Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 352.54
EUR | KZT 415.15
RUB | KZT 5.31
Көкшетау қ.
8 °C
2018 ж. қыркүйектiң 24
Бала – өмір, бала – бақыт, бала – жыр!

Халықаралық балаларды қорғау күнiне арналып Көкшетауда үлкен шеру өттi. Оған балалар мен жастар музыкалық оркестрлерi мен ансамбльдерi, кiшкентай балдырғандар қатысты. Осымен екiншi рет өткiзiлiп отырған әдемi шараны тұрғындар тiк тұрып тамашалады. Қала әкiмi Ермек Маржықпаев елiмiздiң ертеңi — балаларға мықты денсаулық, табыс тiледi. Бiлiмдi ұрпағы бар ел мықты. Бiлiктi маманы бар ел озық. Сондықтан мемлекеттi әрi қарай дамытатын, болашағымыздың айқын болуына үлесiн қосатын жастарға үлкен сенiм артылады. Олар өздерiнiң табыстарымен кейiнгi толқынға үлгi болуы тиiс. Шаһар басшысы Халықаралық балаларды қорғау күнiне орай ата-аналарды да құттықтап, оларға өз перзенттерiн ақылды азамат етiп тәрбиелеу iсiне табыс тiледi. Бұл шерудiң тағы бiр миссиясы — қалада тұратын балалар мен жастардың табысын, жетiстiктерiн көпшiлiкке паш ету.

Алдымен парадқа қатысушылар «Қазақстан жастары» әнiне флеш-моб орындады. Шерудi бастаушылар №12 орта мектептiң оқушылары болды. Олар бiрнеше мәрте әскери-патриоттық байқаудың, ойындардың жүлдегерлерi атанған. Оқушылар тобына «Рухани жаңғыру» тақырыбында безендiрiлген машина iлесе жүрдi. Одан кейiн №1, №21 мектеп оқушылары шерудi жалғастырды. Олар түрлi шығармашылық, халықаралық фестивальдардың жеңiмпаздары. Театр майталмандарымен тiзе қосып, сахнада өнер көрсетiп жүр. Сәкен Жүнiсов атындағы №18 мектеп оқушыларының барабаншылары шеруге серпiн бердi. Олардың соңын ала гүлге көмкерiлген көлiк жүрiп өттi. Көкшетау қаласының Бiржан сал атындағы музыкалық колледжi, Ақан серi атындағы мәдениет колледжiнiң студенттерi шерудi жалғастырды. Олар өнер байқауларының, жастар фестивальдарының жүлдегерлерi. Қалалық бiлiм беру ұйымдарының қазақтың сүйiктi ұлттық аспабы алып «Домбыраны» алып жүруi ән өнерiн аспанға биiктеткен құнды мұрамызға деген тағзым болса керек. Шарлармен безендiрiлген көлiк те шерудi көрiктi ете түстi. Көкшетау гуманитарлық колледжiнiң тобын экологиялық №13 мектеп-гимназиясының үздiк отбасылық ансамблi, үздiк хореографиялық қойылым иегерлерi толықтырды. Шерудiң ең кiшкентай қатысушылары — түрлi костюмге жасанған балдырғандар қатары шараны көрiктi ете түстi. №11 мектептiң әскери-спорттық колоннасы, жоғары көпсалалы азаматтық қорғаныс колледжiнiң тобы да өз табыстарын алға тарта жүрiп өттi. Түрлi ұлттың киiмiн киген оқушылар Ассамблея ұйымының бiрлiк пен татулықтың белгiсi екенiн көрсеттi. Жанайдар Мусин атындағы Жоғары қазақ педагогикалық колледжiнiң «Томирис» рухани-патриоттық қыздар және «Айбын» патриоттық клубтары Отанға деген сүйiспеншiлiктi ортаға салса, Жоғары колледждiң барабаншылары рухты көтере түстi. Шерудi Астанадағы ең көрiктi саналатын «Ақорда ғимараты» бейнеленген саббуфер жалғастырды. №1 сервистiк-техникалық колледжi, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетi, Жоғары медициналық колледжi, Красный Ярдағы №3 агротехникалық колледжiнiң студенттерiнен құралған колонналар аталған оқу орындарынан ең қажеттi мамандықтар дайындалатынының дәлелiндей болды. Қаладағы музыкалық балалар мектебiнiң музыканттары 48 облыстық және республикалық конкурстардың жеңiмпаздары атанған. №14, №16, №2, №19 мектептер мен гуманитарлық -техникалық мектеп-лицейiнiң табысты оқушылары шерудi көтерiңкi көңiл-күймен жүрiп өттi. Ролик таққан балалар мен велосипед мiнген балдырғандардың қуанышты жүздерi, қолдарында ойыншықтары бар балақандардың шат күлкiсi мерекенi шырайландырды.

Халықаралық балаларды қорғау күнiне арналған шеру концерттiк бағдарламаға ұласты. Ата-анасының жанында алаңсыз жүрген балалар алаңдағы қызықты бағдарламаларды тамашалап, саябақтағы әткеншектерге мiнiп, тәттi-дәмдiлерден дәм татты.

Мақаланың шыққан күні: 08.06.2018
Қаралым саны: 63
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика