Көкшетау қаласының
ресми интернет-ресурсы
Ақан ауылындағы дүбірлі той «Алаштың алтын шаңырағы» этно-мәдени фестивалiнен репортаж

Осы топырақта ата-бабасының кiндiгi тамып, ит көйлегi жуылды деген азаматтар Ақан батырдың есiмi берiлген ауылға асыға жетiп, жақындары жүректерi дүрсiлдеп, қуаныштары қойнына сыймай, шетте жүргендерi туған-туыс, бауырларымен қайта қауышып, арқа-жарқа сәттiң куәсi болғаныма өзiм де шын қуандым. Менiң әкем де осы елдiң тумасы. Мәңгiлiк сапарына топырақ та осы жерден бұйырған. Қызмет бабымен көршi Жылымды ауылына көшiп кеткеннен кейiн де ат iзiн суытпай, апта сайын ағайындарына барып, бiздi де араластырып тұратыны туыстарымен тамыры үзiлмесiн деген ниет екенiн ендi түсiнiп жатырмын. Оған себеп болған Ақан ауылында өткен дүбiрлi той. Қарауылдың Шұңғыршасынан тараған ұрпақта есеп жоқ. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейiн осында жүр. Үлкендерi көзiне жас алып «шүкiр» дессе, балақандар кең жазықта асыр салып ойнады. Сол күнi жаңа мешiт ашылып, елдестерiн имандылық жолға ұйытамын деген азаматтардың ақ тiлегi қабыл болды. Ақмола облыстық мәдени басқармасының қолдауымен осы елдiң тумасы, айтыскер ақын, талай мәдени шаралардың бел ортасында жүретiн Құдайберлi Мырзабек тағы да азаматтығын танытты. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында «Алаштың алтын шаңырағы» атты этно-мәдени фестиваль ұйымдастырып, ауылдастарының алғысына бөлендi. Дәл мұндай қарақұрым халықтың басының қосылуы көптен берi болмаған құбылыс едi. Бәрiнiң жүзi жарқын, амандасып, қауқылдасқан жұрт. Танысып, бiлiсiп жатқан ағайын-тума. Аттар жарысып, асау үйретiлiп, көкпар тартылып, күресте балуандар белдесiп, асық ойналып, ақындар айтысқа шықты. Ақ шаңқан киiз үйлер құрылып, табақ-табақ ет тартылды. Әртiстер ән шырқады. Жастар мен балалар алтыбақанда тербелдi. Жарыс жеңiмпаздары марапатталды. «Ақ түйенiң қарны жарылды» деп атам қазақ осындайда айтса керек.

Ақан ауылына кiргеннен-ақ бұл жерде дүбiрлi дүрмек басталғанының куәсi боласың. Шойын жолды басып өтер жердiң бергi бетiнде «Алаштың алтын шаңырағы», арғы бетiнде «Туған жерiн сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елiн?» деген сөздер қарсы алады. Ары қарай өткенде ауылдың оң жақ қапталындағы кең жазықта қаз-қатар тiзiлген киiз үйлер «мен мұндалап» өзiне тарта жөнеледi. Тойға ағылып келiп жатқан халықта қисап жоқ. Көлiктерiн қоя-қоя салып, күмбезi күнге шағылысқан ақ мешiтке қарай асыға басып келедi. Негiзi бұл той Алланың жердегi үйiн ашумен байланысты ұйымдастырылды. Ал мешiтке Мұқыш Қадырұлының есiмi берiлдi. Тарихи деректерде 1870 жылы Мезгiл волосты, Шұңғырша ауылында туған деген жазбалар бар. Мұқыш молда Науан Хазiретпен бiрге осы өңiрде дiндi насихаттап, нәрiн сепкен жандардың бiрi. Сол үшiн қудалау көрiп, абақтыға жабылған. Мұқыш Қадырұлының ұрпағы да патша өкiметiнiң жаналғыштары тарапынан талай теперiш көрген. Сондықтан бұл азаматты Алаштың бiр арысы деуге әбден болады. Ауыл адамдары да бұл шешiмдi мақұл көрiп, Алланың жердегi үйiне осы азаматтың есiмiн беруге келiсiмiн берген.

