Көкшетау әкімдігі
Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы

USD | KZT 371.31
EUR | KZT 419.32
RUB | KZT 5.59
Көкшетау қ.
-11 °C
2018 ж. желтоқсанның 16
«Әр сәті өмірдің бақыттай!..»

(Ерболат Баят. «Жұмақ әуенi». «Мерей» баспасы, Алматы, 2017.
Ерболат Баят. «Уақыт бедерi», «Әрекет-принт» баспасы, Алматы, 2017)

Ерболат Баятұлы шығармашылығы туралы кiм, қашан айтса да оған үлкен үмiт артатын. Алыптары көп, толқын-толқын таланттар келiп жататын әдебиет айдынына әлдебiр жаңалық әкеледi, жарқ етiп көрiнедi, деп ой түйiндейтiн. Себепсiз емес. Ерболаттың терең бiлiмi, туабiттi таланты, ғылымға құмартқан қалпы, алаңсыз iзденiсi осылай ойлауға жетелейтiн. Шығып жатқан кiтаптары, басылып жатқан өлең-жыр, әңгiмелерi, ғылыми монографияларын оқи тұра, олардың жоғары деңгейiн бағалай тұра бұларын қанатын қомдар қыранның тұғыры ғана деп бағалайтын. Көзi қарақты оқырманын осындай ойға тiреу үшiн де үлкен қуат керек екенi тағы даусыз. Бұл оның шығып жатқан дүниелерiнiң кемшiлiгiнен, әлсiздiгiнен емес-тi. Сол талантты дүниелерiнiң сыр бүгiп, тылсым бiр талғамның әуенiн жеткiзiп тұрғандығынан болатын. Ұсынған шығармалары басқа бiр сападағы саңлақ көркемдiктiң лебiн сездiретiн.

Мiне, жаңа жинағынан сол күткенiмiздi жолықтырдық. Ерболаттың «Жұмбақ әуенi» атты кiтабы қолға тиген. Әңгiмелер, хикаяттар жинағы. Тiптi, жанрға жiктегенде де таптаурын талаптарға сыйыңқырамай тұрған сыңайлы. Өйткенi, табиғаты бөлектеу. Мәселен, шағын ғана мөлдiреген әңгiмелерден жырмен өрiлер мұң сарыны менмұндалаған элегия, кейде сырлы сезiмдi әспеттер новелланың нәзiк иiрiмдерi еседi. Ол кемшiлiк емес, қаламгердiң өрге тартқан өзiндiк қолтаңбасы, жолы.

Ғылыми iзденiстер үстiндегi автор оқырманына өзi жолыққан небiр көңiл толқытар деректер, оқиғаларды, ұлы адамдар басынан кешкен тағдыр, әрекеттердi әсерлi, әдемi баяндайды. Әрi дерекке қанығып, мәлiмет аласың, әрi сезiм әлемiңе сәуле түсiп, жаныңды тазартасың. Қысқа ғана жылы шуақты әңгiмелер баурап, сол әлемнiң бiр бөлшегiне айналасың. Кiтапты жапқың келмей, әлгi әлеммен қоштасқың келмей, аңсарлы бiр күйге түсесiң. Шығармалары қазақтың бай, құнарлы тiлiнде, қысылып-қымтырылмай еркiн төселе аққан баян-берекеттi аққулы өзендей. Бүгiнде сирек кездесетiн сөздер, орайлы сөз тiркестерi, қазақы қоңыр ұғымдар, қысқа да болса нұсқа көркем суреттер. Емiс-емiс естiген әлдебiр әңгiмелерiң ондаған, жүздеген жылдарғы пердесiн ысырып көз алдыңнан шыға келедi. Сәкен мен Иманжүсiптiң кездесуi, Әлкей мен Мұхтардың жастық шақтары, Шоқанның жарымен сұхбаты, Гете, Шопен, Шыңғыс хан шерлерi… «Жат келiн» деп аталатын әңгiмесi Ахмет Байтұрсынұлының жары Бадрисафаның қасiретiн жеткiзедi. Қайғыға бөккен оның тектiлiгi, ерi аман-сауда құрақ ұшқан кейбiр ағайынның тайғанақтығы, тексiздiгi қапысыз суреттеледi. «Ғалия» әңгiмесi «Сол Ғалия едiм!» деп айта алмағанына iштей қорланып бара жатты. Әлгi әйел осы ғұмырында бала көтеру бақыты бұйырмай, күйеуi Бержаннан жеген ащы таяғы мен азапты өмiрiн жеңiлдету үшiн Семейге барып, қайын жұртынан бiр жетiмектi бауырына салып әкеле жатқан Ғалия екенiн, атақты Балуан Шолақтың Ғалиясы екенiн олар бiлген де жоқ едi. Ауыр мұң мен аянышты тағдырды арқалаған қара пәуеске қара түннiң қойнына сiңiп бара жатты» деп аяқталады. Қай әңгiмесi болмасын әсер-дәмi таңдайыңа татып бара үзiледi. Тамсанып қала барасың. Оқиғаның мән-жайы көз алдыңда көлбеңдейдi. Ауыр сызы, мұңы, сағынышы санаңда қалады. Тағдырдың қан-сөлсiз кепкен ағаштай қатты дiңiнiң қалай күштенсең де илiкпес қатыгездiгiне бас шайқайсың, сол тағдырды кешкен бiртуар дарақтардың қайрат-жiгерiне қайран қаласың. Сөйтесiң де өмiр сабақтарын қайта парақтайсың. Үйренесiң. Апырау, үйренбесiңе қояр ма?! Көп бұлғағы жоқ, қысқа дүниелер ерiксiз үлкен ой кештiредi. Көлемi шағын шығармалардың ойыңды әр қияға бастатар қуатына тәнтi боласың. Тек қана белгiлi адамдар тағдырынан емес, өмiр-тiршiлiктiң кейбiр сәттерiнен пәлсапа жеткiзетiн тартымды әңгiмелерi де жеткiлiктi. Мысалы, «Керi кеткен» деген әңгiмесiнде нәпсi ләззатының алыпқашқан ауыздықтатпас әлегi суреттеледi. Оны қоштау, қоштамау оқырманның өз еркiне қалдырылған. Бiрақ, сол бiр ессiз құмарлықтың бiзбен қатар өмiр сүрiп келе жатқаны, бар екенi жасырын емес. Әдеп сақтап, қанша тартыншақтасаң да оны мойындауыңа тура келедi. Оны тiзгiндей алмай әуреге түсушiлер, кейде азып-тозушылар аз ба? Немесе, жасырын қадамын құпия ғұмыр етiп, жанына демеу етiп жүргендер жоқ дер ме едiңiз?…

«Метаморфоза» болса, адамның итпен сөйлесуi арқылы көп нәрсенiң бетiн ашады. Қызық. Ойға қаласың. «Сiздер бiр-бiрлерiңiзбен ырылдасқанда «Итсiң!» деп тiлдейсiздер. Осыған түсiнбеймiн» деп ұялтады-ау, итiң!.. «Ұзақ сарынының» да айтар тәмсiлi салмақты. Күшiгiнен айырылған қасқыр Көкшуланның да өзегiнде өксiк көп, ұзақ ұлиды, қу тiршiлiк күйбеңi қажытқан аңшы Қара-Бұланның да өкiнiш-күйiнiшi жетерлiк, домбырада тартқан сарыны ұзақ.

Адамның iшкi психологиялық қайшылықтарын қоршаған ортамен салыс-тыру арқылы айшықтау, адам түйсiгiнiң қалтарыстарына көз жүгiрту, оқиғаны ойға әкеп тiреу, бойға қанмен бiткен қасиеттердiң өшпейтiн iзi, тағы басқа ерекшелiктер әңгiмелер өрнегiн қоюландыра түседi.Қысқасы, Е.Баятұлы өзiне тән жаңа бiр сүрлеу салды. Бұрын мүлдем жоқ емес тақырып, тәсiл. Алайда, автордың өз стилi, өз тәсiл-шешiмдерi бар. Осы тапқан олжасымен бiр емес, бiрнеше дүние жазып, өз жолын жалдандырып, оқшаулап қойған. Алға қарай осы өз соны сүрлеуi айқындала түсер. Мүмкiн, тағы да тыңнан жол салар. Талантқа, сiрә, дау бар ма?! Қалай десек те, қай жанр, қай стильде жазса да автор жеңiсi оқырманын үйiрiп әкетуi, iзгi ойға жүгiнтуi емес пе? Оқырманы iздеп жүрiп оқитын болса, қаламгер үшiн одан артық табыс бар ма? Бiз «Жұмақ әуенiн» iздеп жүрiп оқушылар көптеп табылар деген сенiмдемiз. Бұрыннан «Ақылды өлең» жазушылар қатарынан саналатын Ерболаттың «Уақыт бедерi» деген жаңа жыр жинағы да оның өлең өлкесiнде өз жүрiсiнен жаңылмағанының дәлелi. Сөздiк қоры мол, көкiрегi ояу, зерделi ақын өлеңдерi көркем картинадай көз тартады. Ұтымды теңеу, келiстi суреттер көп. Жалпы, ақын сыры, жүрек соғысы поэзиясында тұрады ғой. Автордың «Ақын деген» деп аталатын өлеңi оның прозадағы жетiстiгiнiң сыры, кiлтi iспеттi.

Мiнезi бар кейбiр кезде ұяңдау,

Арманына құс ұшырып қиялдау.

Ақын деген жақсы көру ғаламды,

Ақын деген сүйiп тұрып сүйе алмау… Иә, ғаламды жақсы көру. Қилы тағдырлы, қуаныш пен мұңы, сәтсiздiгi мен сәтi алмасқан мынау жалғанда өмiр сүру қалай да ғажап!.. Опындырса да, сағындырса да тәттi!..

Өтiп бара жатқан ғұмыр-жалғанның қызығын құмарта жырласа да өмiрге құштар ақын өкiнiш айтпайды:

Жанымның жарқылы жақұттай,

Әр сәтi өмiрдiң бақыттай, — деп оны қадiрлеуге шақырады. Жырларының сазды сағынышы, үмiттi аңсары, мөлдiр мұңы бар. Сөйте тұра жаныңа жара салмайды, жүрегiңе салмақ түсiрмейдi. Мұң шiлтерiн жамылған жылы жырлары жазғы самалдай еседi.

Талай бойда қан тасып қызып егес,

Қайрат қылсаң қара нар күш табылар.

Өмiр деген параллель сызық емес,

Шимайланып кететiн тұстары бар.

Иә, солай… (92 бет. «Иә, солай…») — деп алып, өмiрдiң талай тартысы мен талқысын, көңiлдiң көкжиекке тартқан көрiнiстерiн суреттейдi-ақ!

Өткенге барып бiр сәт қайтар ма едiк,

Сол шақты өз-өзiме айтам келiп.

Ол кезде әкем, анам тiрi едi ғой,

Алыста… аман-есен, Алтайда едiк… — деп балалық шағындағы небiр қимас сәттердi Алтайдың ақ жаңбырындай төкпелейдi. Шағын мақалада ақынның ақшуақ жырларын көбiрек келтiрiп, талғампаз оқырманды тұшынту мүмкiн болмас. Жанға серiк қып, кiтабынан оқыған жөн.

Сөйтiп, Ерболат Баятұлы әдеби ортаға жаңа лептi, табиғаты бөлек, бiтiмi басқа ерекше прозалық шығармаларын, әдемi әдiптi, сұлу өрiлген өршiл поэзиясын алып келдi. Бұл автордың тамаша жетiстiгi, үлкен табысы! Алда әлi талай сыншылар, әдебиетшiлерден жоғары баға алып, ауызға iлiгерiне сенiмдiмiз. Алайда, қаламгер үшiн ең биiк баға оқырманның оны сүйiп оқып, қадiрлеуi, сырласар досы ретiнде қабылдауы ғой. Сол мақсатқа қол жеттi деп түйемiз. Оның қаламынан алдағы уақытта да көкте тосыннан туар жарық жұлдыздай көзтартып, көңiл сүйсiнтер керемет шығармалар туады деген сенiмдемiз.

Серiк ЖЕТПIСҚАЛИЕВ.

Мақаланың шыққан күні: 13.02.2018
Қаралым саны: 546
Сайтты сүйемелдеу: «Интегро компаниясы»
Яндекс.Метрика
Қаз Рус

Біздің сайтқа не арқылы кірдіңіз?