырылса деген тілегін жеткізді. Қала басшысы жақын күндері сала мамандары аталған нысанды арнайы барып көретіндігін жеткізді. «Былтыр қалада 30 үйдің ауласы абаттандырылса, биыл 60 ауланы қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Бізге тұрғындар тарапынан өтініштер көп түседі. Барлық ауланы бір күнде абаттандыру мүмкін емес. Қаржылық мүмкіндікке байланысты бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады»,–деді Е.Маржықпаев. Қабылдауға жазылған кәсіпкер Қайрат Белгібаев жабық футбол алаңын салу үшін жер бөлуге көмек сұрады. Қала басшысы кәсіпкердің бұл идеясын құптайтындығын, алайда жоба уақытында жүзеге асырылмаса, жер мемлекет меншігіне қайтарылып алынатындығын ескертті.

Красный Яр селосының тұрғыны Мұрат Еламанов қызмет барысында қайтыс болған ұлының артында қалған келіні мен бала-шағасына баспана алуға көмек сұрады. Оның айтуынша, келіні тұрғын үй кезегінде №2 тізім бойынша 4399-шы болып тұр. – Өздеріңіз де құлағдарсыздар, қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Қалада мыңдаған адам кезекте тұр, – деген қала әкімі пәтер тек заң аясында кезекпен берілетінін айтып, түсіндірді. Қала тұрғыны Алмагүл Магазова Әуезов көшесі, 288 мекенжайындағы жатақхананы жекешелендіру мәселесін алға тартты. Сала мамандары алдымен жатақхананың техникалық құжатын ресімдеп, бұдан соң оған тұрғын үй мәртебесі берілгеннен кейін ғана жекешелендіруге болатындығын жеткізді.  Қабылдау барысында көптің көкейіндегі  сауалдарға ден қойған әкім әлеуметтік  мәселелерді алға тартқан  жандардың ұсыныс-тілектерінің заңдылығына сәйкес орындалатынын айтып, тиісті салалар мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Бөлім басшылары да туындаған сауалдардың шешімін табуы назарға алынатынына уәде берді.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Мақаланың шыққан күні: 18.08.2017
Қаралым саны: 690

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Сіз қандай санатқа жатасыз?