Қазақстан дiни басқармасының Ақмола облысындағы өкiл имамы, Науан Хазiрет мешiтiнiң бас имамы Қуаныш имам мен осы мешiт құрылысында басынан аяғына дейiн жүрген ауыл тұрғыны Жанарбек Айтышұлы лентасын қиды. Осы аумақтағы 8 зираттарға зиярат етiлiп, бақилық болған ақандықтарға құран бағышталды. Талайлы тағдырды басынан өткерген, бөлiнiп кеткен, алыс жүргендер атынан Амангелдi Садырбеков сөз алды. Алыс-жақын ағайындар, iргетасын қаласып, көтерiсуге көмек қолын созған азаматтар, демеушiлердiң бәрiне алғыс бiлдiрiлдi. Шапан жабылып, ат мiнгiзiлдi. Осы шараға ат терлетiп жеткен Мәжiлiс депутаты, Ауған соғысының ардагерi Бақытбек Смағұл да толғана сөйлеп, жиналғандарды рухты өлеңiмен бiр серпiлттi. Қимадағы Шұңғырша әулетiнiң бес ауылы атынан да өкiлдер сөз алды.

Одан ары қарай дүбiрлi той ақ шаңқан киiз үйлер маңында жалғасын тапты. Әр киiз үйдiң төбесiне ұрпағы өз атасының есiмiн жазып қойыпты. Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң жетекшiсi, осы елдiң тумасы, айтыскер ақын Құдайберлi Мырзабек өзiнiң қызметкерлерiмен бiрлесiп «Алаштың алтын шаңырағы» этно-мәдени фестивалiн бастап та кеттi. Алдымен ақындар айтысқа шықты. Айнала отырған жұртшылық та арқаланып, өлеңнен өрнек түзгендерге қолдау бiлдiрiсiп, отырды. Айтыстан қостанайлық жас ақын Тоба Өтепбаев бас жүлденi қанжығасына байлады. Өзге ақындарға Мәмбетәлi Сердалин, Көкен Шәкеев, Шәймерден Қосшығұлов, Еркiн Әуелбеков атындағы жүлделер мен осы ауыл азаматтары тiккен сыйлықтар берiлдi.

Боз кiлемде белдескен балуандар күресi де қызықтырды. Көпшiлiктiң қолдау-қолпаштауына әсiресе, Ақан ауылының бiлектiлерi ие болды. Дегенмен талай додаларда топ жарған Аккөлдiк Леонид Станеевке тең келетiн балуан болған жоқ. Бас жүлденi осы жiгiт қанжығасына байлады.

Ең қызықты, әрi делебенi қоздырғаны — асау үйрету едi. Аттың жалына жармасып өскен жүректiлер ортаға шықты. Қоршаудың сыртында тұрған көпшiлiк 5 асауға құрық салып, жуасыта бiлген жiгiттердiң батылдығына риза болысты. «Қолына найзасын берiп, жорыққа аттандыратындай нағыз батырлардың ұрпағы екен»,– дестi тамсанып. Солардың арасынан Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қарабұлақ ауылынан келген Ерасыл Диқанбай: «Қабанбай батырдың атының тұяғы тиген қасиеттi Алакөл өлкесiнен келген едiм. Өткен жылғы «Астана жұлдызы» республикалық турнирiнiң күмiс жүлдегерiмiн. Бала жасымнан асау үйретiп келемiн»,–дейдi тақымы мықты бозбала.

Көкпарда бәйгенi қолдан бермеген жiгiттер, ат жарыста да жүйрiктерiн жолға салды. Тай жарыс пен ауылдағы мiнiс аттар жарысы, аламан бәйгеге ұласты. Төрт айналымды оңай еңсерген тұлпарлар желмен жарысып, дуылдасқан жұрттың дауысы жер жаңғырып, аспанның шаңы аспанға шыға, суырылып алға шыққандары бәйгенi қолдан бермедi. Бас жүлдеге — ат, екiншi орынға — қара мал, үшiншi орынға — қой тiгiлдi. Елтайлық азамат Нұрсұлтан Жүсiпалин нағыз шабандоз екенiн танытты.

Дүбiрлi тойдың қызығы күн батқанша тарқамады.

Мақаланың шыққан күні: 07.08.2017
Қаралым саны: 261
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

г.Кокшетау, ул. Ауэзова 141

8 (7162) 29-78-00

8 (7162) 29-78-66

akimkokshe@akmol.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-78-23, 29-78-24

@2017 «Көкшетау қаласының ресми интернет-ресурсы» ММ
Разработка сайта: Компания Интегро